Ауру жұқтыру көбейсе, қатаң карантиндік шараларға ораламыз - Бас санитар
2020 ж. 27 мамыр
763
0
ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирустың таралғанына күмән келтіретіндерге жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Статистикадан қашып құтылуға болмайды. Коронавирус әлемнің 215 мемлекетіне тарады. Эпидемия жарияланды. 5,5 миллионнан астам жұқтыру жағдайы тіркелді. 350 мыңнан астам адам қайтыс болды. Мұның барлығы коронавирустың қандай маңызды екенін көрсетпей ме? Иә, Қазақстандағы жағдай тұрақты, себебі бізде қамданатын уақыт болды. Қытайдағы індет желтоқсанның соңында, қаңтарда басталып, көршілес әріптестерден көп нәрсе үйрендік. Бұл уақытта арнайы база мен мамандарды, зертханаларды әзірледік. ҚР Президенті дер кезінде төтенше жағдай жариялады. Барлық әлеуметтік қарым-қатынасты шектедік, жұмысқа бармадық. Көптеген нысандардың жұмысы тоқтады. Мұның барлығы жаппай жұқтыру мен өлім-жітімнің алдын алуға көмектесті», - деді бас санитарлық дәрігер ҚР Денсаулық сақтау миинстрлігінің Фейсбуктегі баспасөз мәслихатында.
Дегенмен бұл шаралар коронавирус инфекциясының жоғалып кеткенін білдірмейді. ТЖ режимінен шықсақ та, карантин шараларын сақтау керек.
«Егер ауру жұқтыру деңгейі тағы көбейсе, бұрынғы қатаң карантиндік шараларға оралуға мәжбүр боламыз. Коронавирустың қандай қауіпті екенін бағамдауымыз керек. Барлық ережелерді ұстану қажет, олар аса қиын да емес. Қол тазалығы, әлеуметтік ара қашықтық біздің өмір салтымызға енуі керек. Вирусты қаншалықты еңсеретініміз өзімізге тікелей байланысты», - деді Айжан Есмағамбетова.