ЕЛЕУЛІ КҮННІҢ ЕНШІСІНДЕГІ ЕРЕКШЕ ІСТЕР

0
3128

Сыр елі – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Сыр елі – соны сер­пін алған өлке. Сыр елі – екі дүркін олим­пиада чемпионын шығарған өлке. Қызылорда облысының әлеу­меттік-экономикалық дамуы бүгінде еш дәлелді қажет етпейтін дүние. Ел өміріндегі елеулі дата – Тұңғыш пре­зи­дент күніне Қызылорда облысы толайым табыстармен жетті. Сөз жоқ, бітер істің басына келіп, аймақты ал­ға жетелеген Болатбек Қуандықовтың бұл арадағы еңбегін айтпай кетуге бол­майды.

Сонымен, 2012 жылдың еншісіндегі ең негізгі деген елеулі жетістіктер мыналар. Аймақ күні кешеге дейін ауыл шаруашылық саласына ғана ба­сымдық берген болса, қазір Елбасы міндеттеген индустрияландыру ісіне пәрменді үлес қосып отыр. Соның нәтижесінде Қызылорда индустриалды облыстардың тізіміне енді. Мәселен, әлеуметтік сала бойынша ауыз толты­рып айтар жақсы істер бар. Жыл басынан бері 55 әлеуметтік нысан іске қосылды. Бүгінгідей айтулы күні Сыр елінде тағы 10 әлеуметтік нысанның тұсауы кесілді. Жыл соңына дейін қо­сымша 74 әлеуметтік нысан тапсы­рылады. Тұңғыш Президент күні елдің еңсесін көтеретін, халықты қуантатын тірліктің бастауы да осы әлеуметтің әлеуетін әуелететін шаралар болса керек деп білеміз. Облыстың негізгі жұлын-жүйкесін аудандар құрайды. Сондықтан әлгі әзірде айтқан жілікті жетістіктерімізді жергілікті жерлерден бастайық.

Арал ауданы

Айта кету керек, Арал Елбасының тікелей назарындағы аймақ. Кіші Аралдың келуінен бастап, қазақтың қуанышына қатысты барлық шаруаға Тұңғыш Президенттің қатысы бар.
Аудандағы Қарақұм ауылдық округі­нің тұрғындары жаңа мектеп игілігіне қол жеткізіп, қуанышқа ке­нелді. Бұл тәуелсіздіктің 21 жылындағы шын мәніндегі үлкен шаттық десе де болады. Себебі аудан орталығынан жүздеген шақырым шалғайда жатқан шағын ауылға заманауи сипаттағы оқу ордасын салу егемендіктің шарапаты. Бұрынғы мектеп апатты жағдайда еді, 600 орындық типтік үлгідегі білім үйі енді ел игілігіне берілді.
Аудан орталығында балаларға ар­нал­ған өнер мектебі де ашылды. Онда 314 оқушы дәріс алады. Ғимараттың күрделі жөндеуіне аудан бюджетінен 36,921,0 мың теңге бөлінді.
Арал қаласында Тәуелсіздік алаңы, Ақ кеме, Бекмырза хан ескерткіштері бұған дейін бой көтерсе, енді «Алаш алаңы» аудан орталығының маңдайын жарқыратып тұратын болды. Үш жүздің бірлігін көрсететін биіктігі 11 метрлік 3 тұғырлы ескерткіш аудан орталығына көрік беріп тұр. Толық абаттандырылған алаң аралдықтардың демалыс орнына айналғаны қашан.
Ел өмініндегі елеулі күні облыстық бюджет қаражаты есебінен Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектеп ғимараты пайдалануға берілді. 150 орындық білім ордасында балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағ­дайлар жасалған. Жаңа мектепте 50 мұғалім, 39 техникалық қызметші жұмыс жасайды. Үш ауысымда 346 бала дәріс алуда.
Ауданның іргелі елдімекендерінің бірі – аралқұмдықтардың да қуаны­шында шек жоқ. 1933 жылы салынып, 1976 жылы қайта жаңғыртудан өткен №61 орта мектептің жағдайы өте ауыр еді. Енді балалар жылы да жарық, кең мектепте оқуға қол жеткізді. 5 блоктан тұратын жаңа білім ошағында сынып кабинеттерінен бөлек оқу, спорт, акт залдары, зертхана және шеберхана бөлмелері бар. Заманауи мектеп құры­лысына облыстық бюджеттен 448 млн теңге қаражат жұмсалды. Жаңа мек­тептің тұсау кесері Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келді. Елбасының ұдайы қамқорлығына бөленіп келе жатқан өңір тұрғындары бұған дән риза.
Жақсылықтарды әрі жалғай беру­ге болады. Айдынды да айбынды Аралда жыл аяғына дейін 8 нысан тұсауын кес­пек. Атап айтқанда, Ақбасты ауылын­да мектеп бой көтерсе, өзге ауыл­дарда 6 спорт алаңы, 280 орындық балабақша іске қосылмақшы.

