Тұрсынбек Өмірзақов. Қолдауды да қолдау керек.

ҚОЛДАУДЫ ДА ҚОРҒАУ КЕРЕК

Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты.          «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында шағын және орта кәсіпкерлікті сервистік қолдау мақсатымен олардың бизнес процестеріндегі кейбір арнайы қызметтерді мемлекеттік бюджет есебінен атқару мәселесі қарастырылды. Бұған бухгалтерлік есеп пен салық төлеу жұмыстары бойынша түрлі консультациялар мен ішкі аудиторлық қызметтер және т.б. атқаратын  консалтингтік, маркетингтік қызметтер жатқызылды. Хош. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы нақты және тиімді шара екені дау тудырмайтын еді. Өйткені, біздегі шағын кәсіпкерлікті көбіне-көп осы бухгалтерлік және салықтық есепті дұрыс жүргізе алмау ақсатуда екені жасырын емес болатын. 3-4 немесе одан сәл көбірек қызметкері бар шағын кәсіпкер білікті бухгалтерді арнайы жалдауға шамасы жете бермейді. Сондықтан әркімге бір жүгіріп, осы қызметті атқарып беруге кісі жалдайды. Ал бұл қалт-құлт етіп күн көре бастаған бизнес үшін үлкен шығынға соқтыратын процесс еді. Сондықтан үкіметтің мынандай тегін қолдау көрсетуі оның бизнесін жандандыруға оң әсер ететін фактор болды. Бірақ сол көмек дұрыс ұйымдастырылмағанын өкінішпен атауға тура келеді. Үкіметтің осы көмегін ұйымдастыру және жүргізу міндеті облыс әкімдіктеріндегі аймақтық кәсіпкерлік және өнеркәсіп жөніндегі басқармаларына жүктелді. Бұл қызмет үшін қаржылық жылдың басынан аталмыш қызметтерге арнаулы трансферттер бөлінді.  Бірақ... Бірақ қай күнгідей жергілікті атқарушы органдар бұл қызметті ойдағыдай жүргізе алмай келеді. Атап айтқанда, 2012 жылдың алғашқы жарты жылдығы аяқталғанда тек қана бес облыста қызмет көрсету компаниялары осы қызметті атқара бастағаны белгілі болды. Демек, барлық 14 облыстың тек 5-уі ғана бұл міндетті игере алған. Қалған аймақтар осы қызметтерді сату жөніндегі тендерді кеш жариялағандықтан сервистік компанияларды тек екінші жартыжылдықта ғана анықтаған. Кейбіреулерінде тіпті жылдың жеті-сегіз айы өткенде ғана бұл іс қолға алынды. Мәселен, Астана қаласының өзінде сервис көрсетуші компания тек тамыз айының ортасында анықталып, қызмет көрсету тек қазан айынан бастап жүргізіле бастады. Қорыта айтқанда Бағдарламаның осы бағыты еліміздің көптеген аймақтарында орындалмай қалды. Бұл биылғы жағдай. Былтыр да дәл осындай олқылықтар болған еді. Онда Жамбыл мен Қарағанды облыстары қызмет көрсету компанияларын қараша айында ғана анықтаған. Әрине, мұндай жағдайда аталмыш аймақтардың бөлінген атаулы трансфертті игере алмағандығы да айқын. Үкіметтің шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, оларды қолдау үшін бөліп жатқан арнайы шығындарын игермегендік былай тұрсын, кейбір аймақтарда осы қызметті ұйымдастыратын жергілікті өкіметтің аталмыш басқармалары қолдан түрлі кедергілер жасауға да құмар-ақ. Мәселен, жоғарыда аталған сервистік қызметтің көптеген түрлерінің бюджет есебінен  атқарылуға қақысы жоқ деп шектеп, қызметтерін көрсететін компаниялардың  келісімшарттарда адымдарын аштырмай тастаған. Сөйтіп, «байдың асын байғұс қызғанады» дегендей үкіметтің өзі қаржыландырып отырған қызметтерді толығымен атқаруға кедергі келтіруде. «Сары аяққа бал құйып, сабынан қарауыл қарап отырған соң» сервистік компаниялар да қызмет көрсетуден бас тартуда. Сонымен бірге сервистік компанияларға қойылатын талаптар да әр аймақтарда әртүрлі. Әркім өз білгенін жаза берген. Тегін қызмет көрсетілетінін кәсіпкерлер арасына жеткізу деңгейі де көңіл көншітерлік емес. Соның ішінде бұл істі таратуға жергілікті БАҚ қызметін пайдалану да оңалмай отыр. Сондайдың кесірінен бұл қызметті кәсіпкерлердің пайдалану деңгейі де аймақтарда әртүрлі. Мәселен, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысында осы  қызметті 2793 кәсіпкер пайдаланса, Ақтөбе облысында тек 65 адам ғана пайдаланған. Осының бәрін ескере отырып мен Экономикалық даму және сауда министрлігіне  (ЭДСМ) хат жазып, осы шығын бойынша кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтердің барлық түрлерін нақты анықтау қажет екенін және олардың сапалы жасалуын бақылау қажеттігін айттым. Сонымен бірге бұл міндетті орталықтан үйлестіруді «Атамекен одағына» жүктеуді ұсындым. Менің ұсынысымды бір топ депутаттар қолдап, хатыма қол қойды. Ендігі сын  ЭДСМ-нің мойнында.

АСТАНА