Ақжолдықтардың қатары көбейіп келеді…

                                                           Еліміздегі атқарып жатқан елеулі ісімен ел аузында жүрген еңселі пар­тияның бірі де, бірегейі «Ақ жол» екені даусыз. Осы тұста «Ақ жол» ат­қарып жатқан ауқымды істерді тіз­бектеудің қажеті жоқ сыңайлы. Өйт­кені атқа­рылып жатқан ілкімді істер­дің дені жұрт назарында. Онымен «Жас қазақ үні» газетінің оқырман­дары етене таныс. Біздің айтпағымыз – жақында ғана Алматы қаласында өткен «Ақ жол» пар­тиясының Алаштың 95 жылдығына арналған Алматы қалалық филиа­лының конференциясы болатын. Партия басшысы А.Перуашевтың қатысуымен өткен алқалы жиында, Алаштың 95 жылдығына арналған маңызды баяндамалар мен қатар басқа да  ауқымды мәселелер қамтылды. Бас­тысы ақжолдықтар қатарының күн санап көбейіп келе жатқандығы еді. Бұған осы шара барысында да көзіміз жетті. Әсіресе, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары болып Қазыбек Исаның тағайындалуы зиялылар арасында "Ақжолға" деген ақ ниеттің өсуін байқатты. Осы күні «Ақ жол» партиясына өтуге  бірқатар зиялы қауым өкілдері мен жастар қауымы да тілек білдірді. Олардың қатарында тележурналист, Президент грантының лауреаты, Жур­налистер одағының сыйлығы мен «Күміс жаршының» иегері Иманбай Жұбаев, белгілі тележурналист, ақын Нұрлан Әбдібек, «Жас қазақ үні» га­зетінің Бас редакторы, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының ака­демигі Құлтас Достан, «Заң» газетінің Бас редакторы, ақын-сазгер, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты  Бекжан Әшірбаев, «Жас қазақ үні» газетінің жауапты хатшысы Гүлмира Садықова және тағы басқалар да бар. «Ақ жол» алдағы жылы бұл жыл­да­ғыдан да жарқын істерді жүзеге асы­рары анық. Өйткені ақжолдықтардың қатары қоғамның түрлі өкілдерімен күн санап артып келеді. Осындай белді партияның мүшелігіне өтіп, ел мұңын мұңдар, жоғын жоқтар атпал азамат­тардың қатарына қосылу біз үшін үл­кен қуаныш, әрі үлкен жауапкер­шілік. Алдағы уақытта «Ақ жолдың» сапында, ілкімді істер жолында жұ­мы­ла жұмыс жасайтындығымызды айт­қым келеді. Елдің өзі ақ жол тілеген «Ақ жол­дың» алда атқарар ауқымды ісі де мол болмақ.                                                    

                                                                    Гүлмира Садықова 

«Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы, Құлтас Достан:

Алаштың сара соқпағына  «Ақ жол» партиясы түсті»

«Алаш­­тың ардақты аламан-ұл­дары кейінгі ұрпағын жері мен елі үшін қайтпас күреске, ұлты мен жұрты үшін таймас тартысқа тәрбиелеп-тәлімдеген. Осынау орасан кү­ресті, маңызды майдан­ды – Алаш­тың асқар асулардан асатын ақ жолы деп түсінген. Алаштың жолы – тым бұра­лаң-бұрылысты болса, «Ақ жол» партиясының да соқпағы тақтай­дай тегіс, оқтаудай түзу болған жоқ. Тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей келе жатқан «Ақ жол­дың» енді ғана арнасы ашылып, даңғылы тазарған сияқты… Қай-қай байыпты басшыға да ақыл мен алғырлық ауадай қажет. Саяси күрестің кескілескен кү­рес­терінен сүрінбей өткен атпал азамат Азат Перуашевтың келуі­мен, шындығында, «Ақ жол» пар­тиясының тынысы кеңейіп, қа­наты ашылды. Ең алдымен, Қа­зақстандағы №2 партияға айнал­ған «Ақ жол» Парламент Мәжілі­сінің 8 депутаттық орны­на қол жеткізді. Сөз жоқ, бұл – жалпы партия басшылығы мен мүшеле­рінің жеңісі десек те, ең бі­рінші, Азат Тұрлыбекұлының ерен ең­бегінің, биік беделінің, асқақ абыройының жемісі. Бір даныш­панның: «Мықтыны мо­йын­дай білу де – мықтылық!» де­гені бар. «Жақсының жақсылы­ғын айт – нұры тасысын!» де­ген­дей, ақи­қаты: Азекең «Ақ жол» партиясы­ның жұмысына жаңа бағыт, тың түрен салды. Қазір «Ақ жол» партиясының мүшелері күн санап артып келеді. Біздің Алматы қаласының қар­сы қалың зиялы қауымы біздің пар­тиямыздың бағыт-бағдарларын ұстана бастады. Өйткені, біздің жолымыз ақ, ниетіміз түзу, жұмы­сымыз айқын, бұл – Алаштың мәңгілік мұраты мен мүддесі. «Қа­зақ хандығы – мемлекетшіл­діктің алтын көпірі» десек, ал, Алаш­тың идеясы – қазақ руха­ния­тындағы ең биік, ең берік идеялардың бірегейі. Алашорда, Алаш үкіметі, Ұлттық кеңес сын­ды ұғымдар қазақтың мемлекет­шілдігіне асыл арқау болды. Алаштың парасаты мен өл­шемін белгілеген «Алаштың айнасының» көрнекті қайрат­керлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды сындарлы да саңлақ тұлғалар – бүгінгі жаңа тұрпаттағы, тың ты­ныстағы «Ақ жол» партиясының ұлағатты ұстанымы, таймас тұ­ғыры болып табылады. Жақында ғана Елбасымыз Қа­зақстан халқына арнаған «Қазақ­стан–2050»: Стратегиясы қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Қа­зақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді дамыту. Біз ұр­пақ­тарымызға тілді мұраға қал­дыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадір­лейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәр­тебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атай­тын боламыз », – деді. Алаш арыстарының басты арманы – қазақтың бостандығы мен тәуелсіздігі еді. Құдай қол­дап, бодандық қамытын шештік, бірақ, елдің шынайы еркіндігі мен жұртымыздың бақытын еш­кім алтын табаққа салып әкеліп бермейді екен… Алашорда – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұр. Алаш идеясы, Алаш мұраты деге­німіз – қазақтың құқығын қорғау мен қолдау. Алаш зиялыларының пейіл-ниеті, ақыл-ойы, парасат-пайымы бізді ата-баба болмы­сынан тамыр үзбеуге, салт-дәс­түрінен күш-қуат алуға, жаңа­шыл, озық, көпшіл, бейбіт­шіл болуға үндейді. Мұны «Алаш­­тың айнасы» деп атаймыз. Кешегі кемеңгер алаш азамат­тарының сара соқпағына Азат Тұрлыбекұлы бастаған тың тұр­паттағы, жайсаң бағыттағы «Ақ жол» партиясы түсті»