Өзбектер Сардоба су қоймасының нашар салынғанына наразы
2020 ж. 03 мамыр
1898
0
Өзбекстанның Сырдария облысында орналасқан Сардоба су қоймасының апаты әлеуметтік желідегі өзбек жұртының наразылығын тудырды. ИА REGNUM сайтының хабарлауынша фейсбук желісіндегі «Уят.уз» тобына жазған өзбекстандықтардың пікіріне қарағанда, 2017 жылы пайдалануға берілген су қоймасының үш жылға толмай сыр беруі өзбек билігінің жемқорлығы мен біліксіздігі себеп болған.
Сонда жазылған пікірлердің бір парасы:
«Міне, біздің заманауи құрылысшыларымыз бен эксплуатация мамандарының сапасы. Осындай техногендік жағдайлар елімізде жиі болса, таңғалаймын. Осының бәрі кәсіби маманның жоқтығы, сапалы білім берілмеуінің көрінісі».
«Совет уақытын шексіз жамандай беруге болады. Бірақ сол кезде салынған ғимарттар әлі тұр. Әлі 300 жыл тұрар. Ал жаңа салған дүниелеріміз қирап, шатырлары ұшып жатыр. Тіпті, жер де сілкінген жоқ қой».
«Ендігі жағдай бұдан да асып түседі. Совет кезіде оқыған адамдар қартайып, өліп жатыр. Ал жаңа «мамандар» нағыз маман емес».
«Неше түрлі Сити саламыз деп, елдің қазынасын тонап бітті. Стратегиялық маңызы бар орындарға, жылу энергетикасына, газдандыру жұмыстарына, канализацияға мән берудің орнына ақшаны желге шашып әлек. Совет кезінде салынған құбырлар мен канализация әлі тұр. Оларды қайта жөндеу керек. Ал су қоймасы секілді құрылыстар біздің қолымыздан келмейтін секілді. Адамдар аман деп ойлаймын»
«Қандай АЭС туралы айтып жүрсіздер? Жел соқса шатыр ұшады, жаңбыр жауса, дамбы бұзылады»
«Дұрыс айтасыздар – бәрін ұрлаған. Бізде құрылыс осылай жүреді. Тұрғын үйлерде қисайып, шатырлары ұшып жатады. Жолдары да құм секілді ағып түсті. Ақшаны дұрыс бақылауда ұстау керек. Әйтпесе осылай жалғаса бермек. Жаңадан салынған ғимарттардың енді қаншасы қирады екен. Біреу қалтасын толтырады, қарапайым халық зардабын шегеді. Әділет пе осы?»
«Бәрін тонап бітті. Цементті, арматураны, ағаштарды, тасты ұрлайды, бірақ құрылыс тоқтамайды. Әбден апат болғанда, ғимараттың сапасы туралы сөз айта бастайды. Оған дейін тексеруге болмас па еді? Кім қабылдап алды? Жауап берсін! Құдай жазаларыңды береді!»
Сардоба апатынан соң халық кінәлі шенеуніктерді жауапқа тартсын деп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттің маңызды салаларында азаматтық бақылау болсын дейді.
Су қоймасындағы апаттан соң, 11598 адам эвакуацияланған. Қорғантөбе, Достық, Жұртдош ауылдарын су басып, негізі егін алқаптарына зияны тиген. Су қоймасының аймағындағы ауыл тұрғындары Мырзаабад ауданына көшіріліген. Ресми дерек бойынша, өлім жоқ.
Өзбекстандағы бұл су апаты біздің елге де зиянын тигізді. Қазіргі таңда Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 4 елдімекені: Жаңа-Тұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй) және Өргебас (194 үй) су астында қалған. Жалпы қызыл судан 620 үй бүлінген.
Тұрғындарды көшіру үшін 22 эвакуациялық орын даярланған. Бүгінгі күнге бұл орындарға орналасқан адам саны 7000 -ға жуық.
Эвакуациялық бөлімдерде тұрғындарды 120 медицина қызметкерлері тексеруден өткізуде. Полиция қызметкерлері Жеңіс, Жаңа-Тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас елімекендеріне 5 блок-бекет қойып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар, көршілес Жетісай ауданы, Қоғалы елдімекенінде қауіпсіздікті күшейту мақсатында 5 техника, 508 адам жұмылдырылған.
Жағдай тұрақты бақылауда, барлық қажетті көмек уақытылы көрсетіліп жатыр.