Саясат сахнасындағы ауыс-түйістер халыққа не береді?

  Таяуда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жарлығымен билік басында бірқатар ауыс-түйістер орын алды. Осы бір өзгерістердің түп төркіні Елбасының былтырғы Жолдауында жүктелген стратегиялық міндеттердің маңыздылығымен және Қазақстанның тарихи жеңісі болып табылатын халықаралық «EXPO-2017» көрмесінің өтуімен тығыз байланысты болып тұр. Өйткені жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру және бүкіл әлем назарына ұсынылатын көрмені жоғары дәрежеде өткізу – Қазақстан үшін зор жауапкершілікті талап ететіні анық. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деп Жүсіп Баласағұни айтпақшы, жауапты қызметтердің жүгін Елбасымыз жақсы адамдарға арқалатты деп ойлаймыз. Марат Тәжин – Мемлекеттік хатшы Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығы­мен Мемлекеттік хатшы Марат Мұ­хан­бетқазыұлы Тәжин болды. Алдағы уақытта Марат Тәжин ел Президентi үшiн iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары бойынша жүйелі ұсыныстарды тұжы­рымдамақ. Соны­мен қатар Мемлекеттік хатшы ел Пре­зиденті тапсырмасының аясында басқа да мемлекеттiк орган­дармен, саяси партиялармен және өзге де қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда болып, халықаралық қа­ты­настарда ел Президентінің мүдде­лерiн бiлдiретін болады. М.Мұханбетқазыұлы 2009 жылдан бері Президент көмекшісі, ҚР Қауіп­сіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін жауаптылықпен атқарып және еліміз­дің сыртқы саясат ведомствосына же­текшілік жасап, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төраға­лығына Қазақстанның кандидатурасын өткізу ісінде дипломатиялық қайрат­керлік қырын көрсеткенін жұрт жақсы біледі.  Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі – Ерболат Досаев Жаңалықтың біразы Экономика министрлігінде орын алды. Аталмыш министрліктің аты Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бо­лып өзгертілді. Ал басшысы – Ерболат До­саев. Қаржы министрлігінің бюд­жеттік жоспарлау саласындағы уәкі­леттілігін, Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрлігінен инвес­тицияға қолдау көрсету мен жағымды инвестициялық ахуал туғызудың мем­лекеттік саясатын қалыптастыру уәкі­леттілігін қосып алды. Бұрындары денсаулық саласын бас­қарғанмен, Ерболат Асқарбекұлын ел білікті қаржыгер, сауатты экономист ретінде жақсы біледі. Министр бұған дейін «Ланкастер груп» директорлар кеңесінің мүшесі және «ҚазИн­вест­Банк» директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған еді. Мәдениет және ақпарат министрі – Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекеттік хатшы лауазымын абы­роймен атқарған Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Осы уақытқа дейін де ел мәде­ниеті­нің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ми­нистр ұлттың мәдени мұраларын жаң­ғыртуға бағытталған қыруар шарауаны атқарғаны да ел есінде. Бұған дейін бір жылға жақын осы лауазымды атқарған министр Дархан Мыңбай Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы­ның директоры қызметін атқаратын болды. Өңірлерді дамытуды жаңа министрлік жүзеге асырмақ Апта аясындағы ауыс-түйіс бары­сында Өңірлік даму министрлігі құ­рылды. Бұған дейін Экономикалық даму және сауда министрлігінің құ­зырында комитет деңгейінде қаралып келген құрылымға дербестік беріліп, өңірлік дамуға барынша серпіліс жа­салатын болды. Жаңа министр әрі Премьер-ми­нистр­дің бірінші орынбасары Ба­қытжан Сағынтаев бұған дейін Эко­номика министрлігінің тізгінін ұс­таған болатын. «Нұр Отан» партиясы бас­шы­лығында санаулы ай отырған ми­нистр­дің Павлодар облысын басқар­ғаны тағы бар. Яғни, тәжірибеден кен­де емес. Министрліктер өз міндеттерін бөлісті Қоршаған ортаны қорғау министр­лігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің жерді мелиорациялаудан