Қазалы ауданы

ХХ ғасыр басында Ғани Мұратбаев сынды жалын жасты түлеткен топырақ та толайым табыстардың тегершілігін айналдырып отыр. Қазыналы Қазалыда әсіресе, «Тұрғын үй» бағдарламасы жоғары деңгейде жүзеге асырылып, баспана мәселесін шешуде алдына аудан салмай тұр. Атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде аудан орталы­-
ғы – Әйтеке би кентінде республи­калық бюджет есебінен сметалық құны 42 млрд 493 млн теңге болатын
8 арендалық үй пайдалануға берілді.
3 бөлмелік тұрғын үйлердің жалпы алаңы 76 шаршы метр.
Ел Президентінің тапсырмасымен бастау алған «Балапан» бағдарламасы да біраз балғынның жүзіне бал күлкі ұялатты. Бірқатар мектеп жанынан шағын орталықтар ашылды. Бүгінде оларда 400-ге жуық бүлдіршін тәрбие­ленуде. Солардың бірі мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында ашылған «Ақниет» балабақшасы. Жеке кәсіпкер Болат Сәрсенбаев – құ­рылтайшы. Балабақшада 30 бала тә­лім алып жатыр. 9 адам жұмыспен қам­тылған. Қызметкерлердің айлығы мен балабақшаны ұстау шығындары үшін мемлекеттен тиісті қаражат бө­лінеді. Мәселен жергілікті бюджеттен 1 балаға айына 20343 теңге мемлекеттік тапсырыс беріліп отыр.
Бұл ауданда атқарылған істердің кей­бірі ғана. Елбасы Жол­дауында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру, оның ішінде халықтың әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайын жақсарту бағытын­да әлі 12 нысан, атап айтқанда 9 спорт алаңы, Әйтеке би кентінде 280 орын­дық балабақша, мәдениет үйі және Қа­залы қаласында 300 орындық мектеп пайда­ла­нуға беріледі.

Қармақшы ауданы

Қорқыт ата мәңгілік қоныс тепкен жер Қармақшы ауданы да қарқынды істердің қазанын қайнатып отыр. Ел­басының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда 8 спорт алаңы іске қосылды. Бұл жеткіншектердің спортпен айна­лысып, салауатты өмір сүруіне мүм­кіндік беретін игілікті іс.
Ауданның Қарақалпақпен шекара­сындағы шеткі нүктесінің бірі Т.Кө­мек­баев ауылында 10 үй салынып, тұр­­ғын­дар игілігіне берілді. Бұл мемле­кеттік «Тұрғын үй» бағдарламасының елге тигізіп жатқан шапағаты екені анық.
Аудан әкімдігі көркейту-көгалдан­дыру жұмыстарына да бел шеше кі­ріскен. Мәселен, Жосалы кентінің кіре берісінде жалпы аумағы 0,8 гектар болатын дендропарк салынды. Оған 115 млн теңге қаржы бөлініп, саялы ағаш­тар отырғызылды. Түнгі жарық­тар мен су бұрқақ орнатылды. Ол ол ма, аудан орталығында 300 орындық үлкен стадионның пайда болуы ха­лықты бір серпілтіп тастады. Бұл үшін облыстық бюджеттен 201 млн 954 мың 420 теңге бөлінді.
Ауданағы Қызылтам елді мекені тұрғындары үшін де Тұңғыш Прези­дент күнінің маңызы зор. Себебі осы күні аядай ауыл шаттықтың шырағын жақты. Бұған дейін қыста суық, жазда аңызақ, әбден тозығы жеткен ескі мектепте оқыған қызылтамдық бала­лардың қуанышында шек жоқ. Жаңа білім ордасына қоныстанған №79 не­гізгі мектеп шәкірттері енді жылы да кең, компьютермен жабдықталып, ғаламтор жүйесіне қосылған спорт залы, шеберханалары бар оқу ор­дасында білім алып, білікті азамат боп өспек.
Төретам кенті. Байқоңыр қаласы жанындағы бірден бір стратегиялық қоныс. Бірнеше жыл ауыл тұрғындары клуб үйін салып беруді сұрап жүрген. Міне, тілек орындалды. Алаштың атау­лы күні клуб үйінің салтанатты түр­
де тұсауы кесілді. Мәдениет ошағы 150 орынға арналған. Заманауи үлгіде тұрғызылған клубтың құрылыс жұ­мысымен «УМР» жауакершілігі шек­теулі серіктестігі айналысты. Мұнда 128 адам­­ға арналған көрермен залы, кі­тап­хана, би, ән, көркем сурет, жазба ақын­дар үйірмесі мен ойын бөлмелері бар. 50 ден астам жас 6 үйірмеге тар­тылған.
Қармақшылықтар көздеген меже мұнымен мәреге жетпек емес. Ауданда 15 әлеуметтік нысан халық игілігіне беріледі. Соның нәтижесінде Көмек­баев ауылында 10 отбасы жаңа үйге қоныстанып, осы ауылдың балалары жаңа мектепте оқу мүмкіндігіне ие болады. Жосалы кентінде орталық стадион және 7 спорт алаңы, су айдау станциясы көрініс табады.

