АЛПАМЫСТАЙ АЙБЫНДЫ АЛАТАУ БАТЫР

d0b0d0bbd0b0d182d0b0d183-d0b1d0b0d182d18bd1802

 Атыңа сай Алатаудай алыпсың!

 

Атыңа сай Алатаудай алыпсың,

Затыңа сай Қаратаудай тарихсың!

Бар қазаққа бас қолбасшы атанып,

Алатаудай атақты елден алыпсың.

Ұран салсам –шамырқанар шабыт шын!..

Тәуекел хан таңдаулысы – Сен едің,

Есім ханға қуат берген Ер едің!

Самарқанды алар кезде Жалаңтөс,

Қажет еткен хас батырдың көмегін!

Белестерді бағындырды беделің!

Кенен ойлап, кең толғаған кемелім?

Жиембеттей жырау сені жыр еткен,

Біртуарым, білікті һәм білекті ең...

Ұлтыңды сен сүйдің ұлы жүрекпен.

Батаңды алған батырларың аз емес –

Қарасайды өзің едің түлеткен.

Көктің ұлы – көк тіреген баһадүр,

Алпамыстай айбыны зор аталы ұл!

Қоңыраулы күміс күйме мінетін,

Қоңыраттың Ұранына бата қыл!

Алатаулап жауға шапса ерлерім,

Аспан асты жаңғырғанын көрді елім.

Байтақ жерді қорғап қалған батырдың

Бағалайтын күн бола ма, еңбегін?!.

Естілгенде тұлпарының дүбірі,

Естілмей де қалған жаудың сыбыры,

Шырқыраған кеуделерде шыбыны.

Ат үстінде өткен бүкіл ғұмыры,

Ер қазақтың бола білді шын ұлы!

Атына сай - ұран болған батырдың

Алатаудай асқақтасын тұғыры!..

Қазыбек Иса

15.03.2010.