АЛАТАУ БАТЫР

        

 Қазақ құрамындағы Қоңырат тайпасынан шығып, күллі Қоңыратқа, тіпті кезінде Орта жүзге де ұран болған Алатау батыр кім? Шыққан тегі кім? Қай дәуірде өмір сүрген? Кімдермен соғысқан? Оқиға қай жерде, қай жылдары болған? Алатау есімі шын аты ма? Әлде қосымша берілген лақап ат па? Біздің әңгімеміз осы жайында болмақ. Осы сұрақтарға жауап беру үшін бірнеше тарихи құжаттарды ақтарып зерттеулер жүргіздік. Алатау батырдың тарих қойнауында күні бүгінге дейін шыққан тегінің белгісіз құпия болып келгендігінің сырын ашуға әрекеттендік.

           Батыр жайында бірнеше тарихи құжаттарды ұшыраттық. Ол құжаттар негізінде Алатау батырдың кім екендігін және шыққан тегін анықтауға мүмкіндік алдық.

          Ал, әзірге Алатау батыр жайындағы тарихи құжаттарға тоқталып, соңына таман қорытындылайтын боламыз. Алатау батыр XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың бірінші ширегінің аралығында яғни 1590-жылдар шамасында Түркістан өңірінде дүниеге келіп, 1627 жылдары дүниеден өткен. Есімханның тұсында өмір сүрген адам. Қазақтың Ұлттық ғылым Академиясының орталық кітапхана қорында қазақ хандарының қысқаша тарихын баяндайтын 7000 жолдың шамасында «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты тарихи дастан – жыр сақталған. Көрнекті ғалым Мұхтар Мағауиннің болжамы бойынша «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанын алғашқы жырлаған Марғасқа жырау деп есептейді. Өйткені, Марғасқа жырау Есімханның жорықтас жыршысы болған. Кейіннен ол жырды жыршы-ақын Қазанқап Биболов қағазға түсіріп, ұлттық ғылым академиясының орталық кітапхана қорына тапсырған. Жыр араб әрпімен жазылған. Кітаптің нөмері - 553. Төрт жүз он алты беттен тұрады.

        Жырдың қысқаша мазмұны былайша баяндалады. Жырда Шыңғыс ханның дүниеге келуі, хан көтерілуі аңыздан бастап, қазақ хандарының қысқаша тарихы баяндалады.

Тәуекел ханға тоқталады. Ол құдайдан перзент сұрап, әйелі Гүлханым екеуі талай әулиелерге барады. Самархандағы Аққожа иманға да барып батасын алады. Сөйтіп дүниеге Есім атты бір ұл мен Қаншайым атты бір қыз келеді. Есім жігіт болған шағында өзініңдүниеге келуіне Аққожа иманның көп шарапаты тигенін анасынан естіп біліп, сол кісінің батасын алуға Самарханға аттанады.

         Осы тұста Тәуекелдің қарттығын елдің қамсыздығын пайдаланған Тұрсын хан Тәуекел ханның ордасына шабуыл жасайды.

       Тәуекелді өлтіріп, әйелі Гүлханым мен қызы Қаншайымды тұтқындап алып кетеді. Бұдан былайғы жердің барлығы Есімхан төңірегінде айтылады. Сол кезде Есім түс көріп, түсінен шошып оянып, Аққожа имамға еліне қайтатынын айтып, батасын алады. Елге келсе, жау шауып, әкесін өлтіріп, анасы мен қарындасын тұтқындап алып кеткен.

           Елдің басын жиып хан сайланады. Ол кезде Әбілғазы баһадүр Үргеніште хан болып тұрады. Есімхан барлық батырларын жиып, сақадай сай тұрыңдар. Мен жай адам болып, Әбілғазының елшісі ретінде Тұрсын ханға барамын. Мен хабар берген кезде аттана шауып жетесіңдер дейді. Далада тезек теріп жүрген анасына кездеседі. Қарындасына жолығады.              Астыртын екі ат тауып, анасы мен қарындасын елге жібереді. Сардарлары мен сарбаздарына тез жетсін деген хабар береді. Содан Есімханның көп жасағы келіп Тұрсын ханмен қырғын ұрыс болады. Тұрсын хан қашып құтылып кетіп,Әбілғазы баһадүр ханды паналайды.