Жалағаш ауданы

Жалағаш ауданы облыс орталығына жақын, темір жол бойында орналасқан, өркенді өріске қадам басқан өңірдің бірі. Мұнда да жетістіктер желкенін көтеріп отыр. Тізбелесек…
Биыл «Балапан» бағдарламасы аясын­да 50 орындық жекеменшік «Жансая» балабақшасы ашылды. Нә­ти­жесінде 40 бала шәкірт шалқымасын шертіп отыр.
Ауданның әлеуметтік-эко­номи­ка­лық дамуындағы ілгерілеушіліктің нә­тижесінде бірқатар әлеуметтік ны­сан­дарды жаңартуға қол жеткізілді. Нәти­жесінде Аққұм ауылында 150 орын­дық клуб үйі пайдалануға берілді. Жоба құны – 142 млн теңге.
Биыл байырқалы батыр Бұқарбай­дың 200 жылдығы салтанатты жағдайда атап өтілді. Баба тойы барысында жал­пы көлемі 150 шаршы метрлік батыр мұражайы ашылды. Аудандағы ауыз толтырып айтарлық істің бірі, «Еңбек­керлер аллеясының» ашылуы. Жалпы аумағы 80 шаршы метр болатын гүлзар құрылысына 21 млн теңге қаржы жұм­салды.
Мұнан бөлек, аудан іргесіндегі Таң ауылы тұрғындары үшін де бұ­қара­-
лық спортпен айналысуға мүм­кіндік туды. Ауылда спорт алаңы бой көтерді. Түйін­­дер болсақ, желтоқсан айының соңына дейін Жалағаш ауданында
17 нысан іске қосылады. Оның 6-ауы спорт алаңы. 10 тұрғын үй, Жаңадария ауылында фельдшерлік-амбулато­риялық бекет пайдалануға беріледі.

Сырдария ауданы

Қызылорда қаласына қоңсы қонған қоныс осы – Сырдария. Елбасының «100 мектеп» бағдарламасы аясында Сырдария ауданында тиянақты жұ­мыс­тар жасалуда. Соның нәтижесінде Тереңөзек кентіндегі Әбділдә Тәжібаев атындағы №36 мектебі жаңа ғимаратқа көшірілді. Бұрынғы ескі мектептің орнына 1200 орынға лайықталған зәу­лім оқу ордасы еңсесін тіктеді. Білім ошағы компьтерлік сыныптармен, ин­терактивті тақтамен жабдықталған. Асхана, акт залы, спорт залы тоқтаусыз жұмыс істейді.
Жыл қорытындысында Сырда­рияда 9 нысан тапсырылады. 5 спорт алаңы, С.Сейфуллин ауылында фельд­шерлік-амбулаториялық бекет және Тереңөзекте 3 арендалық тұрғын үй лентасын кеседі.

