Ұлт тілі және заман сабақтастығы әдістемелік онлайн-семинар өтті
2020 ж. 29 мамыр
1151
0
2020 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ақпараттық технология терминдерінің бүгіні: ұлт тілі және заман сабақтастығы» атты онлайн семинар өтті.
Семинардың басты мақсаты – жаһандану жағдайында қазақтың ғылыми тілін дамыту үшін ақпараттық технология терминдерінің ұлттық үлгісін жасау, жетілдіру, жүйелеу мәселелерін талқылау және шеттілдік терминдерді игерудегі сәтті тәжірибемен бөлісу.
Алматы энергетика және байланыс универсиететінің доценті А.Шайқұлова өз баяндамасында ақпараттық технология саласында терминдік қорды жетілдіру және тәжірибеде қолдану мәселелеріне тоқтала отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық комиссия бекіткен терминдердің кең қолданыс тауып жатқаны да, бекітілген қалпында еш қолданысқа енбей қалғаны да бар екенін атап өтті. Қолданыс таппаудың себебін бекітілген терминдерді насихаттап, түсіндіру жұмысының өз деңгейінде болмауынан, қазақ тілінің үндесім заңына бағынбаған не қазақ сөз табиғатына бейімделмеген жасанды терминдердің орын алуынан екенін баяндады. Сондай-ақ баяндамашы ақпараттық технология саласындағы терминдік қордан орын алуы мүмкін бірқатар терминді ұсынды.
Батыс Қазақстан инновациялық университетінің доценті А.Абдулманов ұлттық тіл негізінде компьютер терминдерінің үлес салмағының төмен деңгейде болуының бір себебі қазақ тіліндегі ұтымды жасалған терминдердің (мысалы, тінтуір (мышка), сақтағыш (флешка), бума (папка), пернетақта (клавиатура)) өзін күнделікті тілімізде жиі қолданылмайтындығынан дей отырып, ақпараттық технология саласының терминологиялық өрісі орыс тілі мен қоса ағылшын тілімен етене байланысып жатқандықтан, салалық терминологияны дамытудың жаңа, өзгеше тәсілдерін ойластыру қажеттігін атап өтті.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Ғ.Шойбекова ақпараттық технология терминдерін тілімізге енгізерде, тілтанушы ғалымдар мен сала мамандарының пікірімен санасып, тұрақтап қалатын терминдер қалыптастыруға басымдық беру керектігіне тоқталды.
Сондай-ақ семинарда сала мамандары мен жұртшылыққа әдістемелік жағынан қолдау көрсету көзделді.
Іс-шараны сала мамандары, филологтар мен жоғары оқу орнының студенттері, жалпы жұртшылық www.termincom.kz сайтының YouTube каналынан көре алады.