Астанада Қаныш Сәтбаевқа қашан көше атауы беріледі?

    Қазақ елі тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміздің мәдени-әлеуметтік саласында қыруар жұмыстар атқарылды. Әлі де ат­қарыла бермек. Әсіресе, Астана қаласындағы көше атауларының қазақылануы ел егемендігінің жемісі емес пе? Қазақ халқының ұлы ғұламалары, жер-су атау­лары көше атауларын иеленуі тарихымызды жаңғыртып, кө­ңілге мақтаныш сезімін ұяла­тады. Дегенмен әлі де «Әттеген-ай» дейтін жағдайлар да жоқ емес. Сондай жайлардың бірі қазақ халқының біртуар ұлы, ұлы перзенті Қаныш Сәтбаевтың атына Астана қаласынан бір кө­шенің бұйырмауы ойлантарлық жағдай. Қазақстан геологтары ғы­лы­ми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғы­лымының негізін салушы, гео­логия-минералогия ғылым­да­рының докторы, академик, Қа­зақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі, әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академия­ла­рының академигі, қоғам қайрат­кері, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лау­реаты атанған Қаныш Сәтбаев қазақ ұлтының мақтанышы емес пе? Қаныш Сәтбаев Жезқазған кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның металлогендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірген. Ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгіз­ген. Жезқазғанды ірі мыс кен­тасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор бол­ды. Минералдық шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай және басқа да аймақтарды ерек­ше назар аударып зерттеген Қ.Сәтбаев болатын. Жезқазған-Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорға­сын кендерін ашқан. Қ.Сәтбаев Қарағандыда металлургиялық зауыт салуда, Қостанай, Алтайда темір және марганец, Қаратау­дың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі ны­сандарды игеруге, Ертіс-Қара­ғанды каналының қазылуына, біраз ғылыми-зерттеу институт­тарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді. Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғаламына Ұлыбрита­ния­ның экс премьер-министрі У.Чер­чилль мырза, қалжыңдап: «Барлық қазақтардың тұрпаты сіз сияқты алпамса ма?» деп сұ­рапты. Сонда академик Қ.Сәт­баев «О, жоқ, Черчилль мырза, халқым менен де еңселі» деп жауап бергені бүгінгі жас ұр­пақ­тың бойына ұлтжандылық қа­сиеттерді сіңіретіні сөзсіз. Ұлы Қаныш тағдыры-ел тағ­дыры. Сәтбаев ғұмыры-қазақ зиялыларының ортақ ғұмыры. Ендеше, сол ғұмырды жете біліп, ғибрат алу-үлкенді-кішімізге мұ­рат болғай! – деп жазады қырық жылдан астам уақытын Қаныш Сәтбаевтың ғұмыр жолын айшықтауға арнаған жа­зу­шы Медеу Сәрсеке. Ғалымның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткенін білеміз. Елбасымыз Н.Назарбаев «Қаныш шыққан биікке әлі қазақ баласы жеткен жоқ» деп әділ бағасын бергені де есімізде. Олай болса, бүкіл өмірін елінің игілігі жолында сарп еткен ұлтымыздың ке­мең­гер перзенті Қаныш Сәтбаевтың атына Астана қаласының көр­некті жерінен көше беру кезек күттірмес мәселе. Ендеше, құ­зырлы орындар ұлтымызға сын боларлық бұл мәселені оңтайлы шешер деген үміттеміз. Ернұр Омарханов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қазақ тілі мен әдебиеті зертханасының аға ғылыми қызметкері