Шиелі ауданы

Шиелі – киелі өңір. Ыбырай Жа­қаевтай еңбекші шыққан, Нартай Бе­кежановтай талант түлеген берекелі жер. Аудан соңғы жылдары жасарып-жаңарды. Индустриаландырудың игі­лігін көріп отырған бірден бір өлке де осы. Жыл басынан бері өңірде типтік жобадағы екі үлкен мектеп ашылды. Би­дайкөл ауылындағы 600 орындық бі­лім қарашаңырағының жалпы құны – 501 млн 507 мың теңге. Іргетасы 1905 жылы қаланған мектеп, 1958 жылы қайта жаңғыртылып, 8 жылдық болып өзгертілген-ді. Араға жарты ғасыр уақыт салып, заман талабына сай жаңа келбетке ие болды.
Нартай ауылында пайдалануға бе­ріл­ген 600 орындық мектеп құрылысын «Дәнекер Құрылыс» ЖШС жүргізді. Құрылыстың жалпы құны 768 млн 638 мың теңге. 1935 жылы бастауыш мек­теп болып ашылған білім ошағы әр­түрлі даму сатысынан өтті. 2012-2013 оқу жылы №156 мектеп қайта түледі.
Шырайлы Шиеліде Ы.Жақаев мұ­ра­жайы мен №228 мектептің жаңа ғимараты жуық арада іске қосылады. Бұл игілікті істерді аудан жұртшылығы Елбасының Сыр еліне деген ыстық ықыласымен сабақтастырады.

Жаңақорған ауданы

Қызылорда облысының Оңтүстік Қазақстанмен шегаралас шебі – Жа­ңақорған ауданы. Жыл басынан бері ауданда бірқатар әлеуметтік ны­сандар пайдалануға берілді. Солардың бірі аудан орталығындағы №110 мек­теп­-
тің жаңа ғимараты. Мектеп оқыту процесіне қажетті қазіргі құралдар­-
мен жаб­­дықталған. Онда 59 кабинет, 690 орындық акт залы, 360 орындық асхана жұмыс жасайды.
2012 жылдың 2 ақпанында «100 мек­теп, 100 аурухана» бағдарламасы ая­сында Жайылма ауылдық округінде фельдшерлік-акушерлік пункт жұмы­сын бастады. 8 бөлмеден тұратын ғи­маратта тұрғындардың медициналық көмек алуына жан-жақты жағдайлар жасалған.
Сондай-ақ Қандөз ауылындағы бүл­діршіндер де жаңа балабақша табал­ды­рығынан аттады. Мұнда балғындарға толық жағдай жасалған. Ойын және жатын бөлмелері талапқа сай жаб­дық­талған.
Ізгі іс жалғасады. Сунақата және Кейден ауылдық окруктерінде мектеп­тер, Өзгентте балабақша және бірқатар елді мекендерде фельдшерлік-аку­шерлік бекеттер ашылады.

