Бағдарламаны «Таңшолпан» деп атаған Шерағаң.

Иманбай Жұбаев: Бағдарламаны «Таңшолпан» деп атаған Шерағаң. 

Әрбір қазақстандықты көтеріңкі көңіл күй, жайдары үнмен оята­тын «Таңшолпан» таңғы бағдарламасының эфирге жол тартқанына биыл тура жиырма жыл толды. 1992 жылы 14-жел­тоқ­санда тұңғыш рет қазақ көрермені қазақтың әуезді әні, тағылымды әңгімесімен көзін тырнап ашқан еді. Сол сәттен бері, «Таңшолпан» қазақтың негізгі һәм басты бағдарламасына айналды. Шынын айту керек, отандық телеарналарда 20 жыл­дық тарихы бар бағдарлама болған емес.
 Тәуелсіздік алған жылдан бері, жаһандану дәуіріне, жанданған, гүлденген жаңа Қазақстанға дейінгі кезеңді түгел қамтыған бағдарлама да - «Таң­шол­пан». Қазақтың тұңғыш таң­ғы бағдарламасының жарық­қа шығуына Шерхан Мұртазаұлы мұрындық болған. Ал «Таңшол­пан» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасы­ның ең алғашқы жетекшісі - тележурналист, Президент грантының лауреаты, Журналистер одағының сыйлығы мен «Күміс жаршының» иегері Иманбай Жұбаев. 20 жыл­дық мерейтойдың қар­саңында Иманбай ағаға жолығып, «Таңшолпанның» тарихы һәм бүгінгі қазақ телевидениесінің бет алысы жөнінде аз-кем сұхбаттасқан едік. - «Таңшолпан» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойымен құттық­таймыз. Бағдарламаның қысқаша та­рихына тоқталып өтсеңіз. - «Таңшолпанның» дүниеге келуіне Шерағаң себепкер болды. 1992 жылы кор­порацияға басшылыққа келген Шер­хан аға бағдарламалар сеткасын, эфирді қарап отырып, күн сайын эфирдің екі сағат уақыты «МаксТВ» телеарнасының орысша бағдарламасымен толығып тұр­ғанын байқап, «бұл қазақ өз тілінде оян­бай ма?» деп шамданған болу керек. Ағамыз бірден шешім қабылдап, сол жыл­дың қараша айында мені телеар­наның бас директоры Рафаэль Бай­кен­ұлы шақырып, таңғы бағдарламаны да­йындауымды сұрады. Сөйтіп, 1992 жыл­дың 1 желтоқсанында «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясының, қазақ теледидарының «Таңшолпан» таңғы ақпараттық-сазды бағдарла­масы­ның Бас редакторы қызметіне кірістім. Ал «Таңшолпан» 1992 жылдың 14 жел­тоқ­санында, дүйсенбі, 7.00-9.00 аралы­ғында ашылды. Алғашқы хабарды өзім және жүргізуші Лаура Юсупжанова жүр­­гіздік. Міне, осы «Таңшолпан» бір жарым жылдың ішінде мыңдаған кө­рер­мендерге рухани қуаныш сыйлады. Бас редактордың орынбасары Бақберген Табылдиев, бөлім меңгерушісі Серік Есе­нов, бас режиссер Нұрлан Жұма­ниязов, режиссер Асыл Қаптағаева, ре­дакторлар - марқұм Кенжебай Жармұ­хамбетов, Ғалия Әженова, Азамат Қа­лымбетов, Мұхтар Түменбаев, Дархан Наушабаев, Қуат Борашев, Базархан Айтмағамбетов, Әміролла Саримов, Гүлмария Көптілеуова, Құдайберген Қа­зыбаев, Махамбет Сәрсенбиев, Ғазиз Тастаев, Балжан Баялиева, жүргізуші­лер - Ләззат Танысбай, Гүлмира Дайра­баева, Хадиша Жәмекова, Лаура Юсуп­жанова, Архат Садықов, Ругина Лоджу, Жасқылық Шүйтенов, ассистенттер - Сәулет Бекмағамбетова, Эльмира Шо­рабаева, көлік жүргізушісі Саят Шәй­мерден және басқалары бағдарламаның басы-қасында жүрді. Алғаш жарыққа шыққанда «Таңшолпанның» арнайы айдар­ларын жүргізгендер «Зейнеп апайды тыңдасақ..» жазушы - Зейнеп Ахметова, «Заң мен заман» Мақсұт Нәрікбаев еді. - Бағдарламаны «Таңшолпан» деп атау кімнің идеясы? - Бастапқыда бағдарламаны жай ғана таңғы бағдарлама деп атаған едік. Яғни ешбір аты жоқ еді ғой. Бағдарлама бекітілген соң, Шерағаң «Таңшолпан» деп атады. Әрі бұл жазушы ағамыздың кейіпкерінің есімі ғой. Сөйтіп, ағамыз батасын беріп, эфирге шығардық. - Қазіргі «Таңшолпан» мен алғаш­қы «Таңшолпанды» салыстырып