"Үш мың адам далада жатыр": Сарыағашта не боп жатыр?
2020 ж. 09 шілде
3020
0
Түркістан облысының “Жібек жолы” кеден бекетінде үйіне қайта алмай тұрған өзбек және тәжік азаматтарының саны үш мыңға жетті. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа сілтей отырып жергілікті басылымдар хабарлады, деп жазады "Азаттық".
Өткен аптада Азаттық Сарыағаш ауданындағы “Жібек жолы” бекетінде екі мыңға жуық өзбек және тәжік азаматы тұрғанын хабарлаған. Олардың басым бөлігі – Қазақстанда жұмыс істейтін еңбек мигранттары. Олар өткен айдан бері шекарадан өте алмай тұр. Коронавирус пандемиясына байланысты наурыздың соңында шекарасын жапқан Өзбекстан келген азаматтарды 14 күнге жатқызатын карантин орталығында орын жоқ деп, азаматтарын кіргізбеген.
Қалқамановтың сөзінше, өткен аптада Өзбекстан тарапы күніне 200-300 адамнан өткізіп тұрған. Ал Сарыағаш ауданының әкімдігі еріктілер мен демеушілердің қолдауымен еліне өте алмай тұрған азаматтарды азық-түлікпен және сумен қамтамасыз етіп отыр. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, жергілікті биліктің шетел азаматтарын коронавирусқа тексеру мүмкіндігі болмағандықтан, полиция олардың “ешқайда кетіп қалмауын” қадағалап тұр.
"Ол жерде 20 полицей тәртіпті сақтап, күзетіп тұр. Әзірше бәрі бақылауда" деп келтірді Қалқамановтың сөзін Tengrinews.
Әлеуметтік желілерде жүздеген адамның жерде жатқаны бейнеленген суреттер жарияланды. Сипаттамада суреттің Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында түсірілгені жазылған.