Шымкентте жоғары сапалы ортопедиялық өнімдер шығарылады
2020 ж. 08 шілде
906
0
Шымкенттік «Марай Е7 Групп» компаниясы еліміздің барлық емдеу мекемелерінде сұранысқа ие жоғары сапалы инновациялық ортопедиялық өнімдерді шығарады. Кәсіпорын ортопедиялық және травматологиялық өнімдерді шығару саласында импортты алмастыруға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кәсіпорын директорының орынбасары Ғалымжан Таласовтың айтуынша, «Марай Е7 Групп» компаниясы 2017 жылдың қаңтарында инвестициялық-өндірістік жоба аясында жүзеге асырылған.
Бүгінде компанияда 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Өнім сапасына ерекше назар аударылатын кәсіпорында барлық өндірістік процестері, жеткізілетін шикізат пен материалдар, дайын өнім мен адам ресурстары, температуралық режим мен қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау мәселелері ISO 13485 халықаралық стандартының сертификатына сәйкес қатаң бақыланады.
Бүгінде компания өнімдері Қазақстанның емдеу мекемелерінде кеңінен қолданылып келеді. Мұнда жоғары технологиялық полиуретанды ортопедиялық бинттерден, шиналардан және иммобилизациялайтын «Marai» медициналық бұйымдары мен гипс бинті шығарылады.
Жылдық өнім көлемі - 500 мың ортопедиялық бинт пен 224 мың қорап Splint ортопедиялық шинасы, 50 мың руллон қорап Roll Splint ортопедиялық шинасы. Дайын медициналық өнімге көршілес елдер де қызығушылық танытып отыр.
Ортопедиялық өнімдерді шығару бойынша зауыт Оңтүстік Корея компаниясымен серіктес. Өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастың арқасында зауыт мамандары Оңтүстік Кореяда білімін жетілдіріп келген. Кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға көп көңіл бөлінген. Басшылық сыртқы оқудан өтетіндерге қосымша ақы төлейді және біліктілікті арттыру және қауіпсіздік техникасы жөніндегі курсты қаржыландырады. Зауытта негізінен заманауи үлгідегі жабдықтар орнатылған.
Мұндағы процестер ішінара автоматтандырылған. Шикізат пен материал сапасын қамтамасыз ету үшін кәсіпорында сапаны техникалық бақылау бөлімі мен зертхана да жұмыс істейді.
«Компанияның медициналық бұйымдары емдеу-жарақат бөлімшелерінде жоғары сұранысқа ие және лайықты бағаланып отыр. Кәсіпорын аллергия туғызбайтын, ісінбейтін, шашылмайтын және рентгендік диагностикаға кедергі келтірмейтін заманауи, сапалы, жеңіл жиналатын медициналық бұйымдарды шығарып келеді. Нәтижесінде кәсіпорында тапсырыс берушілердің саны күн санап артуда. Дайын өнімді негізінен отандық тұтынушылар пайдалануда. Сондай-ақ, алыс және жақын шетелдердің тұрғындары да тапсырыс береді»,- дейді Ғалымжан Таласов.