Індет жұқтырған саясаттанушы карантиннің қажет екенін айтты
2020 ж. 02 шілде
1191
0
Саясаттанушы Ерлан Сайыров карантиннің қажеттігін айтып, халықты сабырға шақырды, деп хабарлайды "Қазақ үні".
«Он күннен асты, ауырып жатқаныма. Бұл ауырудың алқымы ауыр. Менің ойымша, адамның санасын улап, күресуге деген демін сұлатуға тырысатын тәрізді. Ал енді, температура көтеріліп, сана уланып қалғанда, етіңді іріп жатса да, адам сүлейсоқ болады екен. Дәрігерлер түні жүріп, дәрі- уколын беріп, ұрсып жүріп, сананы оятып, алып шықты. Қазір өз жағдайым қалыпты. Жалпы, жағдай күрделі деп ойлаймын. Әлі де күрделене түсуі ықтимал. Бұл аурудың табиғатын түсінбей жатырмыз. Қоғам қатігездене түссе, жақсыға сенбесе, бұл қызылкөзің өршелене түседі. Мен де бес күнде көрмегенді көрдім, неше түрлі ауыр елес болды. Бір жіпсіз жақсыға деген сенім алып шыққан тәрізді» деп жазады Ерлан Сайыров Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, барынша сабырлы болған дұрыс. Бір-бірімізді сыйлап, мейірімге баулу керек. Бұл зұлматты әрқайсысымыз жеке жеңе аламыз. Ол жеңістің аты - сабыр, өзіңді өзің күту, басқаның денсаулығына зиян жасамау.
«Дәрігерлерге, әсіресе, кіші медперсоналға рахмет! Медсестра, санитар жігіттер нағыз батыр. Күні-түні ұйқы жоқ, жүгіріп жүргені. Барша достарыма рахмет. Өтініш, пиғылды түзейік. Вакцинадан басқа кілтипан да бар. Кілт сол жақта болуы мүмкін.т Ұжымдық жауапкершілік және иммунитетті нығайту маңызды» деп түйіндеді сөзін саясаттанушы.