Астанада Қаныш Сәтбаевқа қашан көше атауы беріледі?
2013 ж. 28 қаңтар
3773
4
Қазақ елі тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміздің мәдени-әлеуметтік саласында қыруар жұмыстар атқарылды. Әлі де атқарыла бермек. Әсіресе, Астана қаласындағы көше атауларының қазақылануы ел егемендігінің жемісі емес пе? Қазақ халқының ұлы ғұламалары, жер-су атаулары көше атауларын иеленуі тарихымызды жаңғыртып, көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Дегенмен әлі де «Әттеген-ай» дейтін жағдайлар да жоқ емес. Сондай жайлардың бірі қазақ халқының біртуар ұлы, ұлы перзенті Қаныш Сәтбаевтың атына Астана қаласынан бір көшенің бұйырмауы ойлантарлық жағдай.
Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі, әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты атанған Қаныш Сәтбаев қазақ ұлтының мақтанышы емес пе?
Қаныш Сәтбаев Жезқазған кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның металлогендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірген. Ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізген. Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды. Минералдық шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай және басқа да аймақтарды ерекше назар аударып зерттеген
Қ.Сәтбаев болатын. Жезқазған-Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашқан. Қ.Сәтбаев Қарағандыда металлургиялық зауыт салуда, Қостанай, Алтайда темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді. Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғаламына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль мырза, қалжыңдап: «Барлық қазақтардың тұрпаты сіз сияқты алпамса ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, халқым менен де еңселі» деп жауап бергені бүгінгі жас ұрпақтың бойына ұлтжандылық қасиеттерді сіңіретіні сөзсіз.
Ұлы Қаныш тағдыры-ел тағдыры. Сәтбаев ғұмыры-қазақ зиялыларының ортақ ғұмыры. Ендеше, сол ғұмырды жете біліп, ғибрат алу-үлкенді-кішімізге мұрат болғай! – деп жазады қырық жылдан астам уақытын Қаныш Сәтбаевтың ғұмыр жолын айшықтауға арнаған жазушы Медеу Сәрсеке. Ғалымның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткенін білеміз. Елбасымыз
Н.Назарбаев «Қаныш шыққан биікке әлі қазақ баласы жеткен жоқ» деп әділ бағасын бергені де есімізде. Олай болса, бүкіл өмірін елінің игілігі жолында сарп еткен ұлтымыздың кемеңгер перзенті Қаныш Сәтбаевтың атына Астана қаласының көрнекті жерінен көше беру кезек күттірмес мәселе. Ендеше, құзырлы орындар ұлтымызға сын боларлық бұл мәселені оңтайлы шешер деген үміттеміз.
Ернұр Омарханов,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім
академиясы қазақ тілі мен әдебиеті
зертханасының аға ғылыми қызметкері