Саясат сахнасындағы ауыс-түйістер халыққа не береді?
2013 ж. 22 қаңтар
1131
0
Таяуда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жарлығымен билік басында бірқатар ауыс-түйістер орын алды.
Осы бір өзгерістердің түп төркіні Елбасының былтырғы Жолдауында жүктелген стратегиялық міндеттердің маңыздылығымен және Қазақстанның тарихи жеңісі болып табылатын халықаралық «EXPO-2017» көрмесінің өтуімен тығыз байланысты болып тұр. Өйткені жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру және бүкіл әлем назарына ұсынылатын көрмені жоғары дәрежеде өткізу – Қазақстан үшін зор жауапкершілікті талап ететіні анық.
«Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деп Жүсіп Баласағұни айтпақшы, жауапты қызметтердің жүгін Елбасымыз жақсы адамдарға арқалатты деп ойлаймыз.
Марат Тәжин – Мемлекеттік хатшы
Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен Мемлекеттік хатшы Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин болды. Алдағы уақытта Марат Тәжин ел Президентi үшiн iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары бойынша жүйелі ұсыныстарды тұжырымдамақ. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы ел Президенті тапсырмасының аясында басқа да мемлекеттiк органдармен, саяси партиялармен және өзге де қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда болып, халықаралық қатынастарда ел Президентінің мүдделерiн бiлдiретін болады.
М.Мұханбетқазыұлы 2009 жылдан бері Президент көмекшісі, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін жауаптылықпен атқарып және еліміздің сыртқы саясат ведомствосына жетекшілік жасап, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағалығына Қазақстанның кандидатурасын өткізу ісінде дипломатиялық қайраткерлік қырын көрсеткенін жұрт жақсы біледі.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі – Ерболат Досаев
Жаңалықтың біразы Экономика министрлігінде орын алды. Аталмыш министрліктің аты Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі болып өзгертілді. Ал басшысы – Ерболат Досаев. Қаржы министрлігінің бюджеттік жоспарлау саласындағы уәкілеттілігін, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен инвестицияға қолдау көрсету мен жағымды инвестициялық ахуал туғызудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру уәкілеттілігін қосып алды.
Бұрындары денсаулық саласын басқарғанмен, Ерболат Асқарбекұлын ел білікті қаржыгер, сауатты экономист ретінде жақсы біледі. Министр бұған дейін «Ланкастер груп» директорлар кеңесінің мүшесі және «ҚазИнвестБанк» директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған еді.
Мәдениет және ақпарат министрі – Мұхтар Құл-Мұхаммед
Мемлекеттік хатшы лауазымын абыроймен атқарған Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды.
Осы уақытқа дейін де ел мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан министр ұлттың мәдени мұраларын жаңғыртуға бағытталған қыруар шарауаны атқарғаны да ел есінде. Бұған дейін бір жылға жақын осы лауазымды атқарған министр Дархан Мыңбай Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайының директоры қызметін атқаратын болды.
Өңірлерді дамытуды жаңа министрлік жүзеге асырмақ
Апта аясындағы ауыс-түйіс барысында Өңірлік даму министрлігі құрылды. Бұған дейін Экономикалық даму және сауда министрлігінің құзырында комитет деңгейінде қаралып келген құрылымға дербестік беріліп, өңірлік дамуға барынша серпіліс жасалатын болды.
Жаңа министр әрі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бұған дейін Экономика министрлігінің тізгінін ұстаған болатын. «Нұр Отан» партиясы басшылығында санаулы ай отырған министрдің Павлодар облысын басқарғаны тағы бар. Яғни, тәжірибеден кенде емес.
Министрліктер өз міндеттерін бөлісті
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің жерді мелиорациялаудан басқа, «жасыл экономиканы» дамыту саясатына бақылау жасау және жүзеге асыру, табиғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалануды қадағалау, су ресурсын басқарудың және балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру қызметтері мен уәкілеттіліктеріне ие болды.
Бірқатар өзгерістер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде орын алды. Оған ІІМ халықтың көші-қоны саласындағы ведомствоаралық үйлестіру, көші-қон үрдісін реттеу және мониторингтеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлеу, көші-қонды реттеу қызметтері мен уәкілеттіліктері берілді. Сонымен қатар, Атом энергетикасы агенттігі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құрамына кірді.
Биліктің атқарушы органдарында орын алған құрылымдық және ұйымдық өзгертулер осылай түйінделгендей болды.
«Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы – Талғат Ермегияев
Бұған дейін Туризм және спорт министрі қызметін атқарған Талғат Амангелдіұлы Ермегияев Лондон төрінде қазақтың көк туын көкте желбіреуіне ұйытқы болып қана қоймай, қазақ халқының бұрын-соңды болмаған жетістікке жетуі жолында жанын салды. Мұның алдында да ел мерейін асқақтатқан айтулы додаларды ұйымдастыруға белсене атсалықтаны белгілі.
Қайсібір қызметті атқармасын іске бел шеше кірісетін Талғат Ермегияев ЭКСПО – 2017 халықаралық көрме-
сін өткізуге орай құрылған «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
Көреген басшының қазақ жұртын осы бір сындарлы сынақтан да сүрінбей өткізетініне сенім мол.
Бауыржан Байбек – «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары
Ауыс-түйістер еліміздің бас партиясы – «Нұр Отанды» да айналып өтпеді. Бұған дейін Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып келген Бауыржан Байбек енді «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне барды. Жақында
Н.Назарбаев мемлекеттік қызметкерді партия ұжымына таныстырды. Енді жас басшы «Нұр Отан» партиясының жұмысын жандандыру жолында тер төкпек.
Қырымбек Көшербаев – Сыр өңірін көркейтпек
Қырымбек Көшербаев Премьер-министр орынбасары қызметінен босатылды. Облыс мәслихатының кезектен тыс отырысына Мемлекет басшысы ұсынған Қырымбек Көшербаевтың кандидатурасы қолдау тапты. Осыдан кейін Премьер-министр Серік Ахметов облыс активіне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевты таныстырды.
Қашан да ілкімді істердің басы-қасынан табылатын іскер басшы бұған дейін Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын басқару барысында аталған аймақтарды дамудың даңғыл жолына салып берген еді. Сонымен қатар, бұрындары өзі тізгінін ұстаған білім, мәдениет және денсаулық салаларының да бойына қан жүгірткені жұрт жадында болса керек. Ендігі жерде Қырымбек Елеуұлы Сыр өңірін көркейтуге күш салмақ.
Маңғыстау облысының әкімі – Алик Айдарбаев
Жақында Ақтау қаласында өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов қатысты. Сессия барысында С.Ахметов депутаттарға облыс әкімінің қызметіне Алик Айдарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы Мемлекет басшысының хатын оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.
Жиын соңында С.Ахметов облыс активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды.
А.Айдарбаев болса, көрсетілген жоғары сенімі үшін ел Президентіне алғыс білдірді. Бұған дейін А.Айдарбаев «ҚазМұнайГаз». Барлау. Өңдеу» АҚ бас директоры және басқарма төрағасы қызметін атқарған болатын.
P.S: Саясат сахнасындағы серкелерге осындай жауапты міндеттер жүктелді. Ауыс-түйістерге әлі нүкте қойыла қойған жоқ. Сондықтан жұрт Ақ Ордаға қарай алаңдаулы.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл өзгерістің бұрынғылардан өзгеше екендігі даусыз. Тек халыққа берері мол болса игі...
"Қазақ үні" - ақпарат.