Мәжіліс депутаттары Тоқаевтың өкілеттігін кеңейтетін заңды қолдады
2020 ж. 30 сәуір
1020
0
Мәжілістің жалпы отырысында төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмін белгілейтін заң жобасы мақұлданды, - деп хабарлайды baq.kz.
Заң жобасының мақсаты әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай кезеңінде жедел шаралар қабылдау мүмкіндігі болып саналады. Заң жобасымен ҚР төтенше жағдайлар туралы және құқықтық актілер туралы заңдарына өзгерістер енгізу көзделеді. Аталған заңдар әлеуметтік-экономикалық салада төтенше жағдай енгізу кезінде қолданылатын негізгі шаралар мен уақытша шектеулер бойынша нормалармен толықтырылып отыр, - дейді заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, заң жобасында төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмі белгіленеді. Құжат төтенше жағдай кезеңінде заңнаманың жекелеген салаларының қолданылу ерекшеліктерімен толықтырылады.
Заң жобасында оларға 14 сала жатқызылады: салықтық, бюджеттік, кеден, банктік, еңбек, монополияға қарсы заңнама; денсаулық, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы заңнама; әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында; сондай-ақ елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру, - дейді Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, заң жобасымен төтенше жағдай кезінде Президенттің өкілеттіктері кеңейтіледі.
Ғылыми-экономикалық сараптаманың қорытындысында көрсетілгендей, Президент төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттің ұлттық, соның ішінде экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақтылығын сақтауға бағытталған шұғыл іс-қимылды талап ететін қоғамдық қатынастарға жедел араласа алады. Төтенше жағдай кезінде қабылданған құқықтық актілер режим аяқталғанға дейін күшінде болады. Олардың қатарына өзге қолданылу мерзімі белгіленген актілер кірмейді, - дейді министр.
Заң жобасын Мәжіліс депутаттары толықтай қолдады. Құжат Сенатқа жолданады.