МАҚТАРАЛҒА КӨМЕК - АҚ ЖОЛ" АЛҒАШҚЫ МИЛЛИОНЫН АУДАРДЫ

"Ақ жол" партиясы бүгінгі онлайн өткен парламенттік фракция жиынын Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су тасқыны мәселесіне арнады. "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жүргізіп отырған жиында алғашқы сөз алған партияның Орталық Комитеті хатшысы Арман Сқабыл: "Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су тасқыны болғанын бәріміз білеміз. Кеше әріптесіміз, белгілі ақын Қазыбек Исаның "МАҚТАРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚИЫН, ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!" аты мақаласын оқып көп нәрсеге көз жеткіздік. Жағдай біз ойлағаннан көп ауыр екен. Сондықтан бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жасасақ деп ойлаймын."-деді. Мақтаралдағы жағдай туралы "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Иса сөйледі: "Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты тасқын су Түркістан облысы Мақтарал ауданының ауылдарын басып қалды. Кеше ғана кешке 22 мың адам эвакуацияланып еді, бүгін 32 мыңға жетті. Мен арнаулы штабқа, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанға хабарласып соңғы мәліметтерді алып отырмын. Тікұшақпен түсірілген видеоны көру қорқынышты - Мырзашөл айдын көлге айналып, даланы басқан су телегей теңіз болып жатыр. Кеше жаңаеы Арман Сқабылұлы айтқан мақаланы жариялағанда, бұл видеоларды да салдық. "Мырзашөл халқының басына төнген ауыр апатқа Президенттің өзі араласпаса, жағдай қиындап бара жатыр...."деп жаздық. Президентке рахмет, бүгін Мақтаралға көмек көрсету үшін Үкімет комиссиясы құрылды. Азат Тұрлыбекұлы, өзіңіз хабарласып, депутаттық сауал жасау туралы ұсыныс жасадыңыз. Арекең де осыны айтып, қолдап отыр, рахмет! Былтыр Арыс апаты болғанда ертеңіне Азеке, өзіңіз бастап ұшып барып едік. Енді мынау карантин жолымызды байлап отыр. Бірақ сол кезде Арыс апатына байланысты депутаттық сауал жасап, партияның көмек қоры құрылғандай, есепшот ашып, филиалдарымыз мүмкіндіктеріне қарай көмек қолын созса деп отырмыз. Мақтаралдағы жағдай бір өңірдің ғана емес, еліміздің басына түскен, сондықтан еліміз болып бірге көтеріп алатын ауыр сынақ! Ең бастысы, қиын жағдайға тап болған мақтаралдықтардың баспаналары мен дүние-мүлкі, малы мен егісі нақты есептеліп, мемлекет шығынды өтеуі керек болып тұр. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов те мақтаралдықтардың жағдайына байланысты депутаттық сауал жасауды қолдады. Азат Перуашев ең алдымен Үкіметке шұғыл хат жазып, сәрсеебі күні депутаттық сауал жасау керек деп тұжырымдады. "Ақ жол" партиясы ашатын Мақтаралдықтарға көмек қорына бастама ретінде алғашқы бір миллион теңгені бірден аударуға тапсырма берді. Тарихы терең Мырзашөлде жер еміп өскен, маңдай терден маржан төгіп, шөлстанды гүлстанға айналдырған еңбекқор Мақтаралдықтарға қасиетті Рамазан айында Алла жар болсын! Біз сіздермен біргеміз! Ақ жол! "Қазақ үні"