Қызылорда қаласы

Облыс орталығы – Қызылорда қа­ла­сы жыл санап көркейіп келеді. Әсі­ресе, халықты баспанамен қамту бі­рінші кезекке қойылған. Астана мөл­тек ауданында №9 және 12 көпқабатты арендалық тұрғын үйлер бой көтерді. Нәтижесінде 60 отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл үйлерде соғыс ардагер­леріне теңестірілген кісілер, олардың жесірлері, басқа да әлеуметтік топ өкілдері тұрады.
«Сырдария» мөлтек ауданында 30 пә­терлік тұрғын үй іске қосылды. Қыз­меттік тұрғын үйдің құрылысына жер­гілікті бюджеттен 169,1 млн теңге қар­жы бөлінді.
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдар­ла­масы бойынша 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, оған экономи­ка­лық әлеуеті төмен ауылдардың адам­дары қоныстанды. Үй құрылысына 252,0 млн теңге қаражат бөлініп, қо­сымша инженерлік инфрақұрылымына 72,0 млн теңге қаржы жұмсалды.
«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру және бөбектердің балабақша қа­жеттілігін қамтамасыз ету мақсатын­да 280 орындық «Сыр еркесі» бала­бақшасы балаларға есік ашты.
Атқарушы билік денсаулық сала­сына да ден қойып отыр. 500 орындық қалалық №3 емхана іске қосылып, қала тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің сапасы артты. Республи­каның өзге өңірлеріне өнеге боларлық істің бірі – медицина майталман ма­ман­дарына арналған 50 пәтерлік қыз­меттік тұрғын үйдің берілуі. Негізі мақ­сат – орталық үшін аса қажетті дәрігерлерді Сыр еліне тарту.
Қаламен іргелес жатқан Талсуат елді мекенінде 150 төсектік мүгедек­терді оңалту мекемесі ашыл­ды. Мұнда 1 және 2 топ мүгедектеріне, қария жас­тағы қауқарсыз жандарға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Орта­лық ғимараты екі қабаттан тұрады және 8 блогқа бө­лінген.
Осы елді мекенде республикалық бюджет қаржысы есебінен ақыл есі кем балаларға арналған интернат үйі ашылғанын да айта кетуіміз керек. 200 орынға лайықталған әлеуметтік ны­санда қамкөңіл балаларға медицина­лық-психологиялық көмек көрсетіледі.
Қаланы абаттандыру мен оның сәу­леттік сымбатын арттыра түсуге үнемі басымдық беріліп келеді. Мә­селен, Алашқа Астана болған Қы­зыл­орданың қақ төріне «Сыр – Ана» мо­нументі тұрғызылды. Биіктігі 40 метр болатын мұнараны салуға жергілікті бюджеттен 290 млн теңге қаражат жұмсалды.
Тарихи-мәдени мұнаралар мұны­мен тәмәмдалмайды. Жібек жолы көшесінің бойынан «Сыр сүлейлері» аллеясы ашылды. Балқы базар, Тұр­мағамбет, Нұртуған, Нартай секілді даңғайыр жыраулар бейнесі белгі­ленген гүлзар қала тұрғындарының демалатын жеріне айналып үлгерді. Сосын… Жаңа «Жасөспірімдер» үйі жеткіншектерге зор қуаныш сыйлады. Ғибраты мол ғимараттың құрылысына облыстық бюджеттен 30,0 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл өзі көп об­лыста шешімін таппаған мәселе. Мә­селен балалар үйіндегі кәмелет жасқа жеткен балалар қайда барарын біл­мейтін. Енді мейірімділік мекені мұ­ңайған жандар­ға пана болады.
Тасбөгет кентінде 18 пәтерлік арен­далық тұрғын үй іске қосылды. «Қол­жетімді баспана» бағдарламасы ая­сында салынған тұрғын үйге арендалық тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар қоныстанды.
Білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Тарихи сәтте Сыр өңірінде қазақ-түрік лицейі жаңа ғимаратының ашылуы еліміздің білім көкжиегіндегі жаңа тынысын айқындайды. Аталмыш білім ордасының түлектері түрлі деңгейдегі ғылым мен білім сайысында зор әле­уетін көрсетіп, аймақ даңқын асқақ­татып келеді. Жаңа заман талаптарына сай жабдықталған жаңа ғимаратқа қоныстанған білімпаз балалардан алда күтер үміт мол. Еліміздің жарқын бола­шағы осындай жастармен байланысты. Жақсы істердің тізімі мұнымен бітпек емес. 2012 жылдың аяғына дейін қалада №2,3,4 арендалық үй, Абай сквері, су сүзгі станциясы пайдалануға беріледі.
Міне, дамудың даңғыл жолына түс­кен Қызылорда облысы ел тарихын­дағы елеулі күнге осындай толымды табыстармен келіп отыр. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аймақ экономикасы алға жылжып, өнер­кәсіп өнімін өндіруде өнімді қол жетті. Өңірдің экономикасына 142 млрд тең­ге инвестиция құйылды. Жұ­мыс­сыз­дық деңгейі төмендетіліп, жалақы кө­лемі 11,3 пайызға өсті. Ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмен­деді. Ха­лық­қа сапалы медициналық қызмет көр­сету жоғары деңгейге көте­рілді. «Бала­пан» бағдарламасын жүзеге асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесі оң нәтижесін берді. Соңғы 4 жылда бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі 24-тен 75,2 пайызға бір-ақ жетті. Жетістік пе?! Әрине… Тек көре біліңіз, бағалай біліңіз…
Тұңғыш Президент күні – Тәуел­сіздіктің мерекесі, елдіктің мерекесі. Осы мерейлі мейрамда Сыр елінің мерейі тасыды. Жылдың сарқылуына көп уақыт қалған жоқ. Атқарушы би­ліктің ашар ғимараты мен жасар жақ­сылығы жалғасады. Елеулі күннің ен­ші­сіндегі елеулі істер дәйім тізгін тарт­пасын…

Н.Мыңбай

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз