Қажымұқан ҒАБДОЛЛА: «Ұлттық рухы өлсе – қазақта қуат қалмайды...»

Осыдан үш жыл бұрын сонау Орал қаласынан Алматыға арнайы барып, сол кезеңде құрылғалы жатқан «Кеден Одағы» ұйымына қарсылығын білдіріп, бұл құрылымның зияны мен зардабы жайлы ұлт зиялыларына өткір ой, нақты тұжырымдарын ашық айтқан, ақырында, бір топ белсенді азаматтардың басын біріктіріп, «Қазақ Елі» Халықтық қозғалысын құрған ұлт жанашыры, республикалық «Қазақ Елі» саяси-қоғамдық газетінің бас редакторы, «Maidan kz», «Dat kz», «Інжу kz» интернет-сайттарының иесі әрі басшысы Қажымұқан ҒАБДОЛЛА өткен аптада  қашанғыдай қазақтың қым-қуыт та қатпарлы мәселелері хақындай ой бөлісті.

  – Қажеке, қазақ үшін былтырғы жылдың ақтаңдақтары тым көп болған сияқты... – Расынды, Жаңаөзен қасіреті – жабулы шөлмектің тығынын ашып жібергендей, шекарашылар мен қорықшылардың қайғылы оқиғаларының соңы Шымкенттегі әскери ұшақтың құлауымен ұласты. Бір жағынан, мұның бәрін кездейсоқтыққа жатқызғанымызбен, екінші жағынан, біздің шекара әскерлерінің ұлттық қауіпсіздігімізді қорғау қуатының қаншалықты дәрежеде екендігін айғақтаған секілді. Мен бұл жерде Арқанкергендегі немесе Шымкенттегі адамдардың қазасынан саяси ұпай жинағалы отырғаным жоқ, біз үшін ең маңыздысы – ұлттың қауіпсіздігі мен қазақтың мүддесі болуға тиіс. Польшаның бүкіл саяси басшылығы бір сәтте қаза болған ұшақ апатындай, бүтіндей бір әскери саланың жетекшілерінен айырылған мұндай жағдайлардың мүмкіндігінше алдын-алу керек. Ауа-райының жайсыздығы да қосымша әсер еткенімен, негізінен, бұл жерде адам факторы шашуші рөл атқарады... – Жылдың басынан шұғыл атқа қонып, Алматыда 26-қаңтарда «Қазақ Елі» халықтық қозғалысының «Ұлттық мемлекет құру» мәселесіне байланысты үлкен жиналыс ұйымдастыруларыңыздың себебі осы ма? – «Қазақ Елі» халықтық қозғалысы ұйымдастыру тобының жұмысын бастағанына бірнеше жылдардың жүзі болды. Бірақ, біз қозғалысты тіркемек түгілі, осы аттас қоғамдық қордың өзін тіркете алмадық. Еліміздің бірнеше облыстарында «Қазақ Елі» қоғамдық қорын тіркетіп жіберуге әрекеттер жасадық. Бір ғажабы, қандай шаруада болса да бейберекет, жағасы жайлауда жүргендей көрінетін мемлекеттік орындар дәп осы мәселеде аса жинақы, мықты құлақтанған, жақсы қаруланған болып шықты. «Қазақ» дейтін сөзі бар мәселе – он рет тексеріліп, жүз мәрте сүзгіден өткізіледі екен. Сонда «қазақ» сөзіне кенедей жабысып, қанын сорып, жібермей отырған өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің қара көз қазақтарымыз. Осыған қарағанда, қазір мемлекеттік қызметте өткен ғасырдың 37 жылдарындағы ұлтын сатқандардың ұрпақтары қаптап отырғандай көрінеді. Енді «ұлттық мемлекет құру» мәселесіне байланысты үлкен жиналысқа келсек, бұл жиынның ұйымдастырушылары Алматы қаласындағы бір топ ұлт белсенділері. Жалпы, басқосуды өткізу де, күн тәртібіндегі мәселелер де осы азаматтардың тікелей бастамалары. “Су да болар ол жолда, тау да болар, Жаудың оғы, жайған тор, ау да болар. «Мынау пайда, мынасы зиян демек», Ол ерліктің ісі емес, сауда болар...” – деп, ашынған арысымыз Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) айтпақшы, көптеген қиындықтарды артқа тастаған қозғалыстың Алматыдағы белсенділері биылдан бастап, таза ниетті – нақты шаралармен жалғастыруға бел шеше кірісті... – О баста «Қозғалысымыздың негізгі мақсаты – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТІН құру болатын» деп жария етіпсіздер, құлақтандыру хабарларыңызда... Оның үстіне: «Бұл жиынға бұрын саясатпен айналысқан, социал-демократиялық, либерал-демократиялық, халықтық-демократиялық, жалған ұлттық-патриоттық және т.