кө­рейікші. Қандай айырмашылықтар мен ерекшеліктерді байқайсыз? - Әрине, айырмашылығы көп қой. Жалпы, таңғы бағдарламаның басты мақсаты - халықты ұйқысынан оятып, қысқа да, нұсқа ақпараттар тарату. Ме­ніңше, «Таңшолпан» қазақ телеарна­сының кішігірім жинағы сияқты. Өйт­кені бағдарламада мәдениет те, әдебиет те, рухани-әлеуметтік, қоғамдық мәсе­ле­лер де қамтылады. Қазір жастар бағ­дарламаға араласып, бәрін өзгертті ғой. Қазір ұлттық арнада технологиялық жа­ғынан барлық мүмкіндіктер бар. Тек жұмыс істеу керек. Бағдарламаның әсер­лі шығуы журналистердің шебер­лігі, ойының ұшқырлығына байланыс­ты. Бірақ меніңше, қазіргі «Таңшол­- пан» жылтырақ сияқты. Кемшілігі де осы болар. Тағы айтып өтетін жайт, өт­кенде ғана «Таңшолпанның» 20 жыл­дығына орай, дүркіреп кеш өтті. Сол кеш­тің қарсаңында бағдарламадан жас қыздар хабарласып, «Аға, біздің бағ­дарламаның мерейтойы ғой, соған сізді қонақ ретінде шақырамыз» деді. Бұл - жай ғана бүгінгі толқынның емес, бір­неше ұрпақтың бағдарламасы. 20 жыл­дықты жасап, дүркіретіп тойлауға «Қа­зақстан» телерадиокорпора­циясы­ның жетекшісі Нұржан Жалауқызы рұқсат беріп, қаражат бөліп отырғанда, тойды өз деңгейінде өткізу керек еді. Шы­ным­ды айтсам, бізден ақыл сұрап, «былай жасасақ қалай болады?» деген адам бол­ған жоқ. Телевидениеде әрбір бағдар­лама журналистің ішін жарып шыққан баласы іспеттес. 20 жылдық тарихы бар бағдарлама қазақ телевизиясында жоқ. Кеш барысында «Таңшолпанның» жа­рыққа шығуына ат салысқан азамат­тардың көзі тірісін құрметтеп, өмірден өткендерін еске алу керек еді. Тіпті бағ­дарламаның шығу тарихын баяндап, кешті жандандыруға да болар еді ғой. Әрине, бұл тек менің ғана пікірім. - Алғаш «Таңшолпан» эфирге жол тартқан кезде, бағдарламаны өзіңіз жүр­гіздіңіз. Содан бері талай жүргізуші өзгерді. Бүгінгі «Таңшолпанның» жүр­гізушілеріне көңіліңіз тола ма? - 90-жылдары телевидениеде бағ­дар­ламаның редакторы әрі жүргізушісі бір адам болатын. Мәтінді де бір адам жазады, жазған мәтінін өзі оқиды. Сол кезде талантты жігіттер көп болатын. Кейін келе, бағдарламаға жастарды тар­та бастадық, бірақ әр жүргізушінің қасында бір редактор болды. Қазір де сондай шығар. Жалпы, қазір телеви­де­ниеге жүргізушілерді сұлу деп іздемей, оның ішкі жан дүниесіне, журналис­тикаға деген икеміне қарау керек. Ру­хани азығы әлсіз адам мәтінді жай ғана оқумен шектелсе, бағдарламаның мәні де болмайды. - Отандық телеарналарда біраз жыл еңбек еткен әккі мамансыз. Ке­зінде «Бар мен жоқ» атты тұңғыш ток-шоу-дың басы-қасында жүріп, жүргіз­діңіз. Бүгінде қазақ телеарналарында ток-шоу жанры жанданып келеді. Сын да, мін де айтылып жатыр. Өзіңіз бү­гінгі ток-шоуларға қандай баға берер едіңіз? - Ток-шоу жанры Америкадан бас­тау алып, Ресейге жетті, одан біздің елімізге келді. 1992 жылдан 2002 жылға дейін қазақстандық телеарналарда ток-шоу атымен болған жоқ. Сол заматта ток-шоуды пікірталас деп алатынбыз. Мәселен, Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» деген бағдарламасы болды. Бұл бағдарламада ток-шоудың элемент­тері болды. 2000 жылдары «Заман сауал» деген бағдарлама «31 ар­надан» бастау алды. Сол жылдары Гүл­жан Ерғалиева­ның «Общественная по­зиция» деген ток-шоуы болды. Өкі­ніш­ке қарай, бағ­дарлама жабылып, қазақ тілінде ток-шоу ашу қажеттігі туындады. Сөйтіп, «Сорос Қазақстан» қоры ар­қы­лы қар­жы­ландырылып, «Бар мен жоқ» эфирге жол тартты. «Бар мен жоқ» тұң­ғыш рет интерактивті режимде эфир­ге шық­ты. Тағы бір ерекшелік, бағдар­лама ба­рысында «иә» немесе «жоқ» деп кө­рер­мен дауыс беретін. Одан кейін эфирге «Дода» шық­­ты. Қазір телеарналардан ток-шоу­лар көптеп берілуде. Бірақ ток-шоуды жүргізетін журналистің білімі, зерек­ті­гі болу керек. Байқасаң, соңғы кездері кей ток-шоуларда екі жүргі­зу­ші жүр­гізеді. Бұл дұрыс емес. Ток-шоу­дың бір жүргізушісі болу керек. Екі жүр­гізуші бір-бірін тыңдамай, кейде өзін ғана көрсетуге талпынады да, бағ­дар­ла­маға келген қонақтың пікірі мен сөзі еске­ріл­мей қалады. - Тележүргізушілер демекші, соң­ғы кездері әншіні де, бишіні де телеви­дениеге тартатын болдық. Бұл қанша­лықты дұрыс? - Қазір атын шығарғысы келе ме, рейтинг жинағысы келе ме, журналис­тикаға қатысы жоқ адамды тарту дағ­дыға айналды. Әрбір журналистің, теле­жүргізушінің ішкі білімі терең, кә­сібіне деген ыстық махаббаты болу ке­рек. Қолында дипломы жоқ, бірақ та­лантты журналистер бар. Бірақ кә­сіпке қатысы жоқ адамды тарту дұрыс емес. Теле­жүр­гізушілерді тарту әрбір те­леарнаның, компанияның басшы­ла­рының ер­кінде. Бірақ қазір жас теле­журналистке бағыт, нұсқау көрсете­тін кітапшалар әлі күнге жоқ. Осыдан 33 жыл бұрын біз университетке қабыл­данғанда, сюжет дегеннің не екенін біліп келетінбіз. Ал қазір тележурна­листерге қалай жұмыс істеу керектігін, сюжет дайындау, пікір алудың жол­дарын үйретер кітапшалар жоқ. Том-том кі­таптар шығарылып жатыр, бірақ нақты тәжірибеге бағыттар оқулықты шаммен іздеп таппайсың. - Мүмкін, өзге кәсіп иесінің теле­арнаға көптеп тартылуына осы бір кем­шілік себепкер шығар? - Оның үстіне қазір журналистерді дайындайтын оқу орындары түлек­терінің кейінгі тіршілігіне мән бермейді. Қолына диплом берсе болды, жұмыс тауып беру жағына бас қатырмайды еш­кім. Жоғары оқу орындары мен теле­арналардың арасында келісім болу ке­рек меніңше. «Іс-тәжірибеден өтіп, өзін көрсеткен жас маман алдағы уақытта осы телеарнаға кадр ретінде қабыл­да­на­ды» дейтұғын келісім керек. - Телеарна саласында өзіндік ор­ныңыз бен қолтаңбаңыз қалыптасты. Жалпы, 1992 жылдан бері 20 жылда қазақ телеарнасында не өзгерді? Ар­тықшылығымыз неде, кемшілігіміз қайсы, отандық телеарналарға не же­тіспейді бүгін? - 1992 жылы заң бойынша коммер­циялық телеарналар ашылды. Алғаш­қы коммерциялық телеарна «КТК», одан соң «31 арна» шықты, «Таң» бар. Ком­мериялық арналардың ішінде алда келе жатқаны - «31 арна», онан соң - «КТК». Жалпы, ақпараттық бәсекенің болуы жақсы. Өйткені бәйгенің ал­дында кім келе жатқанын аңғара ал­майсың. Тіпті мемлекеттік арналар да бәсекелес келе жатыр. Әрине, мемле­кет­тік арнаға бөлінер қаражаттың кө­лемі де жаман емес. Бір қуантарлығы, қазір қазақ телеарналарында ойы ұш­қыр, зерек жас журналистердің шо­ғыры қалыптасты. Тек жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Қазір тәртіп солай ма, белгісіз, біздің кезімізде жас маман алдымен редактор болады, содан та­ланты мен талабы болса, екі-үш жыл­дан кейін аға редактор атанады, ары қарай бөлім меңгерушісі болады. Барлық қызметті бір редакцияда меңгеретін. Ал қазір журналистиканы бітіріп келген адам, бірден бастық болады. Қазақ те­леарналарының кемшілігі де осы шығар. Жастардың бойында «өзім білемін» деген амбициясы басым сияқты. Сосын телеарнаны жандандыру үшін, әсіресе, мемлекеттік телеарнаға өзге телеар­налардағы білікті, білімді журналистерді тартып, қолайлы жағдай жасаса, те­леар­наның сапасы арта түсер еді. Кіл мық­тылар жиналған жерден сапа да, сан да шығады. - Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

"Айқын"

*Тақырып өзгертілді