СЕНАТ ҚАЗАҚШАСЫ ҚАТЕГЕ ТОЛЫ ЗАҢДЫ КЕРІ ҚАЙТАРДЫ
2020 ж. 16 мамыр
1668
0
Талқылау кезінен-ақ, көпшіліктің көңілінен шықпаған Митинг туралы заңның қазақша нұсқасында қателердің өріп жүргенін мәжілісмендер байқамаса да сенаторлар тосқауыл қойды. Ақпарат министрлігі әзірлеген құжаттан олар 422 қате тауып, заң жобасына бірқатар түзетулер де енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды деп хабарлады КТК телеарнасы.
Басты себептің бірі, заңнамадағы кейбір нормалар халықтың бейбіт шерулерге кедергісіз қатысуына мүмкіндік бермейді екен. Ал жиналыс өткізетін жер мiндеттi түрде орталықта орналасуға тиіс. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтың пікірінше – арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс.
Президенттің тапсырмасымен дайындалған заң бейбіт жиналыс өткізу кезінде ескерту сипатына ие. Бұқара әкімдіктен рұқсат сұрамай, шеруді өткізе береді. Сенаторлар наразылық білдірушілерге бет-жүзін бүркеуге тыйым салатын ережені де алып тастауды ұсынды. Депутаттардың пікірінше, қазіргі коронавирус жұқтыру қаупі бар кезде, жиынға қатысушылар бетперде киюге құқылы. Егер шеру ұйымдастырушысы немесе оған қатысушы заңды бұзса, олармен құқық қорғау орындары айналысады. Ал олар заң бұзуды тоқтатса, бейбіт жиын қайта жалғасады. Заң жобасына енгізілген ұсыныстарды сарапшылар қолдағанымен, оның іске асыру жағын нақтылау керек дейді. Әйтпесе, ел арасында түсініспеушілік туындауы мүмкін.
Бұл жолы сенаторлар өздерінің жоғары мемлекеттік органда босқа отырмағанын көрсетті. Осындайда мынандай орынды сұрақ туындайды – қазақша қатесіз жазуға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде білікті бір маман табылмағаны ма? Осыншама қатені көрмеген жүзден аса мәжілісмендер де мәңгүртке айналған ба? Осының бәрі заңды орысша жазып, қазақша аударғаннан болып отырғаны белгілі. Бұдан кейін «Конституциядан 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік Тіл туралы заң қабылдау керек», – деген ашық хатқа қол қойған жүз мыңдаған адамдарды талабының дұрыстығына көз жеткізесіз.
qazaquni.kz