б. ҚАЗАҚҚА жат идеялармен уланып қалғандар келмегендері дұрыс» – деп, ескерту жасапсыздар. Бұны қалай түсінеміз? – Ең алдымен, біздің еліміз унитарлы мемлекет болғандықтан, жердің бетінде «Қазақстан» деп аталын ел бар. Яғни, қожайын ұлттың атын иемденген мемлекет қазірдің өзінде «өмір сүріп отыр». Сондықтан, «Қазақтың ұлттық мемлекетін құру» дегенді – елімізді мейлінше қазақыландыруға бет бұру, деп түсінген дұрыс. Бір күннің немесе жалғыз түннің ішінде ешкім басқа ұлттарды ауа көшіріп, қазақ топырағынан аластатқалы отырған жоқ. Екіншіден, бұл жиынға – өзін шынайы ҰЛТШЫЛ ретінде тани алатын, ҰЛТЫНЫҢ болашағына шын жаны ашитын, осы мәселе бойынша айтатын ойлары бар азаматтар, әсіресе, жастар жағы көбірек қатысса, деген ниетті басымырақ айтап отыр, алматылық әріптестеріміз... – Сонда аталған аламан жиылыстың басты мақсаты не? Нақты атқарар шаруасы қандай нәтиже бермек? – Тағы да қайталап айтайын: жалғыз жиналыспен мемлекет те құрылмайды, мәселе де түпкілікті шешімін таба қалмайды. Өз басым, сырқаттанып қалғаныма байланысты бұл жиылысқа қатыса алмаймын. “Қазақ елі” қозғалысының Нағашыбай Есмырзаев бастаған Алматыдағы белсенді жігіттері ұлтшыл азаматтардың басын қосып, ақылдасып-кеңеспекші. Әрине, қашанғысындай арандатушылар да табылуы мүмкін. Дегенмен, қол қуысырып отыра беруге де болмас... – Әрине, әрекет керек-ақ. Бірақ, кезінде танымал журналист атанып, кейінірек діншіл-шенеунік дәрежесінде білім қуып, шекара асқан Ғалым Боқаш дейтін қазағыңыз таяудағы бір сұқбатында: «...Постсоветтік кезеңдегі «қазақ ұлтшылдығы» мен «қазақ ұлты» деген ұғымға сипаттама берудің өзі қиын. «Қазақстандық» деп аталса да, «қазақ» деп аталса да, түптің түбінде бұл атау «азаматтық ұлттың» сипаттамасы болады-ау. Бұл жерде мынадай компромисс жасалуы мүмкін – «қазақ», я «қазақстандық» азаматтық ұлт ретінде құрылсын, бірақ, унилингвализм норма ретінде қабылдансын, яғни, бір ғана тіл – қазақ тілі біржола үстемдікке ие болсын. Мұндай келісімге жету үшін Қазақстан қоғамына ең әуелі либералдық-демократиялық құндылықтар сіңуі керек, сосын, қазақ тілін қолдану аясы кеңуі керек. «Азаматтық ұлттан» шошитын ештеңе жоқ. Ол дәстүрлі қазақ қоғамында бұрыннан бар «ел» ғой. Яғни, саяз ұлтшылдық – терең елдікке жол береді деген сөз. ХV ғасырға дейін түркі-моғол еліне кім сіңбеді, ХV ғасырдан бері қазақ еліне кім сіңбеді?..» – деп, аттың басын жіберіп, көсілтіп жіберіпті... – Ғалымның бұл сұқбатына менің де көзім түсті. Сол себепті, Боқаштың өз сөзімен жауап берсем деймін. Бір сөзінде Ғалым былай депті: «Қазір «Еуропадағы қазақтар» деген – құрамы ала-құла әлеуметтік топқа айналды ғой – қашқан олигарх, сасқан әкім, түңілген ғалым, жұмыс іздеген жас, қарасы қалың студент деген сияқты...» Қазақтың қашанғы әдеті ғой: біреуді мақтаса, аяғын жерге тигізбей, «періште» жасауға тырысатын... Соңғы 1-2 айдың көлемінде Ғалым Боқаштың өз басы, қызметі, шығармашылығы туралы пиар-мақалалар жиілеп келеді. Бәлкім, бұл – Ғалекеңнің елін сағынып, қайтуға жасаған әрекеті шығар. Әлде, бір замандағы Қазақстан телеканалында, сосын, Алматы қаласы әкімінің орынбасары кезіндегі жіберген қателіктері үшін «кешірім сұрауы» ма, кім білсін... Қалай болғанда да, елге қайту үшін де, лауызым иемдену үшін де – қасиетті дініміз бен ұлтымыздың мүддесін сатуға болмайды. Бәлкім, батыстың нашар менталитеті бойына жұғып кеттіп жүр ме (Қазақ: «Сыныптан басқаның бәрі жұғады» дейді), әлде, басқадай жағдай ма, білмеймін, кезінде терең діншіл болған Ғалекең лезде өзгеріп, солқылдап-былқылдап, «Азаматтық ұлт» дегенді айтып, ұлтшылдықты «саяз» санап, ХV ғасырдағы түркі-моғол елінің тарихына құлаш сермепті... Меніңше, мұндай тұжырым: не кешегі құлдық сананың сарқыншағы, не жаңа «ұлтсыздық вирусының» жұғуы. Үш ғасыр бодан болған қазаққа ес жиып, етегін жинауы үшін, алдымен, нағыз қазақтық қалпына келіп алуы керек. Кеше ғана көпті көрген Елбасы «түркі бірлігі» туралы тұшымды ой айтып, рухымызды асқақтатса; «өркениетті көріп, өрісі кеңіген шығар» дейтін жатта жүргендеріміз батыстық быламығын сапырып, «азаматтық ұлт» дейтін жаттанды ертегінің етегіне жабысады... Ғалым Боқаштың мысалынан мен уақыттың уыты мен жат елдік дәстүрдің адамның болмыс-өзегін өзгертіп, былжырақ-боркемік етіп, табиғатын талқандайтынын көріп отырмын... «Төңірекке сау ақылмен көз тастауды» әрқайсысымыз өзімізден бастағанымыз лазым... – Нағыз «Төңірекке сау ақылмен көз тастаудың» кезекті бір үлгісін таяуда адуынды ақынымыз Мұхтар Шаханов пен бір шоғыр зиялы қауым анық танытып, қазақтың руға бөлінуінің зардаптарына алаңдап, көпшілікке үндеу тастады.  Шынымен, мұның өзі аса қауіпті нәрсе ме? – Менің алыстан «азаматтық ұлт» деп алаңдаған Ғалым бауырым ренжімесін, көрдіңіз бе, әр үйдің өзіндік «құпиясы» болады. Майталман Мұқаң өте қауіпті сырқаттан қатты шошынып, руға бөлінудің соңы – орны толмас қасіреттерге тірейтінін туған халқына білдіріп, билікке меңзеп отыр. Әдебиетші-ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыздың тамаша сөзі бар: «Мен дүниедегі адамдардың барлығын «бай болса екен» деп тілеймін. Бірақ, мені «кедей екен» деп, кемсітпесе деймін. Мен дүниедегі адамдардың барлығын «әкім болса екен» деп тілеймін. Бірақ, «әкім екенмін» деп, «менсінбей кетпесе екен» деймін. Мен дүниедеге адамдардың барлығын «оқымысты болса екен» деп тілеймін. Бірақ, мені де «сауатсыз» дей көрмесе деймін...» Әрбір қазақ, ең алдымен, өзінің қазақтығын мақтаныш тұта білуі керек. Әрине, жеті атасын білсін, түбін-тамырын танысын, бірақ, белгілі бір рудан болғандығы – ешкімге не артықшылық болмайды, не кемшілік көрсетпейді... – Сіздің бұл тұжырымыңызбен билік пен байлықта белгілі бір жүздің немесе рудың өкілі болғандықтан, «үрлеп ішіп, шайқап төгіп», майлы жіліктің басынан ұстаған қазақ бауырларыңыз келісе қояр ма екен?.. – Қазақ елі тәуелсіздіктің 21 жылында қисапсыз қателіктер мен өзекті өртер өкініштерді басынан кешірді. Солардың бірі – өзіңіз айтқан рушылдық бөлінушілік. Мұны