«БАЙҚОҢЫРДАҒЫ» СОЛДАТТАР КӨТЕРІЛІСІ
2009 ж. 10 маусым
2207
0
- Намыс! Намыс! Қайдасың сен? ...Неге алмайсың бір тыным? Ұзақ түндер неге сенің, айқаспайды кірпігің? - Қадірлім-ау! Мен қалғысам, ішкен асың таңдайыңа татыр ма? Мен қалғысам, тумас еді, Аманкелді батыр да! Мұхтар ШАХАНОВ
Мен әскерге 1991 жылғы көктемгі шақырылыммен, маусым айында Шымкент қаласынан аттандым. Поездбен 17 сағатта «Төретам» станциясына жеттік. Станция мен «Ленинск» қаласының ара қашықтығы 4 шақырым. Бізді қалаға жаяу алып келді. Ертеңіне жиын өтті. Осы бөлімде 5-6 апта «Карантинде» болдық. Әскери «ант» қабылдадық. Ол антта, іргесі шайқалып үлгерген СССР-дің сойылын соғатын «Совет Одағына қызмет етем» деген сөздер бар еді. «Автомобиль» батальонында алдымен жұмысшы-солдат, содан соң штабта хатшы-референттің көмекшісі болып істедім. 1992 жылы 20-шы ақпан күні Қызылорда облысы аймағындағы «Байқоңыр» («Ленинск») әскери гарнизонында солдаттар көтерілісі «бұрқ» етті. «Долина», «95-ші», «113-ші», «115-ші», «118-ші алау» деп аталатын, негізінен мұсылман солдаттардың түрткі болуымен басталған бас көтеру 1-1,5 тәулікте жабық әскери қалашық – «Ленинскіге» қазіргі «Байқоңыр» қаласына жетті. Орталықтан 70-90 шақырым қашықтықта болған бұл көтерілістің тұтануын екі қазақ сарбазының ішімдік ішкен офицерлерден өлімші болып таяқ жеуінен кейін орын алды. Көтеріліс 20 ақпан күні басталды. Себебі, Байқоңыр әскери гарнизонындағы офицерлердің дені ішкі Ресейден, Москвадан тапсырмамен келгендер. Көпшілігі дөрекі, жұмыс уақытында олар ішімдік ішіп жүре беретін. Қазақстаннан, әсіресе ауылды жерден барғандардың әскери өмірі басқалардан ауырлай болды. Болар-болмас кемшілігің үшін таяқ жеу, кезектен тыс нарядқа ілігу...Өз құқыңды қорғау үшін кішкене болса да қарсы сөз айтып қалсаң сол үшін гауптвахтағы жабылуың мүмкін. Ал сол кездегі әскери жарғы тек біржақты офицерге қолайлы, қазақ сарбазына өте қолайсыз қызмет ететін. Гауптвахтағы заңсыздық: 1941-ші жылғы неміс-фашистерінің іс-әрекеттерін теледидардан емес, өз көзіңмен көріп, өз тәніңмен сезінгендей етеді сені. Гауптвахтағы қызмет ететіндер шетінен денелі, шымыр, әскерге дейін спортпен айналысқан, көпшілігі «Балалар үйінде» өскендер екен. Қолдарында автомат, дубинка және кісен жүреді. Әжетханаға барсаң да автоматты солдат ілесіп жүреді. Алматылық Бауыржан Саурықов айтады: «Күн суықта жалаңаяқ жүгіру, 3-4 күнде бір рет қана ыстық тамақ беру қалыптасқан жағдай болды. Арнаулы ағаш төсек таңғы бесте автоматты түрде жиналып алынады екен. Содан кейін солдаттар мұздай еденде шинелін төсеп жатады екен. Офицерлердің бұйрығын орындау, сенің таяқ жеуіңмен бірге, «Баран!», «Тварь!», «Глупас животное в двух ногах!», «Пещерада туып өскен!» деген секілді арнамысыңды таптайтын сөздерді естуіңмен аяқталады екен». «Байқоңырдағы солдаттар көтерілісінің» жоғарыдағыдан басқа да мынадай басты себептері болды. Бірінші - екі-үшайға дейін солдаттар ақ нан, сары май, шекер тағы да басқалай күнделікті рационға қажет нәрселерді көрмейтін. Екінші – солдаттар 2-3 ай монша көрмейтін. Жарық жиі өшетін. Ыстық су жоқтың есебі болды. Үшінші - әскери бөлім басшылары өздерін өте биік ұстады. Солдаттарды басынғаны сонша «Ақай», «Төретам» сынды жақын станциялардағы, сол аймақтағы ағайын-туыс, таныстарына қызметші ретінде сыйлайтын. Жалпы тәртіпсіздік, жаппай наразылыққа ұласты. Жоғарыдағы екі солдаттың мас офицерлерден өлімші болып таяқ жеуі отқа май құйғандай болды. Кей бөлімдерде солдаттар казармаларын өртеп жіберді. Телефон желілері үзілді. Бөлім штабына өрт қойды. Солдаттардың біразы қоймалардан жаңа киімдер киіп алды. Гараждардан әскери машиналар шығарылды. Оған бөлініп мініп алғандар бар. «Байқоңыр» аймағындағы қара суыққа қарамастан шамамен 70 мыңға жуық солдаттар жаяу жылжып «Төретам» станциясынан қалаға жақындап келе жатты. Көтерілісшілер мен қызмет етіп жатқан «Девяткаға» 23-ші ақпан күні таң ата жетті. «Бауырлар!», «Қазақтар, еріңдер бізге!», «Қалмаңдар мұнда!», «Тоза-тоза біттік!», деген сөздер айтылды. Біз де оларға қосылдық. «Төретам» станциясында ұзақ тұрдық. Қалалық басшылықтан өкілдер, бір–екі депутат келді. Әңгіме жүргізді. Гарнизон басшылығымен хабарласты. Олар Москвадан Министрлікпен хабарласып үш бағытта поезд эшалондарын жіберу мәселесін шешті. Біз сол шешімнің орындалуын күттік. Ол талабымыз орындалды. Мәскеуден поезд келгенше бізге жағдай жасалады. Ыстық тамақ берілді. Станция маңайындағы тұрғындар да бізге азық-түлік әкеп берді. «Айналайындар! Сендер де бір-бір үйдің еркесісіңдер ғой» деген мейірімді сөздерді естіттік. Алғашқы эшалон 24-ші ақпан күні өтті. Барлығымыздың қолымызға «отпускной справка» жазылып берілді. Әрқайсымызға 100 рубльдан қаражат үлестірді. Содан кейін пойызға міндік. Қанат СЕРІКБАЕВ