Нұртілеу Иманғалиұлы: Журналистиканы зерттейтін ғылыми орталық құру керек
2020 ж. 29 маусым
2378
0
Бәрекелді, әріптестер! Жылына бір мәрте абыр-дабыр болып, берекеміз кіріп, еленіп-ескеріліп қалатын журналистер күні мерекесімен құттықтаймын! Меніңше, біз кешегі «төртінші билік» деген статустан ада қалсақ та, журналист бүгін әлі де өзінің «қоғамның барометрі» деген атауын жоғалта қойған жоқ. Бір жағы күмән, бір жағы тұман, ұры-қары, бетсіз біткен жаппай байлыққа кенеліп, тексіз біткен төрге озған мына қуаяқ заманда мұхитты дауылға жиі ұшырап қала беретін біздерді, журналистерді бағалау критерийлері (тетіктері) де ала-ғұла. Ұяты бар деген аға-інілеріміздің бір парасы ұятсыздар ұстанған жолға түсіп, солардың ойын-тәртібімен келіскендіктерін өмір сүру салтына ұялмастан айналдырып алды. Сұмдық болса да, осы шындық. Сөзден қадыр қашты, адамнан ұят безді. Кім көрінген телевизияның төріне ұмтылды, газет таралымы үлкен проблемаға айналды. Кітап оқылмайды, бірақ көп басылады. Журналистикаға қатынасы жоқ, алайда оның қуатын білетіндер бұл киелі мамандықты кәсіпке айналдыруға барын салуда. Біз журналистика мамандығын таңдамаймыз, мамандық бізді таңдайды деген қасиетті ұстаным адыра қалды. Ал, нағыз журналистика ұлттық санаға әсер етсе керек-ті. Ол сол ұлттық сананы не биікке көтереді, не құлдыратады. Бір мысал: Ұлыбританияның Оксфорд Университеті жанындағы Орталық Азияны зерттеу ғылыми орталығы мен Франциядағы Сарбона Университетінің ғалымдары бірігіп, 1985 жылы ХХ-ғасыр басындағы мерзімді қазақ бапасөзі туралы жаза келіп, Алаш зиялылары мен «Қазақ» газеті қазақ қоғамында мәдени төңкеріс-мәдени ренессанс жасады деп бағалаған екен. Ресейде де, кешегі кеңестік кездегі біліктілікті жетілдіру институты бүкіл орыс телеарналарының стратегиясын анықтайтын академиктер мен профессорлардың басын қосқан ғылыми орталық болып қайта құрылды. Ал, біз ХXI-ғасырда тәуелсіз елімізде неге өзіміздің журналистиканы зерттеп, зерделейтін, таразылайтын ғылыми орталық құрмаймыз. Әлемдік журналистиканың тенденцияларын таразылап, озық үлгілерін әкелетін ұлттық журналистиканың ерекшеліктерін бағамдайтын, сөйтіп ғылыми көзқарас қалыптастыратын, оның өсіп-өнуіне әсер ететін ғылыми орталық керек екені анық. Ол Үкімет қасынан жоқ дегенде біздің министрлік жанынан құрылғанда ғана діттеген дәрежеде жұмыс істейді. Қалай десек те, бүгінгі қазақ журналистикасы өзінің ұлтына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қазіргі заманның жетік технологиясымен қал-қадірінше қаруланған, мемлекетіміздің рухани ұстынын ұстап түрған, қоғамдық сананың қозғаушы күші. Бірақ, өкінішке қарай, біздің сала ғылыми айналымға толық түспей тұрған институт. Егер, алда-жалда осы арман-тілектің таңы ата қалса, журналистикаға тікелей байланысты көптеген проблемалар өзінен-өзі күн тәртібінен түсіп қалар еді. Міне, сонда мемлекеттік деңгейде ұлт қадырын қайтару процесі жылдамдар болар. Ал, қадыры мықты халық ешқашан өтірік айтпайды, қылмысқа бармайды, жемқор болмайды, Отанын сатпайды. Міне, сонда журналистиканы өнер дәрежесіне көтерген кешегі Әзілхан, Камал, Шерхан, Совет, Сейдахмет, Оралхан ағаларымыздай, бүгінгі Жанболат, Несіп, Қайнар, Әлімжан, Бауыржан (Омар), Нұртөре, Қали, Ләззат (Танысбай), Ринат, Серік (Жанболат), марқұм Бейсен, Серік (Әбікен), Рахымжан (Өтеміс) т.б. тұлғалар қатары әлдеқайда көбейіп, мықты мектеп қалыптасары сөзсіз. Міне, сонда қайбір өткен мәселеге байланысты ашық, анық, нақты пікір айтарымызда ұят болады, ұят болады деп, сол ұяттың өзінен ұят болмаса еді. Міне сонда, қоғамда бәрекелді дейтін ірі орта қалыптасар еді. Десек те, ашық, анық, армандауға болатын қоғамда өмір сүріп жатқанымызға да шүкір! Бүкіл әлемнің ішін тартқызып, адамзатқа үрей үйірген, түсінікті де, түсініксіз бүгінгі індет кезінде дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріндей қалтқысыз қызмет жасаудың үлгісін көрсеткен журналистер армиясын өзінің төл мерекесімен шын ықыласпен, ақ ниет, нұр тілеумен құттықтаймын. Табыс тілеймін! Намыс қалдырмасын! Мерекеміз берекеміздің бастауы болғай! Тағы да ББҚБ (Бәріміз бай-қуатты болайық)!
Нұртілеу Иманғалиұлы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі
Дереккөз: Қазақпарат