FlyArystan жаңа бағыттарды ашады
2020 ж. 02 маусым
967
0
FlyArystan бағдарлар кестесін кеңейтіп, Ақтау, Атырау мен Ақтөбеге ұшатын болады, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
Осылайша 21 маусымнан бастап аптасына 5 рет – дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма мен жексенбі күндері заманауи Airbus А320 Алматы-Ақтау-Алматы бағыты бойынша тікелей рейстерді орындауды жоспарлап отыр. Біржақты билет құны 12 999-58 999 теңге аралығында.
Оған қоса 1 шілдеден бастап 180-орынды әуелайнерлер Шымкенттен Атырау, Ақтау мен Ақтөбеге тұрақты түрде сапарларын орындайды:
· Шымкент-Атырау-Шымкент бағыты бойынша аптасына 2 рет – сәрсенбі мен жұма күндері. Біржақты билет құны 9999 теңгеден 49 999 теңгеге дейін.
· Шымкент-Ақтөбе-Шымкент бағытындағы рейстер дүйсенбі мен сенбі күндері орындалады. Бір жаққа қарай билеттер құны 8999-44999 теңге аралығында.
· Шымкент-Ақтау-Шымкент бағытында 3 рет қатынайды – сейсенбі, бейсенбі мен жексенбі күндері. Біржақты билет құны 9999 теңгеден бастап 49 999 теңгеге дейін.
Билет құны кездейсоқ орын мен 5 кг қолжүгін қамтиды.
«Қазақстандықтарға қолжетімді әрі тез әуеқатынасты ұсына отырып, біз бағдарлар кестесін әрдайым кеңейтеміз. FlyArystan-ның арқасында биыл жазда отандастарымыз шет елге шықпай, теңіз жағалауында өткізе алады. Маусымнан бастап Каспий жағажайлары әлдеқайда қолжетімді болмақ. Сол себепті біз, саяхатты ертерек жоспарлап, билеттер мен қосымша қызметтерді ертерек брондауға кеңес береміз», - деп ойымен бөлісті компанияның сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова.
Естеріңізге сала кетсек, биыл наурызда әуекомпания флотына бесінші Airbus A320 ұшағы қосылып, сәуірде әуе парк тағы бір 180-орынды бортқа толыққан еді. Бұл лоукостердің ел ішіндегі бағыттарын көбеутуге мүмкіндік бергенін ескере кеткен жөн. Қазіргі таңда FlyArystan-ның рейстері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының әуе айлақтарынан орындалуда.