Анар Жайылғанова: Мемлекеттік аппарат пандемия кезінде өзінің тиімділігін дәлелдеді
2020 ж. 19 маусым
1244
0
Нұр-Сұлтанда «COVID-19 кезеңінде мемлекеттік қызмет саласындағы адам ресурстарын басқару: үздік тәжірибелер мен шешімдер» тақырыбында халықаралық онлайн конференция болып өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Онлайн конференция барысында пандемия кезінде туындаған мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын басқару саласындағы проблемалар және оларды шешу үшін қабылданған шаралар талқыланды.
Іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Астана мемлекеттік қызмет хабы және Корея Республикасының Персоналды басқару жөніндегі министрлігі ұйымдастырды.
Онлайн конференцияға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, білім беру саласының, ҮЕҰ өкілдері және т.б қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Анар Жаилғанова өзінің алғы сөзінде қатысушыларға конференцияны бірлесіп ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, пандемия кезіндегі мемлекеттік аппараттың жұмысына тоқталып өтті.
«COVID-19 пандемиясы бүкіл әлем үкіметтерінің алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі. Бірақ ол басқару реформаларын жүзеге асыруға, мемлекеттік аппаратты кең көлемде цифрландыруға және мемлекеттік қызметтің адам ресурстарын басқару жүйесін қайта қарауға ықпал ететін мемлекеттік аппарат жұмысының қайтымсыз өзгеруінің катализаторына айналды» – деп атап өтті Анар Жаилғанова.
А.Жаилғанованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында осы қиын кезеңде мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
«Қазіргі уақытта тұрғындардың ХҚКО мен мемлекеттік құрылымдарға бармай-ақ, қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін алуы үшін мемлекеттік қызметкерлер барынша үйлесімді жұмыс істеулері керек.
Жалпы, мемлекеттік аппарат пандемиядан туындаған дағдарыс кезінде қатерлер мен кедергілерді жедел шешу қабілетін және тиімділігін дәлелдеді деп есептеймін», - деді МҚІА төрағасы.
Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов пандемия кезінде тиімді басқаруды жүзеге асыру үшін қоғамдық сенімнің маңызы зор екенін атап өтті.
«Әлемнің барлық ұйымдарында адам ресурстарын басқаруға көп көңіл бөлінуде. Бірақ ұйымдарға деген сенімді нығайту маңызды аспект болып табылады. Пандемия кезінде жасалған жұмысты талдау нәтижесінде билік тармақтары мен құрылымдары арасында ресурстарды, міндеттер мен өкілеттіктерді қайта бөлу жүзеге асырылатыны анық. Бұл үдерісте кадр қызметтеріне басымдық берілетіні сөзсіз», – деді Ә.Бәйменов.
Корея Республикасының Персоналды басқару жөніндегі министрі Со Чонг ХВАН мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқару саласында осы елде қабылданған шаралар жайлы баяндады. Оның айтуынша, Корея Республикасында COVID-19 жағдайында шұғыл әрекет ету бюросы құрылған. Аталған бюро: жалпы басқару, қызметкерлерді жалдау, қызмет көрсету, кадрларды дамыту, шұғыл жағдайларда сыйақы беру сияқты бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Кореяда мемлекеттік қызметкерлердің денсаулығына ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта консультациялар беру орталықтары жұмыс істейді, онлайн оқыту, жеке сабақтар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, эпидемиологтар мен медицина қызметкерлерін жұмысқа қабылдау рәсімдері жеңілдетілген. Барлық сала өкілдері икемді жұмыс кестесіне көшкен.
Конференция барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан қашықтықтан жұмыс жүргізудің егжей-тегжейлі регламентін пысықтау қажеттілігі атап өтілді. Атап айтқанда жұмыс уақытын есепке алу тетіктерін және жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау: кеңестер, келіссөздер, мемлекеттік қызметшілерді оқыту, мемлекеттік қызметке іріктеу жүргізу, іс қағаздарын жүргізу және т.б мәселелері қамтылды. Аталған шаралар қабылданған жағдайда ғимараттарды қамтамасыз ету, жиһаз және кеңсе тауарларын сатып алу, коммуналдық шығындарды төлеу, телефон байланысы сияқты шығындарды оңтайландырудан бөлек, жұмыс уақытын айтарлықтай үнемдеу мүмкін болады.
Сондай-ақ, онлайн конференция барысында Украина, Өзбекстан, ЭЫДҰ ұйымдарының сарапшылары сөз сөйледі. Онлайн конференцияға қатысушылар мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибелерімен алмасты.