Қазақбай Қасымов: Қазақ халқының алдында басымды иемін

Қазақбай Қасымов: Қазақ халқының алдында басымды иемін

    

Мақаламды бастамас бұрын мен Қазақстанда өмір сүріп келе жатқан Ахыска түріктерінің атынан қазақтың киелі де, қасиетті топырағына және сол жердің мемлекетқұрушы заңды иесі қазақ халқының алдында басымды иіп, мың да бір алғыс айтамын. Біздердің аға буын өкілдерінің түсінігінде қазақ халқы – «ҰЛЫ ХАЛЫҚ!». Оларға деген алғыс сезіміміз шексіз. ДАРА ХАЛҚЫМ, тарихыңа тағзым, тағдырыңа салауат айту қасиетті парызым.

ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТ ПЕН ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДА АХЫСКА ТҮРІКТЕРІНІҢ АБЫРОЙЛЫ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Бүгінде қазақтың қасиетті жері, ұлы даласы жүзден астам ұлт пен ұлыстардан, дін өкілдерінен құралып, жер бетінің барлық бояу бедерін бойына жинаған осыншама мәдениет пен салт-дәстүрді айбарым мен айбыным, сәнім мен салтанатым деп білген Қазақстанның болашақта ХХІ ғасырға сенім мен үмітінің мол екендігін қуанышпен, мақтанышпен айтқым келеді. Осыншама ұлттар мен ұлыстардың, этностардың бөлінбес бір бөлшегі Қазақстанның Ахыска түріктері Қазақстан республикасының азаматы деген атты ардақтата биік ұстап, қазақ халқының мәдени, рухани жағына жақындасып, достықпенен ынтымақта туған аға-інідей болып, олардың қуаныштары мен күйініштерін бірге бөлісіп, жас қазақ елінің мәдениетін гүлдендіріп, экономикасын дамытуда халықаралық деңгейде көк байрағын желбіретіп, жас қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін де нығайтуға атсалысып келеді. 

 Ал болашақта алға қойған мақсатымыз – түркітілдес екі туысқан ел арасында бірлігімізді бекемдеп, ұлтаралық мәдени қатынастарды қалыптастырып, достығымызды нығайтып, бауырлас екі ұлы халық арасында туыстықты арттыруды мақсат етіп отырмыз. Мәртебелі қазағым айтады ғой, тарихымның өткен шағына көз салсаң, мен «мың өліп, мың тірілген қазақпын» деп. Сол сияқты Ахыска түріктерінің өткен тарихына көз салсақ, қазақ халқының тарихына ұқсас, біз де, «мың өліп, мың тірілген» Ахыска түріктеріміз. 1944 жылы тарихи отанынан еріксіз айдалып, бүгінде еркін өмір сүріп келе жатқан Ахыска түріктерінің қоныс аударған әрбір жылын республикалық деңгейде өткіземіз. Әр жыл сайын өмірден өткен бабаларымыздың рухына Құран бағыштап, сол қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының істеген жақсылықтарын еске түсіріп, біздің жер бетінен мүлде жойылып кетпей, халық болып аман сақталып қалғанымыз және бүгінгідей жақсы заманға жетуіміз – қазақ халқының арқасында екендігін айта келіп, бұл халықтың тарихына тағзым, тағдырына салауат айту әрқашан қасиетті парызымыз деп, әсіресе ұрпақ сабақтастығында жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, бойларына дарытамыз. Осы тұрғыдан өткен жылы Қазақстанды құт мекен етіп жүрген Ахыска түріктерінің 75 жылдығын халықаралық деңгейде және этномәдени орталықтың басшысы – Касанов Зияддиннің ұйымдастыруымен және Түркия мемлекетінің Президенті Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен Түрік мемлекетінде халықаралық деңгейде тарихи мәні бар дәрежеде өткіздік. Бұл кездесу Ахыска түріктерінің тарихында өшпес із қалдырды. Мен өзім қатысқан өткен жылғы бұл халықаралық 75 жылға арналған форумда: Қазақстанның әлемдік сахнада бүгінде абыройы зор, беделді елге айналған және осындай үдемелі жетістіктердің бастауында тұрған тұңғыш Президентіміз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының кемел саясатының негізінде екендігін айта келіп, ал қазақ халқының ілтипатты мен кеңдігінің арқасында өзара түсіністікте ынтымақтың ошағы жағылып, тұрақтылықтың туы тігілген, қазақ деген қонақжайлы халықтың бақытты елінде тұратынымызды баса айтып, алғысымызды білдірдік. 

