Алаш арыстарын ардақтау кешіктірілмеуі тиіс

Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының

                                                              Премьер-Министрі

                                                              С.Н. Ахметов мырзаға

                                      

 

Құрметті Серік Нығметұлы!

«Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы өткен жылы Алаш қозғалысының 95 жылдығының қарсаңында Алаш рухын ардақтауда әлі де атқарылмай жатқан істер көптігіне назар аударып, өзіңіздің атыңызға депутаттық сауал жолдағанбыз. Алашқа байланысты Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері істелген жұмыстар туралы хабардар еткен Сіз қол қойған жауапты да алдық. Одан кейін қараша айының 23-інде «Ақ жол» партиясы осы датаға орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен «ХХ1 ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Осы конференцияның және Алматыда, бірқатар облыстарда жалғасын тапқан Алаш тақырыбына өткізілген әртүрлі жиындардың қатысушылары «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын еліміздің өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, оның дайындығына Үкіметті, Парламентті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырды. Алаш идеясын ұлықтаудың,  Алаштың жүріп өткен жолы мен тәжірибесінен сабақ алудың, жалпы ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығы аталып көрсетілді. Мәңгілікке ұмтылмайтын ұлт жоқ. Елбасымыздың Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл нақты көрініс тапқан. Мемлекет Басшысы өзінің Жолдауында «Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек» деп тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылғанымызды жариялады. Және оның ең басты шартын да атады: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз». Бұл ретте атқаруға тиіс ең зор міндетіміз - жасампаз және өміршең ұлт қалыптастыру жолында еңбек ету, осы мұратқа жеткізетін заңдық негізі қуатты қоғамдық тетіктер (механизм) жасау. Соның бірі Алаш қайраткерлерін ардақтаудың деңгейін биікке көтеруді бұдан әрі кешіктірмеу. Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін, бұған мемлекет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы тиіс. Уақыт тез өте шығады. Алаш қозғалысының 100 жылдығы да алыс емес. «Ақ жол» фракциясы осы ретте Қазақстан Республикасының Үкіметіне мынадай шараларды белгілеуді ұсынады:
  1. Алаш қозғалысының 100 жылдығын мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өту үшін Мемлекеттік комиссия құруды, сондай-ақ оған жалпымемлекеттік және аймақтық кешенді бағдарламалар даярлау ісін жүктеуді.
  2. Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісі қолға алынғаны жөн.
  3. Осы «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мәселе ол ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдары. Қазақстан тарихында ұлттық саяси басқарушы топқа (элита) және шығармашылықтағы зиялыларға байланысты жүргізілген жаппай репрессиялау шараларының себеп-салдары іргелі зерттеу тұрғысынан әлі де болса жан-жақты толық ашылмаған күйінде қалып келеді. Бұл алаңдаушылық туғызатын жағдай. Мәселе мынада. Көрші Ресей мемлекетінің тарихшы  ғалымдары батыстық зерттеушілермен шығармашылық бірлікте КСРО-ның сталиндік кезеңіне байланысты 100 томдық зерттеу еңбектерінен тұратын ғылыми жобаны іске асырды. Қазақстандағы репрессия тарихы отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытылғаны дұрыс. Ондай болмаған  күнде ХХ ғасырдағы қазақ тарихына  байланысты Ресейлік  көзқарасты қабылдауымызға тура келеді.  Мұндай  жолға  түсу, әрине,  өкінішті болар еді.
Осы мәселелерді ескере отырып, алдағы қабылданатын шаралар жөнінде хабардар етуіңізді сұраймыз.              Құрметпен, «Ақ жол» ҚДП Парламенттік  фракция мүшелері: А.Тұртаев, А.Перуашев,                                                                                  Е.Никитинская,   Н. Жазылбеков, А.Әбілдаев, М.Қазбекова,  С.Сарсенов                                                                                 Т.Ерғалиев

                                                                                                                     23.01.2013. жарияланды                                                       

www.qazaquni.kz