         Кейіннен Әбілғазы Есімханға келіп, бұл төңіректе үш-ақ хан бармыз, сен, мен және Тұрсын хан. Бір-бірімізбен жауласпайық деп мәмілеге келеді. Тұрсын хан мен Есім ханды татуластырады. Содан соң Есімхан өз елінің тыныштығын алған Қалмақтың ханы Темірханға аттанып, онымен де қиян-кесті ұрыс жүргізіп, ақыр соңына өзара келісімге келіп, бір-біріне тимейтін болып уәделеседі.

          Мәмілеге келген соң, демалып, тынығып жатқанда, тағы да жайсыз түс көріп, батырларын жинап ақылдасады. Ол жырда былайша баяндалған.

«Бір түнде үш ұйықтап үш оянды

Бәжерет белгі көріп әбден қанды.

Сүлеймен, Жиенбетті шақырып ап

Көргенін Құпиялап баяндады.

Ойласып Алатаудай Сардарына

Ешкімге сездірме,-деп,-осы халді»(92-бет)

           Сөйтіп, қалмақтарға сездірмей елге кері қайтуға шешім қабылдайды. Елге келсе, Тұрсынхан тағы да шабуыл жасап, қырғынға ұшыратып, мал-жандарын айдап  әкетіпті. Сонан соң шартты бұзған Тұрсынханға қиян-кескі соғыс ашады. Ақыр соңында Тұрсынханды өлтіріп жыр жеңіспен аяқталады. Осы «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанында атақты төрт батырдың есімдері аталады.

          Ұлы жүзде Бөгжелі елінен Жабай ұлы Жақсығұл мерген, Қоңыраттан Алатау батыр, кіші жүз Алшыннан Тортағаш ұлы Жиенбет батыр, әрі жырау, Үйсіннен әкелі-балалы, Сиқымбай батырдың ерліктері суреттеледі. Дастанда Алатау батыр Тұрсынханмен болған соңғы соғыста қақпаға жасырынып атқан жаудың бір мергенінің қолынан 1627 жылы қаза табады.

Ол жырда былай берілген:

«Оққа ұшырып жіберді

Алатау батыр дегенді»- дейді(221-бет)

Алатау батыр «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанында «Сардар» деп суреттеледі. «Сардар» деген сөз әскер басы деген ұғымды білдіреді. Енді Алатау батырдың «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты дастанында суреттелетін ерліктері жайлы өлең-жырлардан үзінділер келтіре отырып назар аударайық. «Ер Алатау Қоңыраттан Батыры едің Әмбенің»-деген жолдар бар.(53-бет) «Әмбенің» деген сөз өзбек тілінен енген сөз болу керек. Ол «баршаның» «барлығының» деген ұғымды білдіреді. Олай болса, Алатау батыр тек Қоңырат батыры ғана емес, бүкіл қазақ халқының батыры болғандығын аңғарамыз. Алатау батыр соғыс өнеріне жетілген, оның айла-тәсілін толық меңгерген «бір сырлы, сегіз қырлы» батырдың нағыз өзі болып суреттеледі.

«Қоңырат Алатау ер еді,

Ұрыстың алған әдісін

Керіп, тартып қылышын

Қойдай қылып айдап жүр

Кез келгенін жайлап жүр»- деген жыр жолдары осыны аңғартады.(79-бет)

Алатау батыр үлкен күш иесі, жауына қарсы тұрар халық батыры, халық қорғаны болып та суреттеледі.

«Ер Алатау-Қоңыратым

Жау бетінде Миятым»-деген жыр жолдары жоғарыда келтірілген пікірімізге дәлел бола алады.(208-бет) Борайхан деген қалмақ батыры мықты батырлардың бірі, онымен кездескенде де үлкен ерліктер жасап, одан басым түседі.

«Борайхан деген біреу кеп,

Елеместен ұрысты

Жатушы еді ғапыл боп,

Ер Алатау шанышты

Алдынан қарсы тура кеп»- деп Алатау батырдың ешкімге есесін жібермейтін дара тұлғалы ерекше батыр екені аңғарылады.

«Ерлердің бәрі өрледі,

Ашынып барып жауындай.

«Қобыз сарыны» атты кітабында да «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастан-жырындағы осы төрт батырдың аттары аталады. (56-бет)

Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты тарихи-шежіре кітабында жоңғар қалмақтарының шабуылына қарсы қазақ батырларының ерлік істері баяндалады.         Онда да Алатау батырдың ерлік істері ерекше айтылады. Алатау батырдың тарих беттерінде белгілі болып қалған ұрыстары 1615, 1620, 1627 жылдардағы ұрыста. Алатау батыр хан алдында да өзін еркін ұстап, қарауындағы батырлар жайлы пікір алмасып отырды.

         1615 жылы Тобыл өзенінің бойында қалмақтармен ұрыс болады. Қарашаның қара суығында Есімхан өзі басшылық етеді. «Есім хан отырғанда, Қоңырат Алатау батыр айтыпты: «Талай батырларды көріп ем, өзімде кеудемді ешкімге бермеген едім, Қарасайдай көзсіз ерді көрмеппін»-дейді (197-бет). Осы жоғарыда келтірілген Алатау батырдың өз сөзінен аңғаратынымыз бұдан бұрында Алатау батырлардың талай ұрыстарға қатысқанын, талай батырларды көргенін, жауларға есесін жібермей жеңіске жеткенін де сездіріп отыр.

        1920 жылы Қара Ертістің бойында қырғын соғыс болады. «Қара Ертістегі соғысқа Шапырашты туын ұстаған Жанай батыр қатыса алмайды. Ол туды жас жолбарыс Қарасайға қолымен тапсырады. Есімнің белгілі батырлары арғын Ағынтай батыр, Қоңырат Алатау батыр, Алшын Жиенбет батыр, Дулат Жақсығұл батырлар бар еді».

       «Қара Ертістің оң қанаты таулы болып келеді. Ойратпен болған осы соғыста Есімхан өзі де қатты күш көрсетіп, «Еңсегей бойлы Ер Есім» аталады. Есім хан қарауындағы батырларын ардақтай білді»(193-194-бет). Демек, бұдан шығатын қорытынды Есімханның ардақтаған батырларының ішінде Алатау батырдың да барлығын, оның соғыстағы ерлік істерін әрқашанда жоғары бағалап, ардақтай білгенін аңғарамыз.

         «1627 жылы Еділ мен Жайыққа Тобылдан ығысқан қалмақтар шабуыл жасап, Алшындарға күн көрсетпей жатыр деген хабар жетті. Хабар бүкіл қазақ даласын дүрліктірді. Еділдің Хазарға (Каспий) құяр жеріндегі қазақтарды қалмақтар қырып кеткендігі, әсіресе Сарысу маңындағы Борық деген ауылды бала-шағасына дейін қалдырмай, үрерге итін қоймағаны мен қазақпын деген адамның төбе шашын тік тұрғызды.Қазақ ауылдары қайта дүрлігіп, қолға қару алды. Билер кеңес құрып, одан Есімхан асыда (Түркістанда) кеңес шақырып, Күлтөбе деген жерде бірнеше күн топ болады. Сол жерде Есімхан қайтадан қол құрауды қолға алады да, иждиһаттанады. Өзіне ғазиза батырларын қазақтың Қарасай батырын, Арғыннан Ағынтай батырды, Найманнан Көксерек батырды, Қаңлыдан Сарыбұқа батырды шақыртып, әрқайсысына бес мың адамнан сарбазы бар жиырма мың қолды Жайыққа аттандарады. Кіші жүз Әлімұлынан шыққан Төртқара Жиенбет батырда бес мыңдай қол жинап, жолдан Еліктіден қосылады. Батырлардың үлкен қосын бұл жердің жер жағдайын жақсы білетін Жиенбет батырға жүктейді. Хазар теңізінің (Каспий) батыс жағалауында елсіз,масалы, қамысты өлкеде 83 күн соғыс болады. Осы соғыста жекпе-жекте сегіз адамды өлтірген соң, тоғызыншы адаммен түскенде, аты жығылып Алатау батыр мерт болады.(198-бет) Жекпе-жек ұрыстарының да өзіндік белгі-шарттары болған. Мәселен,

Тудың түбі түкерді

Ынтымақ қылып бірлесіп,

Тізе қосып екеуі

Ер Алатау, Жиенбет

Тура қарай жүргені

Ер Сиқымдай артынан

Бұларды қорғап келеді»- деген осы шумақтардан Алатау батырдың бірден-бірі қолбасшы батыр болғандығын, халық үшін беделі жоғары, елге керекті батыр екендігі, Сиқымбай батырдың Алатау батырды көзінен таса қылмай, қызғыштай қорғап, соңынан бақылап жүруі осының дәлелі.

Тұрсынханмен болған соғыста

«Алатаудай батыры

Қасқырдай тиді аралап»-деп (55-бет)

Қасқырдың қалай қойды қыратындығын еске түсіріп, сонымен салыстыра, теңестіре суреттейді.

«Қоңыратың Алатаудай оннан шапты

Домалап басы жерде жатқанының»- деп оның ерлігін онан сайын дамыта түседі. (197-бет) Міне, «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастан-жырында Алатау батырдың ерліктері осылайша жырланады.

         Көрнекті ғалым Мұхтар Мағауиннің егер ұрыс бір елдің немесе бір рудың жерінде болатын болса, бірінші кезекті міндетті түрде жекпе-жекке сол елдің немесе сол рудың батырлары түсетін болған. «Білек кімдікі болса, киіз соныкі» деген қағиданы берік ұстаған. Екінші жағдайда жау тарабынан кейде жекпе-жекке хан мен хан немесе бас батыр мен бас батыр түссін деген талаптарда қойылып отырған. Сол кезде жекпе-жекке түспей қалса, бұл өлімнен де күшті, әрі жеңілген болып саналған. Алатау батыр бұл ұрыста жекпе-жекке бірінші болып түскен. Сонан соң Ағынтай батыр, Сары бұқа батыр, Көксерек батыр, Қарасай батыр түскен. Жиенбетті батырлар ақылдасып жекпе-жекке жібермей қояды. Алатау батырдың жекпе-жекке бірінші болып түсетіндей ол жер Қоңыраттардың жері емес. Соған қарағанда жау тарабынан бас батыр есебінде Алатау батырдың жекпе-жекке шығуын жаулар талап еткен болуы мүмкін. Қалмақтың сегіз батырын өлтіріп, тоғызыншысына келгенде, алыс жолдан шаршап барған ат, болдырып, құлап, Алатау батыр отыз жеті жасында мерт болады. Мінекей, Қазыбек бек Тауасарұлының тарихи-шежіре кітабында осы айтылғандарсөз болады.

            Енді қазақ совет энциклопедиясына назар аударайық. «Еңсегей бойлы Ер Есім, Әбілғазы баһадүр хан, Жиенбет сияқты тарихи адамдар мен қазақ шежіресінде ұшырасатын Алатау, Сүлеймен, Жақсығұл, Сиқымбай тәрізді батырлар бейнеленеді» - делінген. (Қ.С.Э. 4-том, 154-бет) Осындағы, Әбілғазы баһадүр хан (1603-1663) Хорезм астанасы Үргеніште (қазіргі Түркмениядағы көне Үргеніш қаласы) туған. Әкесі араб Мұхамед хан. Шешесі Мейірбану ханым. Арал теңізінің маңында көші-қонып жүрген қазақ сұлтандарының атақты отбасынан шыққан. Есімханның қол астында үш ай болған. Содан кейін Ташкентке келіп Тұрсын ханмен бірге екі жыл тұрған. Сонан соң Түркменияға барып, қиян-кескі соғыс жүргізіп хан тағына отырған. Әбілғазы шығыстың аса білімді адамдарының бірі саналып, жазушы, ақын болды. Араб, парсы, түрік тілдерін жақсы меңгерген. «Шежіре и түрік», «Шежіре и тарихима» кітаптарын жазған адам». (Қ.С.Э. 4-том, 443-бет).

         Ал, Жиенбет Бортағашұлы туған, өлген жылы белгісіз XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақ жырауы. Алшын руын билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Есімханның кіші жүздегі ел басқарушы биі, қолбасшы ұйымдастырушылық қабілетімен, ерлігімен көзге түскен. (Қ.С.Э. 4-том, 443-бет)

          Тарихи құжаттар бойынша Алатау батырдың ерліктері жайлы бірқатар мәліметтер бердік.

 

Шынылбай УАЛХАНҰЛЫ