 Өткен жылы Ахыска этномәдени орталығы тәуелсіз мемлекетіміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыстарды, этностарды бір-біріне және де жақындастыру үшін ұлт, этносаралық мәдени қатынастарды одан ары жарастыра нығайту үшін 200-ден астам бейбітшілік халықтар достығының мерекесін, рухани салт-дәстүрлер мерекесін, мәдениеттер достығының мерекесін әлеуметтік жағдайларға байланысты көптеген шараларды басқосуларды той-думанды шашулармен барша қазақстандықтармен бірге өткіздік. Өткен жылғы мәдениет орталығының жұмыс бабына келетін болсақ, мемлекетіміздің 11 облыс орталықтарында республикалық мәдени орталықтың аясында құрылған филиалдар жұмыс істейді. Олар Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Петропавловск, Қостанай, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында республикалық мәдени орталықтарының басшыларымен бұл филиалдар жергілікті билік орындарымен келісіп, республикалық мәдени орталықтың тапсырмаларын орындап, бірлікте жұмыс атқарып келеміз. Бір жыл аралығында 224 кездесудің ішінде мемлекетімізде өзіміздің төл мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді сақтап дамытуды және әлеуметтік жағдайларға байланысты кездесулерді өткіздік. 

 Атап айтқанда: 

 1) әр жыл сайын Меккеге 40-тан 60 адамға дейін Ахыска түріктерін ғана емес, басқа да ұлт өкілдері бар адамдарды қажылыққа жібереміз; 

 2) ұлттық салт-дәстүрлерімізге байланысты бұдан 7 жыл бұрын басталған «АХЫСКА ҚЫЗДАРЫ» атты фестиваль байқауларын өткіземіз. Бұл байқаудың сұрақтарынан үздік баға алған қыздарды марапаттаймыз. Ал сұрақтарға келсек, мысалы: қазақ-түрік салт-дәстүріндегі бір-біріне ұқсас: баланы сүндетке отырғызуы, жігіт пен қыздың үйлену тойына құда түсуі, қазақ-түрік халықтарының тарихына, ислам дініне атаулы мерекелерге, әсіресе Жаңа жыл, Наурыз мерекесіне байланысты және де екі ұлы түркі халықтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі көптеген сұрақтарға дұрыс жауап берген қыздарымыз марапатталады.         

 3) Әр жыл сайынғы 23 сәуір күні Түркия мемлекетінде өтетін балаларды қорғау күніне арналған жасөспірімдер фестиваліне 20-дан 50-ге дейін өскелең ұрпақ жібереміз. Ал Түркияның Жоғарғы оқу орындарына жалпы білім беру жүйесінде квотамен 120 студент Түркияда тегін оқиды. 

 4) Ислам дінін меңгеруге 30 адамға жуық және аспирантура мен докторантураға 10 адамға дейін білім алады. Кипр мемлекетіне жыл сайын 10 адамға дейін квотамен студенттер жіберіледі.

 5) ҚХА аясында Қазақстандағы Ахыска түріктерінің көпұлтты мемлекетіміздің тұрмыс-тіршілігінде болып жатқан барлық мәдениет, экономика, саяси-қооғамдық оқиғалардың бірден бір хабаршысы, жеткізушісі, өзінің ой орамы, бай болжамы және нақты ұстанымы бар «Ахыска» газеті 2002 жылдан бері баспасөз қызметін атқарып келеді. 20 жылға жуық бұқара халықтың күнделікті өмірінің нақты айнасы болған бұл газетте қызмет ететін талантты журналистеріміздің атқарып келе жатқан абыройлы қызметін баса айтқым келеді. 

 6) Әр жыл сайын дәстүрге айналған жастар арасында бокстан халықаралық кездесу турнирлерін өткіземіз. Өткен жылы Тұңғыш Президентіміздің туған елінде халықаралық деңгейде Әзірбайжаннан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келген былғары қолғап спорт шеберлері күш сайыстырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен приздер беріліп, ұйымдастырушыларға сертификаттар тапсырылды. 

 7) Жастар арасында басқа да спорт ойындары: футбол мен еркін күрестен жарыстар 12 жыл бойы жалғасын тауып келеді. Осыншама игі істеріміз жастарымызды санасыз жат қылықтардан аулақ болуларына әсерін тигізеді. Біздер жастар тәрбиесіне өте үлкен мән беріп келеміз. Тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін Тұңғыш Президентіміздің Н.Ә. Назарбаевтің стратегиялық бағытының сабақтастығын сақтап, қоғамды қалыптастырудың және тұрақтылығын қамтамасыз етудің еліміз үшін маңызы зор. 

