Оңтүстіктегі тәуелсіз басылымдар генераторы

      Кез келген шаруаны табанда шешіп тастайтындай құдірет-күшің  болмаса да, өзіңді керек адамға бағалағаны қандай жақсы! «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, толымды пікір мен жылы лебіз адамды асқаралы мұраттарға жетелейді, жігерлендіреді. Ондай қанатты сөзден қуат, ерік-жігер алған адам өзінің қоғамға өте қажеттігін сезініп, жазатайым тайып жығылған тұста да үсті-басын қаққыштап орнынан тұрып кетуге тырысады. Атам-заманнан бері белгілі қағида, ол адамды көтермелей білу, сыйлау, құрмет сезімін ояту және жақсылық нәрсеге жаны қалмай бірге қуану. Кім болса да, мейлі, ол үлкен, не кіші болсын, ел азаматтарының жақсы қасиеттерін сөз ету қандай ғанибет! Соны көру, тани білу, жақсылығын мойындау және адами қасиетін дөп баса айта білу үшін үлкен жүрек, жоғары мәдениет және ыстық ықылас қажет. Неліктен осындай жағдайға келгенде мойынымыз бұрылмайды, яғни «ұлтым», «елім» дейтін азаматтарды ардақтап, алақанға салуға шорқақ келеміз. Бүгін мақаламда оңтүстік өңірінде журналистердің «генералы» болған, өзіндік медиабрэндін қалыптастырған «Айғақ» медиа-холдингінің іскер басшысы, облыстық мәслихатының депутаты Дулат Назарбекұлы Әбіш туралы сөз етпекпін. Өзім Ақжайық өңірінің азаматымын, шырайлы Шымкент қаласында әртүрлі басылымдарда тілші, кеңесші, бас редактор орынбасары және  директор қызметін атқардым. Жұмыс барысында өз істеріне өте шебер, білікті, принципшіл біраз журналистермен қызметтес, серіктес және жақын таныс болдым. Олардың жауапкершіліктеріне, атқарған ұқыпты істеріне және тапсырманы нақты, дәл орындайтындарына үнемі риза болатынмын. Сол әріптестерімнің бәрі де «Айғақ» газетінен қанаты қатайып, ұшып шыққанын мақтанышпен айтып, «бізді осылай тәрбиелеген, білім-білігімізді шыңдауға, ой көкжиегімізді кеңейтуге ықпал еткен және  бөлек басылым болып шығуға азды-көпті материалдық беріп, бағыт-бағдар сілтеген ұстазымыз Дулат Әбіштің арқасы, біз ол адамға мәңгі қарыздармыз» дейтін. Дулаттың басшы болғандағы мәрттік, жанашырлық қасиеттін де жиі айтатұғын. Бұрын қарамағында болған қызметкерлердің шын жүректен шыққан сөздері Д.Әбіштің басылымды дамыту стратегиясын дұрыс таңдап, кәсіби шеберлігі жоғары мамандарды өзі дайындап, оларды бір мақсатқа жұмылдыра алғанына нақты дәлел. Сонымен қатар, нарықтық заманда жоқтан бар құрап «Айғақ» газетін аяққа тұрғызу үшін таңды көзбен аттырып,  қажыр-қайраты мен ерік-жігерін аямай жұмсаған азаматтық ұстанымы бар мықты менеджер және алыс-жақын келешекті болжап, стратег бола білген Дәкеңнің төгілген маңдай терінің зая кетпегеніне көз жеткізуге әбден болады. 16 жыл бойы халық жағдайын шынайы көрсетіп, ұлттық мүддені көздеп, рухани және демократиялық құндылықтарды дәріптеп келетін «Айғақ» газетінің негізін қалаушы және  жетекшісі ретінде Дулат Назарбекұлы  халық арасында үлкен абырой-беделге ие болды. Ол бар күш-жігерін, ақыл-парасатын туған еліне, ұлтына бағыштаған, өзі басқарған барлық жұмыста үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, ұшқыр ойлы,  турашыл мінезімен көріне білді. Жас мемлекетімізге  5 жыл толған кезде ол ұстаздық қаламын, журналистер қаламына алмастырып, «Айғақ» газетін ашып, ел тәуелсіздігіне және халық мүддесіне жұмыс жасап, нәтижесінде халық қалаулысы және көптеген ауданның «Құрметті азаматы» атанды. Өз басым Дулат ағаның ел алдындағы ерен еңбегі мен адами жақсы қасиеттерін өз жерлестерінен естігенім болмаса бетбе-бет жүздесіп көрмеп едім. Тек облыстық деңгейдегі үлкен жиындарда және телеарналарда  халық жағдайы, ұлт болашағы туралы мәселелерде Дәкеңнің ешкімнен тайсалмай сөйлеген салиқалы сөзін тыңдап, тәнті болдым. Осындай «жұртым» деген, қиын-қыстау кезде ел ортасынан табылып, тәуелсіз баспасөз  ашып, оған тікелей басшылық жасап, күрделі істің ең алғы шебінде болып, көптеген ұйымдастыру шараларын шаршамай, өзгеше бір іскерлікпен, көрегенділікпен теңдессіз атқарған абзал азамат Дулат Әбіштің жақсылығын қанша айтсақ та артық етпесі сөзсіз. Өйткені, Дулат аға басқа біреулер секілді тума-танысы, жоғарыдағы  мықты «көкесі» арқылы елге елеулі болып, жылы креслоға көлденең «күмп» етіп отыра салып, қазіргі деңгейге дейін көтерілген жоқ. Қалың бұқара ішінде өсіп, жұртының көз алдында қалыптасып, қарым-қабілеті мен адами қасиеті және іскерлігімен танылған рухани тұлға.  Педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған қазақтың қара домалағы өзіне жүктелген міндеттерді абыройлы атқара жүріп, ел ағасы атанып, республика көлеміне танымал беделді қайраткер дәрежесіне жетті. Ал, ойы айшықты «Айғақ» газеті мен ұлт мүддесін көтерген «Айғақ» телеарнасы рухани құндылықтарымыз бен тарихымызды кеңінен насихаттай білді. Қазіргі уақытта атақ-даңқысына, лауазым қызметіне, жасаған ісіне және танымалдылығына, тіпті ақшасына сеніп дандайсып кететіндер көп. Ал, Дәкең оңтүстік өңіріндегі журналистердің «генералы» және тұңғыш тәуелсіз басылымды ашудағы идеяның «генераторы» болса да «мен» деп даңдайсына төс қағып, өзін мақтап естелік жазбады немесе өзгеге жазғызбады. Ол өзінің көпті көрген кеңшілдігін көрсете, серілігін сезіне отырып және адамгершілігін алға тартқаны болар. Адамның басындағы бақ мінез-құлқыңа, адамдығыңа, парасатыңа байланысты қонақтайды. Басқа қонған бақты да басып тұрар салмақ керек. Еліміздің журналистка саласында еңбек етіп жүрген талай жоғары кәсіби кадрлар дайындап шығарса да, бұл кісінің парасаттылығы, азаматтығы сонда, ешқашан осы шығарған журналистердің бірін де айтып, міндет қылмайды. Керісінше, осылардың барлығына аға боп, жаға боп келе жатыр. Бұл кісі - бүгінгі жемісін емес, ертеңгі жетістігін ойлаған адам. Елудің еңсеріне   шығып, көптеген жетістіктерге жеткен асыл азамат, асқаралы алпыста да талай асуларға шығатына сеніміміз мол. Дулат Назарбекұлының салиқалы сөздерінен, жазған ойлы мақалаларынан оның шынайы адами қасиеті мен келбетін, сол арқылы басылымның басты бағыты мен мақсатын ашық, айқын көруге әбден болады. Ендеше «Айғақ» газетінің кәсіби деңгейі жоғары және ұшқыр ойлы ұжымы, ел-жұртының мүддесін көздеп, жоғын жоқтап, халықтың алғысын арқалап, ризашылығына бөлене беретіне нық сенімдімін. Онсызда атақ-даңққа кенде емес Дулат Назарбекұлы Әбіштің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  21 жыл толуына байланысты ҚР Президенті Н.Назарбаевтің Жарлығымен «экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбектері» үшін берілетін  «ҚҰРМЕТ» орденімен марапатталуы жоғарыдағы сөздеріме айғақ болып, мақаламның мазмұнын аша түсетіні сөзсіз.  Талғат  Қатауов                                                                                                                       Орал қаласы            Байланыс тел. 87781356319, 87775647384             Эл. пошта:  talgat.katauov.71@mail.ru