"Қазақстан барысы" Айбек Нұғымаров коронавирус жұқтырып алды
2020 ж. 14 маусым
1443
0
Семейде екі колледж директоры коронавируспен ауырды. Оның бірі танымал спортшы Айбек Нұғымаров, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.
«Семейде COVID-19 диагнозымен аурухананың инфекциялық бөлімшесіне қаладағы екі колледж директоры түсті. Бірі - Электр техникалық колледж директоры Азат Сәрпеков, екіншісі - Семей көлік колледжінің директоры, Қазақ күресінен әлем чемпионы, «Әлем барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров», делінген хабарламада.
«Құрметті жерлестер, мына жаман індет бізге де жұқты. Семей қаласындағы инфекциялық ауруханада жатырмыз. Осыдан бір апта ауру анықталды. Қазіргі кезде аурудың кімнен, қалай жұққанын біле алмай отырмыз. Сақтандыру шараларын жеткілікті қолданбағанның кесірінен деп ойлаймыз. Күнделікті жұмыстармен біраз азаматтармен кездескен болатынбыз. Басында бізде (коронавирус инфекциясына) іштей сеніңкіремеген едік. Бұл індеттің бар екені рас, ол ешқандай қауесет не саясат емес», - деді Айбек Нұғымаров.
Семей әкімдігі тұрғындарға сақ болып, санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Еске сала кетсек, Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеулері 1 шілдеге дейін ұзартылды.