Ең негізгі мақсатымыз бен саясатымыз ішкі алауыздықты жайлатпай, бірінші кезектегі, әсіресе жастар арасында көршілес татулықты, бірлікті сақтап, ұлтаралық мәдени қатынастарды және де қалыптастыруда Мемлекетімізде ел бірлігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі – білім беру, Қазақстандық жас ұрпақты төзімділік пен келісім құндылықтарына тәрбиелеу болып табылады. Жастарымызды ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен өсиеттеріне адал ниетпен тәрбиелеу ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді дамытып, асыл қасиеттерімізді жастарымызға ұғындыру, бойларына дарыту. Жасы үлкендердің эстафетасын жас болашағымыздың қолына өткізу. Ұлтқа тән жасы үлкенді, ақсақал мен дарынды сыйлау, кішіні қадірлеу, оны қамқорлыққа алу, жұртшылықты құрметтеу, бір-біріне ылтипат көрсету сияқты жақсы дәстүріміз де жалғасып келе жатқаны біз үшін аса маңызды. Ұлы Дала төсінде егеменді еліміздің тәуелсіздік рухымен тәрбиеленіп келе жатқан жас буынға айтарым: «Біздің ертеңгі күніміз, үмітіміз, тірегіміз, сенімді болашағымыз сендерсіңдер! Елбасымыз айтқандай, сендер болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер! Сол үмітімізді ақтап, еліміздің абыройын сақтап, мемлекетімізге көз алартқан топтардың алдау-арбауына түсіп қалудан сақ болып, басбұзарлық, опасыздық әрекеттерден аулақ жүріп, Мәңгілік Қазақ елінің болашағы үшін отансүйгіштік патриоттық сезіммен батыр бабаларымыздың айбатты рухын көрсетіп, бүкіл әлем бізбен санасатын, адамзатқа үлгі болатын, қашан да ел намысын қорғауға шақырамыз. Бүгінде жастар болашағын осы тұрғыда тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз болып табылады. 

8) Өткен жылғы Арыс қайғысына келетін болсақ, этномәдени орталықтың өкілдері оның басшысы Касанов Зиядиннің басшылығымен бірінші болып штаб ұйымдастырдық. Арысқа жүк тасымалдауды өзіміз меңгеріп, халықты ыстық тамақпен, киіммен қамтамасыз етіп, барлығы 25 миллион теңгенің қаржысын жұмсап, қайғыменен күйініштеріне ортақ болып, талай тұрғындардың алғысын алдық. 

 9) Түрік этномәдени орталықтың әлеуметтік және қайырымдылық жұмыстарын жалғай берсек, өткен жылы: қаламыздың орталық мешітіне 1 тоннаға жуық ет тапсырылды.

 10) Бағанашыл ауылдық мекенінде балалар педиатриялық емханасына 350 кг ет, сол ауылдық мекеннің жетімханасына 300 кг қайырымдылық жолмен ет таратылды. «Ахыска» этномәдени орталығының өткен жылғы бірқатар жұмыстарының қорытындысы міне, осылай. Ұлттық стратегияның төртінші қағидасында мемлекеттің әрбір азаматы қай жерде болмасын еліміздің тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыруға қадам жасау керек десе, менің Халықаралық қауіпсіздік саласының профессоры деген ғылыми атағым маған халқымның алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Аңсаған арманым мен көздеген мақсатымды шыңдап, биік белестерге жеткізген туған топырағым, ортақ отаным, қасиетті мекенімнің тыныштығын сақтау, бейбітсүйгіш ерекше қасиеті бар қазақ халқының жарқын болашағы үшін ұлт және этносаралық татулықтың тұрақтылығын одан ары жарастыра нығайтуға қашан да мен әзірмін. 