қазір қарапайым халық та, жоғарғы билік те айқын түсініп-мойындады. Қазақтың сабырлы да салиқалы, парасатты да пайымды қасиеттерінің көлеңкесінде руына деген айрықша көңілшектік жасырынып жатыпты. Бұл кемшілікке кезікпесек, мүмкін, қазір босағамыз мейлінше берік бекіп, еңсеміз ерекше асқақтап, күш-қуатымыз еселенер ме еді... – Ру мен жүзге бөліну болсын, басқадай бөле-жару болсын, қалай болған күнде де “бөлінгенді – бөрі жейді” ғой, қашанда. Әйткенмен, өркениет әлемінде көптен қалыптасқан саяси партиялар мен ұйымдарға бірігіп, жалпыұлттық мүддені мейлінше тиімді қолдап-қорғау тәжірибесі бар. Соңғы қазақ парламентіне сайлау кезінде үш партия өтті. Яғни “бізде де саяси әділ бәсекелестік орнады”, деп айтуға бола ма ? – Қатып-семген көп жылғы мұзтау қозғалды. Осының өзіне “шүкір” дейміз. Енді кезкелген саяси партия өзінің стратегиялық мақсаттарына жетуі үшін халықтың қолдауына ие болуға ұмтылатынын ескерсек, ақжолдықтар мен коммунистер қарапайым көпшілікпен тығыз қарым-қатынас орнатуға бар күш-жігерлерін сарқа жұмсаулары керек. Қазір аталған екі партияға билік тарапынан кедергілер жоқ, карт-бланш берілді, яки ерекше мүмкіндік туды. Ойлап отырсам, қазақ топырағында қазақтың ұлттық партиясын құруға талпыныс сонау 1917 жылдарғы орыс революциясының тұсында-ақ жасалды. Әйткенмен, әупірімдеп патша өкіметін құлатқан жаңа Кеңес билігі қулық-сұмдық пен зорлық-зомбылықтың мыңсан түрлерін аянбай қолданып, одақ ішіндегі барлық оппозициялық саяси ұйымдар мен партияларды түбегейлі жойып жіберді. Совет үкіметінің 70 жылдық әкімшіл-әміршіл билігі –тым қатал да екіжүзді әдіс-тәжірибесін коммунистік партия арқылы қазақтардың да санасына терең сіңіріп, болмысына біте қайнастырып жіберді. Бүгінгі қазақ та «Нұр Отаннан» басқа саяси партияға шекесінен қарауға дағдыланып алған. Бағдарламасы мен жарғысы бар, айқын мақсатты алға қойған, күрескер азаматтары топтасқан, белсенді бағыт ұстанған партиялар қоғам мен биліктің назарын халықтың әлеуметтік мәселелері мен өмірлік мұқтаждарына аударып, тығырықтан шығудың өзекті шараларын бірлесе талқылауды үдете түсетін сәтті кезең туды... – Ендеше, “Қазақ елі” қозғалысының – саяси партияға айналатын уақыты алыс емес, десеңізші... – Мәселе “партия” болғанда немесе “қозғалыс” атанғанда емес. Дәлірек айтсам, басты мақсат – бұл болмауы керек. Қазір бізде аты бар да, заты жоқ партиялар да көп. Солардың қызметінен жұртқа жарты пайыз жақсылық жоқ. Біздің ой-мақсатымыз – елдің атын алған ұлттың мүддесін алдыңғы қатарға шығару. Егемендіктің 21 жылдық кезеңі – аз уақыт емес, енді нақты іс-шараларға кіріскен абзал. Әрбір қадамды “жеті өлшеп, бір кессек” те, замананың ағымын ескеріп, шұғыл шараларды іске асыру – күн тәртібіне шықты... – Кешіріңіз, мен осы “ұлттық” дейтін сөзге кейде күмәнмен қараймын. Біз ең арғысы, 16 желтоқсанның өзін түсінбей дал болдық. Бұл мереке ме, әлде, аза тұту күні ме? – Қазақ қоғамының 16 желтоқсан жөнінде екіге жарылуын терең түсініп-түйсінемін. Бірақ, үш ғасыр қанымызды судай ағызып, әупірімдеп жеткен егемендіктің жолында, бодандықтың бұғауынан босау жолында талай тарландар мен ұл-қыздарымыз құрбан болып, кейде жаппай қырғын-сүргінге ұшырады. Алматы