Семейлік ғалымдар коронавирусты емдеудің тың әдісін ойлап тапты
2020 ж. 27 сәуір
1173
0
Семейдегі медицина университетінің ғалымдары облыстағы медициналық қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп жұқпалы дертті емдеудің жолын іздеген. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде олар әдістемелік нұсқаулық жасап, жағдайы ауыр науқасты емдеп шығарды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Семей медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісовтің айтуынша, коронавирус жұқтырған адамдарды емдеу бойынша нұсқаулық дүниежүзілік және жеке тәжірибеге негізделіп жасалған.
Бұл нұсқаулықта қауіпті дертпен ауыратын науқастарды емдеуге көмектесетін препараттар мен технологияларды рет-ретімен тізбектеп шықтық. Біз елімізде бірінші болып осындай әдістемелік нұсқаулық жасаған екенбіз. Оны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығардық. Бұл нұсқаулық қазір Қазақстандағы бүкіл облыс, қалаларға таралды, - дейді ол.
Оның айтуынша, университет зерттеу жұмыстарын жиі жүргізеді. Соңғы үш айдың ішінде ондағы ғалымдар вируспен күресудегі әлем тәжірибесін сараптап шыққан.
Ғалымдарымыз "Коронавирус инфекциясы анықталған науқастарды емдеу нәтижесінің болжамы мен қауіп-қатер картасын" жасады. Дәрігерлер өздеріне ыңғайлы болу үшін нұсқаулықтағы кез-келген бөлімді ашып емдеу кезінде қандай жағдайларға тап болулары ықтимал, қандай проблемалар туындауы мүмкін және оларды қалай болдырмауға болатындығын біле алулары керек. Біз Уханның тәжірибесін зерделеп, ондағы барлық басылымдарды және Оңтүстік Корея мен Жапонияның тәжірибелері жазылған жазбаларды аударып шықтық, - дейді Ерсін Жүнісов.
Айта кетейік, осы нұсқаулықтың арқасында Семей қаласында ауыр жағдайда жатқан науқас емделіп шыққан. 27 сәуір күні ол ауруханадан шығарылмақ.