 Ал әлеуметтік жағдайларға байланысты Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, қарттар үйі мен жетімханаларға, мүгедектер үйіне, мемлекетіміздің атаулы мерекелеріне: Құрбан айт, Наурыз мерекелеріне қашан да қайырымдылық үлесімді қосып келемін. Медеу ауданының әкімшілігінің ұйымдастыруымен Думан ықшам ауданына, сол ауданның мешітіне т.б. өткен 2018-2019 жылдары 22 миллион теңгеге қайырымдылық шараларын өткізіп, ұлт көшбасшысы Тұңғыш Президентіміз Елбасының қолынан «Жомарт жан» деген құрметті атаққа ие болдым (фото). Бірнешеуіне тоқталсам: 1) Думан ықшам ауданының мешітіне – 1 млн. 500 мың теңге; 2) Думан ықшам ауданының әлеуметтік жағдайлары нашар көпбалалы 19 жанұяға әр үй-үйді жаяу аралап, 1 млн. 700 ақшалай және азық-түлікпен; 3) Балаларды қорғау күніне Ассамблея аясында №7-ші перзентханаға 250 мың теңгені; 4) 9 мамыр Жеңіс күніне 21 соғыс аудагеріне және мүгедектерге үй-үйлерді, көпқабатты пәтерлерді жаяу аралап 550 мың теңге; 5) «Жанұя» жетімханасына – 280 мың теңге; 6) «Қарттар үйіне» – 350 мың теңге; 7) 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған құттықтау сыйлықтары – №131 мектеп, №100 мектеп, №52 мектеп – 780 мың теңге; 8) Наурыз мерекесіне, Горький атындағы орталық саябақта 22 наурыз күні – 500 литр көже, 110 кг – қазы, қарта, жая – 750 мың теңгеге; 9) 26-шы наурыз күні «Динамо» стадионында – 500 литр көже, 110 кг – қазы, қарта, жая – 750 мың теңгеге; 10) Медеу ауданы «Ардагерлер кеңесіне» – 100 мың теңге. 11) Дружба ауылында орналасқан Мүгедектер үйіне – жаңа жылдық сыйлықтар: кілем, электр шайнегі, ыдыс-аяқ, 300 қорап жаңа жылдық тәттілер – 680 мың теңге; 12) Құрбан Айт мерекесіне – этномәдени орталығына – 9 қой; үйде – 7 қой сойылып, халыққа таратылды. Барлығы – 650 мың теңге; 13) Атаулы мерекелер мен басқа да кездесулер жаңа 2020 жылдың жаңа жылынан бастап, жалғасын тауып келеді. Міне, Қазақстандағы Ахыска түріктерінің түбіміз бір, тарихымыз ортақ, қанымыз бен жанымыз – туыс, тіліміз бен дініміз, тілегіміз бен жүрегіміз, мәдени тегіміз бір – Қазақ мемлекетінің жарқын болашағы үшін халықтар достығын, этносаралық ынтымақ пен қоғамдық келісімді нығайту жолында абыройлы жетістіктерімізді мен мақтанышпен айта аламын. 

Болашақта да ҚХА аясында Тұңғыш Президентміздің Мәңгілік қазақ елінің болашағы үшін алдымызға қойған жарқын жобаларын, міндеттерін іске асыру Ахыска түріктерінің ғана емес, Ұлы Дала төсінде дәулетін жинап, ұрпағын жайған әрбір этнос өкілінің қасиетті парызы дер едім. Адал ниет, ізгі тілекпен барша қазақстандықтарды бейбітшілік халықтар достығы мерекесімен құттықтай отырып, есімін Қазақстанның мың жылдықтар тарихына алтын әріптермен жазған Тұңғыш Президентіміз, аса құрметті Елбасымыздың кемел саясатының негізінде Елімізде ұлт пенен ұлыс этностардың бірлік, ынтымағының ұйытқысы болған бейбітсүйгіш қазақ халқының ылтипаттығы мен кеңдігінің арқасында, өзара түсіністікте, ынтымақтың ошағы жағылып, тұрақтылықтың туы тігілген, бір үй, бір шаңырақ Мәңгілік қазақ елінің бейбітшілік халықтар достығының мерекесі 1-ші мамыр ынтымақ күнімен құттықтаймын. Татулық пен достықты ту етіп, бірлікті жыр еткен Қазақстан халықтары арасындағы мызғымас достығымыз бүкіл әлемге баянды болсын, Мәңгілік қазақ еліне абыройлы жеңістер әкелсін. Бейбітшілік ынтымақ мерекесі құтты болсын, ардақты Қазақ елі, құрметті әзиз халқым! 

 Қазақбай ҚАСИМОВ, 

 Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, халықаралық қауіпсіздік саласының профессоры, академик

Қазақ үні

Барлық құқықтар қорғалған. Көшіріп басуға рұқсат етілмейді.