мен Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандар – қазақтың берекелі бүгіні мен баянды болашағы үшін, тәуелсіздігі тұрлаулы, еркіндігі ерен болуы үшін қаза тапқандықтан, қасиетті құрбандардың қатарында... Өз басым, қазақтың еркіндік мейрамына да қуанамын, қуанбауға қақым жоқ; құрбандарға да құран бағыштап, еріксіз мұңаямын; сосын, тәуелсіз күнімізге тәубе, деймін! Халықтың тәуелсіздігінің, қазақтың бостандығының, елдің еркіндігінің қадірі аса қымбат... – Расында, жақында орын алған қырғыз-өзбек шекарасындағы қақтығыс тәуелсіздіктің тұғыры туралы әралуан ойларға жетеледі... – «Бұзықтыққа бастаған бес бағана» туралы бүкіл әлем құлақтанып, досымыз күйініп, дұшпанымыз қуанып қалды. Бәрі электр желісін тартпақ болып, бес бағана орнатқан қырғыз шекарашыларының әрекетінен басталыпты. Қырғыз бен өзбектің ортақ шекарасы 1378 шақырымды қамтып жатыр. Бұл екі елдің арасында әлі 315 шақырымды анықтау міндеті тұр. Әйткенмен, біздің шығыстағы және батыстағы алып қоңсыларымыз бен батыстағы бәсекелестеріміз қалпақтарын аспанға атпай тұрып, өзбек пен қырғыздың қызуын басып, сабырға келуі қуантты. Түркі баласы өзара тату болуға тиіс. Әйтпесе, бізге ешкімнің шынайы жаны ашымайды, ретін тауып, иінін келтірсе, түтіп жіберуге әзір тұр... – Байқоңырдың айналасындағы түсінбестік турасында орыс билігінің талағы тарс айырылып, «түймедейден – түйедей» жасауы – «көп қорқытады, терең батырадыға» меңзегені ме?. – Дәп солай. Мен осы күнге дейін өз кемшілігін мойындаған бір орыс көргенім жоқ. Жақында Ресей басшысы В.Путинге «еңірегенде етегі толып» хат жолдаған Оралдағы казак басшысы туралы мақала жазып едім, енді ол «жаздым-жаңылдым» деп, қазақ халқынан кешірім сұраудың орынына, мені сотқа бермекші боп жүр екен. Сонда, күллі адамзат баласына интернет арқылы тараған «арыз хатты» жазып, қолын қойған кім?.. Ресей билігі өзінің зорлықшыл-зомбылықшыл сасық қадетінен ажырауы үшін біраз ғасыр керек. Баяғы ата-бабаларымыз: «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын» деген, қазір Калашников автоматының өзі аздық етеді. Әккі жауға – текті айла қолдану керек... Қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңі әлі жүріп жатыр. Итіс-тартыс, итірқылжың, бір алмағайып заманда аяқтан тік тұрып, ілгері қадам жасауың – үлкен сын, сынақ болып тұр. Iзеттiлiк, мейiрiмдiлiк, адамгершiлiк құндылықтарымызды тiлiмiзбен бiрге, өзiмiзге қайтарып, шұғыл да батыл шараларды қолға алуымыз керек. Тәуелсіз 21 жылда қазақтың шекаралық аумағы белгіленіп, іргесі мықтап қымталды. Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы – ауадай қажеттілік. Қазақ елінің қазақ дүниесі кемі 70 пайыздың шамасында. Бұл – тәуелсіздіктің арқасы әрі елдіктің арқауы. Тәуелсіздікке қуанбайтын адам – мәңгіген мәңгүрт, қасиетсіз көзқаман, жұрдай жетесіз шығар... – Мұныңызбен келісемін: тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Бірақ, осынау орамды қасиетімізге қол салғысы келетіндер де тым алыста емес, қасымызда жүр. Мысалы, «КУРС.kz» атты сараптамалық газетті білесіз бе?.. – Емеурініңізді түсіндім. «КУРС.kz» газетінде Анна Калашникова дейтін тілші Лев Гумилев орталығының директоры Павел Зарифуллин деген біреудің ауызымен Қазақстанның Кедендік Одақ пен Еуразиялық ынтымақтастық одағына мүшелігі туралы біздің яғни қазақ ұлтшылдарының қаупіне жауап ретінде: «Егемендіктен айырылу – тым қорқынышты емес. Оған бола кеңірдек жыртудың қажет жоқ» – деп сандырақтады...Қазақтың жауы қашанда қасында, ары кетсе, жардың астында ғой... – Жиырма жыл «жыр болған» қазақ тілінің аянышты ахуалы да қаққан қазықтай жылжымай қойды... – Өзіңіз білесіз, елордамызда қазақ сайттары редакторларының, жалпы интернет журналистикаға бейімделген ортаның: блоггерлер мен жоба авторларының тұңғыш конференциясы өтті. Мен бұған қатты қуандым. Қазір әлемдік баспасөз кеңістігінде Интернет журналистика құбылысқа айналды. Интернет журналистика дәстүрлі БАҚ-қа балама ақпарат көзі бола алатындығын аз уақыттың ішінде дәлелдеп үлгерді. Бұл салаға ғалымдар мен саясаткерлер, кәсіпкерлер мен ірі корпорациялар мейлінше мән беруде. Шүкір, қазақ тілді интернет кеңістігінің де ауқымы күн санап кеңейіп келеді. Аталған жиында қазақ тілді интернет кеңістігінің контенті мен сапа менеджменті, қазақ тілді сайттардың дизайны мен безендірілуі, IT терминдерін тиімді қолданудың тәсілдері, қазақ сайттарындағы латын қарпінің қолданудың аясы, қазақтың қазіргі журналистикасы мен қазақ интернет журналистикасы сияқты қадау-қадау, қабырғалы мәселелер талқыға салынды. Бүгінгі таңдағы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған сайын күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл енуде. Бұл үдерістен қазақтың тыс қалуы былай тұрсын, көшбасшылардың қатарында болуға ұмтылуы керек. Мемлекет басшысының: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Тіл – Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Сіздер біздің саясатымыз туралы - 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер. Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде.» – деген мәлімдемесі – әрбір қазақтың жүрегіне қуаныш ұялатып қана қоймай, әрбіріміз шын мәнісінде ұлтымызды сүйетін болсақ, батыл бастамалар мен қарымды әрекеттерге итермелеуге тиіс. – Айтпақшы, Қажымұқан аға, айып етпесеңіз, «әрекет» дегеннен шығады, әншейінде сіз әрекетшіл, белсенді едіңіз, Кәрішал Асановтың «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» дейтін мақаласынан кейін үнсіз қалғаныңыз қалай: мұныңыз айтарға сөз таппауыңыз ба, әлде, орынды сынға мойынсұнуыңыз ба? – Сіз қазір Кәрішал Асан Атаның жасының қаншада екенін білесіз бе?.. Атамыз қария жасына жетіп, кәрілік күндерін бастан кешуде... ...Ақпарат көздері таратқан Украина президентіне орыс елі басшысының тісін батырып: «Кедендік Одаққа өз ырқыңмен кірмесең – күнің қараң» дегендей сыңайдағы жағымсыз сөзіне менің жүрегім сыздап отыр еді, іңірде, ел ұйқыға бас қойған мезетте Қадір деген ағам оқыс телефон соғып, Кәрішал атаның мақаласын оқып терісіне сыймай отырғанын айтып, өзінің адуын мінезімен: «Осы бүгін түнде жауап жазбасаң болмайды» – деп, дегбір тапты. Мен Қадір ағама былай дедім: «Мен білетін Кәрішал ата Асанов – қай уақытта да өзіндік пікірі, өз жолы, өз шындығы бар адам. О кісі бес рет парламентке, үш мәрте Қазақстан президенті лауазымына ұмтылды. Ірі мемлекет пен қоғам қайраткерлері Борис