басқа, «жа­сыл экономиканы» дамыту саясатына бақылау жасау және жүзеге асыру, та­­биғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалануды қадағалау, су ресурсын бас­қарудың және балық шаруашы­лы­ғын дамытудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру қызметтері мен уәкілет­тіліктеріне ие болды. Бірқатар өзгерістер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлі­гінде орын алды. Оған ІІМ халықтың көші-қоны саласындағы ведомствоара­лық үйлестіру, көші-қон үрдісін реттеу және мониторингтеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлеу, көші-қонды реттеу қызметтері мен уәкілеттіліктері берілді. Сонымен қатар, Атом энерге­тикасы агенттігі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құра­мына кірді. Биліктің атқарушы органдарында орын алған құрылымдық және ұйым­дық өзгертулер осылай түйінделгендей болды. «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы – Талғат Ермегияев Бұған дейін Туризм және спорт ми­нистрі қызметін атқарған Талғат Аман­гелдіұлы Ермегияев Лондон төрінде қазақтың көк туын көкте желбіреуіне ұйытқы болып қана қоймай, қазақ халқының бұрын-соңды болмаған жетістікке жетуі жолында жанын сал­ды. Мұның алдында да ел мерейін ас­қақ­татқан айтулы додаларды ұйым­дастыруға белсене атсалықтаны бел­гілі. Қайсібір қызметті атқармасын іс­ке бел шеше кірісетін Талғат Ермегияев ЭКСПО – 2017 ха­лықаралық көрме­- сін өткізуге орай құ­рылған «Астана ЭКСПО – 2017» ұлт­тық компаниясы» АҚ басқарма төраға­сы қызметіне та­ғайындалды. Көреген басшының қазақ жұртын осы бір сындарлы сынақтан да сүрінбей өткізетініне сенім мол. Бауыржан Байбек – «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Ауыс-түйістер еліміздің бас партия­сы – «Нұр Отанды» да айналып өтпеді.  Бұған дейін Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып келген Бауыржан Байбек енді «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орын­басары қызметіне барды. Жақында Н.Назарбаев мемлекеттік қызметкерді партия ұжымына таныстырды. Енді жас басшы «Нұр Отан» партиясының жұмысын жандандыру жолында тер төкпек. Қырымбек Көшербаев – Сыр өңірін көркейтпек Қырымбек Көшербаев Премьер-министр орынбасары қызметінен боса­тылды. Облыс мәслихатының кезектен тыс отырысына Мемлекет басшысы ұсынған Қырымбек Көшербаевтың кан­дидатурасы қолдау тапты. Осыдан кейін Премьер-министр Серік Ахметов облыс активіне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевты таныстырды. Қашан да ілкімді істердің басы-қасынан табылатын іскер басшы бұған дейін Батыс Қазақстан, Маңғыстау об­лыстарын басқару барысында аталған аймақтарды дамудың даңғыл жолына салып берген еді. Сонымен қатар, бұ­рындары өзі тізгінін ұстаған білім, мәдениет және денсаулық салаларының да бойына қан жүгірткені жұрт жа­дында болса керек. Ендігі жерде Қы­рымбек Елеуұлы Сыр өңірін көркейтуге күш салмақ. Маңғыстау облысының әкімі – Алик Айдарбаев Жақында Ақтау қаласында өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов қатысты. Сессия барысында С.Ахметов депутаттарға облыс әкімінің қызметіне Алик Айдарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы Мемлекет басшысының хатын оқып берді. Депутаттар Пре­зи­дент ұсынған кандидатураны бірауыз­дан қолдады. Жиын соңында С.Ахметов облыс ак­тивіне өңірдің жаңа әкімін таныс­тырды. А.Айдарбаев болса, көрсетілген жо­ғары сенімі үшін ел Президентіне алғыс білдірді. Бұған дейін А.Айдарбаев «ҚазМұнайГаз». Барлау. Өңдеу» АҚ бас директоры және басқарма төрағасы қызметін атқарған болатын. P.S: Саясат сахнасындағы серкелерге осындай жауапты міндеттер жүктелді. Ауыс-түйістерге әлі нүкте қойыла қойған жоқ. Сондықтан жұрт Ақ Ордаға қарай алаңдаулы. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл өзгерістің бұрынғылардан өзгеше екендігі даусыз. Тек халыққа берері мол болса игі...             "Қазақ үні" - ақпарат.