Атыраулықтар Елбасыға зор денсаулық тіледі

Аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қашан да қазыналы қарттардың орнын төр деп көрсетіп, қыдыр пейілді қарияларға қолдау жасап жүргеніңізге – ел куә. Әркез адал пейіліңіз бен ақ ниетіңізді аямай келесіз. Тілектестік танытасыз. Ал, бүгінгі күні өмірдің ыстық-суығына шыңдалған, тәуелсіздігіміздің шырақшысындай ардагерлердің сізге тілеулестік танытады. Дүйім жұртты дүрліктірген дерттің сізге жеткені жайлы хабарды қынжыла отырып қабылдадық. Аға ұрпақ өкілдерінің атынан сауығып кетуіңізді шын жүректен тілейміз! «Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» дегендей, әлемдік пандемияның сіздің тегеурінді мінезіңіз бен темірдей төзімділігіңізге төтеп бере алмай, тойтарыс алары анық. Оның үстіне миллиондаған халықтың өзіңізге де жанашыр тілегі аурудан тезірек айығып кетуге себепші болары сөзсіз!  Біздің буын өмірдің талай соқпақ-сүрлеуінен сүрінбей өткен. Бұл кеселді де бекем бірлік пен жарасымды тірліктің арқасында жеңеріміз сөзсіз!  Саулығыңызды тілейміз! Ел-аман, жұрт тыныш болғай! 

Құрметпен,

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы         Қ.Ризуанов

Соғыс және еңбек ардагері                     О.Қарасаев

Экономика саласының ардагері                   Б.Таубаев

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері         Е.Абдошев

Жеделхат

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Жаһанды жайлаған жұқпалы дерт Сіздей, сарабдал саясаткер, кемеңгер тұлғаны да айналып өтпегені  біз үшін өкінішті. Бірақ, біздер, әсіресе жастар жағы, отыз жыл бойы ел басқарған рухы мықты Елбасымыздың бұл аурудан да көп кешікпей айығып кететініне сенімдіміз. Сіз жаңа буын жас қазақстандықтарға өмірден туындайтын уақытша өзгерістерге қашан да төтеп беруге дайын болу керектігін үйреттіңіз. Өзіңіз жастарға сөйлеген сөздеріңізде адам өзінің денсаулығына үнемі зор көңіл бөлу қажеттігін айтып отырасыз. Себебі, Өзіңіз тұрақты түрде спортпен айналысып, әр сөзіңізді нақты іспен дәлелдеп жүрсіз. Сіздің осы қасиетіңіздің өзінен-ақ үлкен үлгі-өнеге алуға болады. Әлем бойынша айтып келмейтін ауруды қарапайым жұмысшы да, білгір басшы да жұқтырып жатыр. Демек, бұл «Covid-19» дерті адамды ешбір санатқа бөліп-жармайды деген сөз. Сіз, осы кеселге тап болсаңыз да, халқыңыздың игілігі үшін онлайн қызмет атқарудасыз.   Біз, жастар, Сіздің жуық арада жазылып шығуыңызға тілектестік танытып, қызметіңізге қайта кірісетін сәтіңізді асыға күтетін боламыз.

Құрметпен,

          Атырау облысының Жастары

Жеделхат

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, етек-жеңін жия бастаған жас мемлекетті дүниежүзіне танытып, бірлік пен бейбітшіліктің, татулық пен тұрақтылықтың мекеніне айналдырған Тұңғыш Президентіміз талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өткенін жақсы білеміз. Жақында ғана аяғын тәй-тәй басқан бүлдіршіннің орда бұзар жасқа дейінгі өмір жолы бұралаңдарға толы болса, біздің мемлекет те осындай сын шақтарды бастан кешірді. Бірақ, Елбасы оның ешқайсысынан да қаймықпады. Басты байлық - денсаулығын қатерге тіге отырып, кедергілерден еш сүрінбеді. Ал, бүгінде қанша сақтық шаралары алынғанмен, әлемді шарлаған вирус оны да айналып өтпепті. Індет елді белең алған сәтте халқын сабырға шақырып, басу айтқан Ұлт Көшбасшысының дертінен тез айығып кетуіне тілеулеспіз. Біз әлі де Тұңғыш Президентіміздің атыраулық зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, ел дамуы аясындағы ойларымызды еркін форматтағы басқосуда жалғастыратынымызға сенімдіміз. Құрметпен, Атырау облысының Мәдениет және өнер саласының қайраткерлері