"Қазақ үні" журналисі "Ақпарат саласының үздігі" атанды

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған онлайн-марафон барысында ақпарат саласының үздік мамандарын марапаттады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 22 маусымдағы  №.199 бұйрығына сәйкес, "Ақпарат саласының үздігі" төс белгісімен бірқатар журналист марапатталды.

Аталмыш марапатқа ие болғандардың қатарында "Қазақ үні" республикалық газетінің орыс редакциясының меңгерушісі, ұзақ жылдар бойы елдегі өзекті тақырыптарға қалам тербеп жүрген журналист Дастан Елдес те бар.

Сондай-ақ, төсбелгімен облыстарда бірқатар сала маманы марапатталуда. Олардың арасында отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан, еңбек өтілі 30 жылдан асқан шын кәсіби мамандар бар. Мереке қарсаңында БАҚ-тың 55 өкілі ерекше төсбелгімен марапатталды.