Ельцинмен, Андрей Сахаровпен, Александр Солженицынмен сұқбаттас болған; Одақ көлеміндегі партия сардары Георгий Разумовский арнайы Кремльге шақырып, оңаша сөйлескен азамат. Қазақстан Ғылым академиясының қос президенті – Шахмардан Есеновпен және Асқар Конаевпен қоян-қолтық жұмыс істеген, Заманбек Нұрқаділов пен Мақсұт Нәрікбаевты оқытқан ұлағатты ұстаз, өзінің ұлы Болаттан тұңғыш қазақ гроссмейстерін тәрбиелеп шығарған рухы биік, жүрегі өжет тұлға. Алашқа арқау болған «Тәуелсіздік елесі» атты атышулы кітаптың авторы. Бірақ, осынау орасан ойлы, кеудесі жоғары жүйріктің Қажымұқан Мұңайтпасовтай майталман қазақ балуанының атына тіл тигізіп, есімін былғауы - не абайсызда арсыздың айтағына еріп кетуі немесе шын мәнісінде қуаты қайтап, қажып-қартаюы. Атамыз қазақ. «Күлсең – кәріге күл» демей ме, Қадір аға, кек тұтпаңыз, қарияны кешіре салайық!» – дедім... – Бұл екпініңіз бен дәйекті дәлеліңізден сау адам сырқатқа ұшырайды екен. - Сосын артынша Кәрішал атамен араласатын бүгінде халықтың арасында «Қазақтың Әділханы» атанып кеткен елге сыйлы ұлтшыл ағамыз маған хабарласып: “Қажымұқан балам, уайымдама, саған қарсы мақаланы жазған Кәрішал атаңның өзі емес” деді. Мен ол мақаланы оқыған кезде ақ оның солай екенін түсінген едім... - Тегінде, құлағдар жұрт Кәрішал Асановтың артында қой терісін жамылған қорқау бар, деп жүр ғой... – Қазір өзіңіздей өжет, сөздің сегіз қабаты мен тоғыз толғауын терең түсінетін жастар өсіп келеді. Талантты журналист Қарлыға ИБРАГИМОВА бір мақаласында: «Ақын-жазушылардан сөйлетіп жүріп ең жиі кездесетін жағдай – қаламгерлердің сөзі мен ісінің бірікпейтіндігі. “Тіл“ деп, “ұлт” деп шырқырап сұхбат беріп, «ел ағасымын» деп ел алдында жүрген ағаларымыздың әйелдерінің қазақшаға тілін бұрап, әрең икемге келтіретінін көрдік. Тіпті, кейбірінің ұрпағының дүбәра екендігіне көзіміз жетті. Тағы бір көңілді ауыртатын жағдай – дардай аты бар ақын-жазушыларымыздың әйелдерінің алдында елпең қағатыны... «Сұхбат алсам деп едім» деп, қаламгерлеріміздің шаңырағына қоңырау шалып жатамыз. Телефон тұтқасын көтеріп, тергейтін де жеңгелеріміз бар. «Кімсің? Не шаруамен? Қай газеттен? Не жөнінде? Қайда сұхбат алмақшысың?». Құдай-ау, күйеуінің шығармашылық адамы екенін, ел алдындағы азамат екенін, сұхбатқа болсын, басқалай шаруамен болсын, жұрт іздейтінін біледі ғой. Телефон соққан әрбір қызды тергей берсе, несі қалады деп күйеміз кейіп...» – деп ашына жазыпты. Бұл – өмірдің ащы шындығы. Өзін «ақын, жазушы, саясаткер, саяткер» деп атап, ауызын ашқанда үңірейген бос бөшкені көргендей күйге түсесің: адамгершілік жоқ, кісіліктен жұрдай, ар-ұятты білмейтін, намыс-жігерді көрмеген, тектілікті танымайтын қуыс кеудені жолықтырғанда, Абайдың әлгі «қайнайды қаның, ашиды жаның – қылықтарын көргенде» дегенін түсінесің... ...Орыстың атақты қызы Майя Плисецкаяның мынадай сөзі бар: «Қазақтың орысқа осылай итше байлануы, құлдығы, құлай берілгендігі, орыс тілін акцентсіз сөйлеуге тырысып, маймылдай құбылуы – қандай жиіркенішті, өкінішті, опасыздық...» – Қажымұқан аға, ділі мен діні бөлек орыстың қызы Майя Плисецкая осылай дегенде, қалың қазақтың қаймағын жеп, ортасынан өсіп-жетілген Ғалым Боқаш дейтін бауырымыздың «азаматтық ұлт» деп адасуына “жол болсын”?!. Негізі, «азаматтық ұлт» дейтін – қандай ұлт?.. – Мұның анық жауабын Ғалымнан сұрарсыз... Менің eсітуімше, Ғалым Боқаш – есті жігіт. Десе де, мен Ғалымның: «Қаңтарда дірдектеп, шілдеде шыбынмен жағаласып дәретке отырып жүріп, ауыл былай тұрсын, Астанаға газ жетпей жатып, «қайтсек қазақ боп қаламыз» деп толғанып отыруымыз – трагикомедиялық фарсқа ұқсап кетпей ме, қалай өзі?!.» – деген тұжырымының - туған қазағын не кекетіп-мұқату екендігін, не жаны ашып, жүрегі ауруы екендігін ажырата алмадым да, қабылдамадым да... Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқай да елден жырақ, қазақтан қашық жүрсе де, ұлтының ұлы мүдделерінен ауытқыған жоқ. Терең зият білім-білік, ұлтының тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – Мұстафа өмірінің мән-мағынасына айналды. Жалпы, Алаш идеясы – қазақ мемлекетінің қуаттылығын қолдап, қазақтың тұтастығының ұстанымы, тірегі, рухы болды. Ұлттық намыс, ұлттық рух, ұлттық сана ғана бізді сақтап келеді. Ұлттық рух өлсе, мемлекет қуатты бола алмайды. Біз бабалар аманатына қашанда адал болуға міндеттіміз. Елбасының: «ХХI ғасыр қазақтың алтын ғасыры болады. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз.» – деуі әсте тегін емес... – “ХХI ғасырқазақтың алтын ғасыры боладыдейтін сөз жақсы ғой, дегенмен, алтын ғасырдың мемлекеттік тұлғалары да ғасырына лайықты болса? – Ойыңызды түсіндім. Жақындағы қазақтың жоғарғы билігіндегі кадрлік өзгерістердің басым бөлігі жаңалық әкелмесе де, бұл тағайындаулардың қарапайым ой жүйесіне қабысатыны да, қабыспайтыны да бар. Қабыспайтыны – Бақытжан Сағынтаевтың “НұрОтанға” баруы да, қазір аймақтарды “жарылқайтыны” да қисынсыз. Өзіндік ой-пікірі мен саясаткерлік мінезі жоқ адам тек атқарушы ғана болып қала бермек. Екіншіден, Қырымбек Көшербаевтың салмағы мен беделі қазіргі үкіметбасы Серік Ахметовтан кем болмай тұрған жағдайда “екі қошқардың басының бір қазанда қайнауы” қиындау болған сияқты... Қабыспайтын екінші мәселе – Бауыржан Байбек. Кезінде “НұрОтанға” Б.Сағынтаевтың баруы – түсініксіздік туғызса, бүгін Б.Байбектің тағайындалуы – кекірігі азып, кекірейген нұротандықтардың арасына дүмпулі дағдарыс алып келді. Енді әр облыстың мүйізі қарағайдай беделді басшылары баланың алдында есеп беріп, естері шығатын жағдай туды. Мұның өзі биліктің басты партиясын – балабақшаның деңгейіне түсіріп жібергендей әсер қалдырды... Есті адамның парасатына қабысатын жаңа лауазымдар – Қырымбек Көшербаев пен Мұхтар Құл-Мұхаммед. Қырекең туған топырағына барды, көргені көп, тәжірибесі мол тұлға Сырдың жұртына жақсылығын аямас, деп үміттенеміз. Қазақтың ұлттық санасы оянуының жаңа белесінде Мұхтардың ақпарат салысының тізгінін қайта ұстауы құптарлық. Өйткені, Мұқаң ұлтшыл, батыл азамат. Қазір Кеден Одағы, Еуразиялық Ынтымақтастық Одағы секілді қисапсыз (құпия?!.) құрылымдардың құрылуы кезінде қазақ идеологиясында Мұқаңның отырғаны орынды көрінді. Алыстан аңғарғанымыз осы... – Аға. айтқаныңыз болғай! Жаратқан сол жарқын күндерге жеткізуге жазсын!

СҰҚБАТТАСҚАН: Айболат БӨКЕНОВ.

СУРЕТТЕ: (Солдан оңға қарай) Қажымұқан Ғабдолла мен Кәрішал Асанов. Алматы. 1999 жыл.