Елбасы мерейтойын өткізу үшін… шенеуніктер аштық жарияласын!..

3
795

Оған әрине, Әбіш, Әзілхан, Олжас және Мырзатайлар қосылатынына бек сенемін.

 Хош, сонымен Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы 70 жылдық мерейтойын атап өтуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Өте орынды қадам деп білеміз. Ел жақсы қабылдап жатыр.

                Біздің Асекең де, Мусинді айтамын, қызық. Шығыстың боранында тікұшақ апатқа ұшырап, Қызылағашта қырғын болып жатқанда Елбасыға «Сіздің 70 жылдығыңызды тойлайық» дегені несі екен? Президенттің шарт кеткені де сондықтан шығар…

                 Ал енді шенеуніктер не істеу керек? Президентті мерейтойын өткізуге қалай көндіру қажет? Осы жерде өз тәжірибемнен  министрлер мен әкімдерге ақысыз бір кеңес берсем деймін. Бәрі жабылып, аштық жарияласын!

          Оны әрине, Президент әкімшілігі басшысы Аслан Мусин бастағаны дұрыс болады. Оған кешегі ақтөбелік Байдосов пен нұротандық Дархан Қалетаев қуана-қуана қосылады. «Нұр Отан» партиясының төрағасының орынбасары Нұрлан Нығматуллин де, Үкімет басшысы Мәсімов те бұл акцияның басында болады деп білемін.

          Әрине қаламгерлеріміз де қарап қалмас. Алдымен Әбіш, Олжас, Мырзатайлар мен әртіс Досхан,  сенатор Ғарифолла Есім, тіпті Перуашов та  бұл шараны белсене қолдаса керек.

            Күніне қанша шенеунік аштық жариялауға қосылғанын «Егеменде» өзі де аштық жариялауда алдыңғы сапта болатын Сауытбек Әбдірахманов күнделікті жариялап отырсын. Бұны нұротандық және мемлекеттік басылымдар түгел қолдайтыны анық. Ал қалам мен мәдениет қайраткерлерінің тізімін «Қазақ әдебиеті» газеті жариялап тұратыны белгілі. Бұған «Хабар» мен «Қазақстан» және бүкіл жергілікті БАҚ қосыла шапса, бір нәтижесі болатыны анық. Аштық жариялаудың нағыз жарысы қызып, кейбір шенеуніктердің тіпті аштан өліп кетуге дейін баруы ғажап емес. Оларға енді Әзілхан Нұршайықов: «Көшеде бостан-босқа аштан өліп қаласыңдар» деп тегі айтпаса керек. Өйткені өзі де аштық жариялаушылардың батагөйі болып, қатардан қалмайтыны анық.

           Сонда ғана Елбасымыздың беті бері қарап, «ел үніне» құлақ түруі мүмкін. Ал шынында да осы аштық акциясы нәтижелі болып, Президентіміздің 70 жылдығын жемісті жетістіктер аясында көтеріңкі көңіл-күймен тойлап жатсақ, «Жас қазақ үні» газетінің де еңбегі еленбейқалмас деп үміттенеміз.

           Ел тыныш, Елбасы аман болсын!

Қазыбек ИСА

3 ПІКІРЛЕР

  1. Президент мерейтойына дайындалып, Елбасыны «тыңдамайтындар» тізімін де жасау қажет. Ең бірінші Ертісбаев шығар…

  2. Мынау бір жақсы бастама екен. Мұны дереу Президент әкімшілігіне жолдау қажет. Уақыт аз қалды. Аштық жариялағандар түгелдей «ҚР І-ші президенті» орденімен марапатталатын болсын.

  3. Елбасының мерейтойын өткізу үшін аштық жариялауды алдымен лжепарламент бастайтын шығар… Өйткені олардың 90 пайызы депутат болғандары үшін Президентке қарыздар. Оларды ел сайлаған жоқ, Елбасы «тағайындады». Олар халық сайлаған, бірақ Ақорда өткізбеген 90 пайыз өзгелердің орнында ұялмай отырғандар. Сұлтанбек.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз