Қазақ аруларының арманы атажұртта орындалсын

16 Желтоқсан 2012, 10:5160
 АСТАНА. 16 желтоқсан. BAQ.KZ – Бүгін барша қазақстандық үшін ғана емес, шетелдегі қандастарымыз үшін де ерекше маңызды күн. Міне, Қазақ елі тәуелсіздігін тіктеп, азаттығын алғанына тура 21 жыл толды. Ата-бабамыз аңсаған осы бейбіт өмірдің шамын жағып отырған Тәуелсіздік құтты болсын! Ұлық мереке қарсаңында шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының басшылары мен белгілі қазақ азаматтарынан Қазақстанның бүгінгі дамуы, тәуелсіздіктің арқасында алыстан атажұртқа ағылған ағайын мен тарихи Отанына орала алмай жүрген қандастарымыздың хәлі және шеттегі қазақтың егеменді елімізге ұсыныс-пікірлері сияқты бір қанша сауалдарымыз төңірегіндегі ойын білуге тырысқан едік. Моңғолиядағы «Арулар» қазақ әйелдері қоғамының төрайымы, «Ару жұлдыздар» журналының бас редакторы Айнагүл Сарайқызы өз ойын төмендегідей білдірді.   Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бар қазақтың ортақ Отаны өркендей берсін, қазақтың береке-бірлігі арта түссін! 
  Айбынды атажұрттың әлеуеті арта берсін! Қазақстанның экономикалық жағдайы нығайды. Дүниежүзіне танылған айбынды елдің біріне айналды. Сәулетті құрылысымен әрбір адамды таң қалдырарлықтай әсем де асқақ Астана қаласын аз жылдың ішінде тұрғызды. Жыл сайын ұлттық қоры артып отырғаны әрбір қазақты қуантады. Өзінің валютасы теңгені шығарды. Көптеген адамды жұмыспен қамтыды. Қасиетті қазақ тілі кеңінен өркен жайды. Атамекенге сан мыңдаған ағайын көшіп келді. Алғаш көшкендерді ұшақпен алдырды. «Нұрлы көш» бағдарламасы басталды. Көптеген әлеуметтік көмек көрсетілуде. Қазақ елінің бүгінгідей асқақ келбетін қалыптастыруда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ерен екені әрбір қазаққа аян. Қайда жүрсек те Қазақ елімен мақтанамыз Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Тәуелсіз жеке мемлекет орнағанын көре алған да бар, көре алмай арманда кеткендер де бар. Осы күнді көрген біз бақыттымыз деп ойлаймын. Қазақтың бәрімен бірдей төбеміз көкке жеткенше қуандық. Қазақ елім дейтін кім болса да ұлтын ұлы тұтып, егеменді ел болған Қазақстанымен мақтанады әрі арқа тұтады. Біз шетелде жүрсек те Қазақ елімен мақтанамыз, оның әрбір табысына, дамуына шаттанамыз. Небары 21 жыл ішінде әлемге аты әйгілі елдердің қатарына жетті. Шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын Қауымдастықты орнатты. 4 рет дүниежүзіндегі қазақтардың басын қосып Құрылтай ұйымдастырды. Қазақтар көптеп мекендейтін жерде Кіші құрылтайлар ұйымдастырды. Қазақ еліне қандай бір жұмыс шаруамен немесе туыс-туғандарымызға қыдырып келсек иығымыз көтеріліп, шаттық сезімге бөленеміз. Астана қаласының 10 жылдығы, Дүниежүзінің қазақтарының IV Құрылтайы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығы сияқты үлкен жиындарға қатысу мен үшін зор мақтаныш әрі абырой болды. Ол қуаныш, шаттықты аз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Моңғолиядағы қазақ желектілерінің басын қостық  Моңғол еліндегі қазақ арулары ұлттық рухани байлықты ұрпақ зердесіне жеткізу үшін еңбек етудеміз. Арулар өздерінің үкіметтік жұмысының сыртында «Ару жұлдыздар» журналын маусым сайын шығарып Моңғолия көлеміндегі ағайындарға жеткізіп отыр. Атамекенде өзіміз қатысқан әрбір іс-шараны елдегі ағайындарға баспасөз арқылы айтудамыз. Моңғолияда гендер заңы іске асып, әйел теңдігі жайлы көптеп айтылуда. Әйелдердің құқығы жөнінде жазылуда. Үстіміздегі жылы Моңғолияның Парламентіне 10 шақты әйел сайланып әйелдер жөнінде халықтың ой-пікірі өзгерді деп айтуға болады. Қазақ аруларының арманы атажұртта орындалсын Бұл күнде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанға шеттегі қазақтар, соның ішіндегі Моңғолиядағы қазақ арулары атынан бірнеше өтініш айтқым келеді. Ең алдымен, атамекенге оралған ағайындар, соның ішінде шетелдерде білім алған жоғары білімді қыздар өз мамандығымен жұмысқа орналасса; Атажұртты аңсап жеткен ағайынның ҚР азаматтығын алсам деген тілегін ұзаққа созбай, деркезінде шешсе; Жаһан қазақтары қатысқан қандай да бір маңызды жиындарға шетте жүрген қазақ әйелдерінен де көптеп қатысса, сонымен бірге Қазақстандағы әйелдер ұйымының шетелдерде жұмыс жасайтын қазақ әйелдерімен тығыз жұмыс жасаса екен. Майгүл СҰЛТАН