АЛАТАУ БАТЫР (ТОПТАМА)

0
1382

          

 Құдайға шүкір, бүгінгі таңда, Тәуелсіздігіміздің арқасында, ғасырлардың қатпар- қатпар қалың астарларында қалған тарихи құндылықтарымыздың зерттеліп, зерделеніп халқымыздың рухани игілігіне айналуда. Дей тұрғанмен, әлі де ашылмай жатқан, ашылса да толық игерілмей жатқан тарихи мұрағаттарымыз қаншама?! Солардың бірі, сөз жоқ, туғанына биыл 450 жыл толып отырған Аалатау батыр дер едік. Алатау батырдың тарихи тұлғасы әлі күнге дейін кескінделген жоқ. Кескінделгенін былай қойғанда, тіпті нобайын да көз алдымызға келтіре алмаймыз. Ал Алатау  батыр осындай елеусіз қалатындай тұлға ма еді?! Қарап отырсақ, қолымызда ұлт жанашырларының бірі, ардақты академик Рахманқұл Ббердібаев бастаған бірер ғалымдардың мақалалары мен Алатау  батыр туралы әңгіме- аңыздарды ел аузынан жинап аз ғана таралыммен жарыққа шыққан Аасан Тұрабаев, Аақпантай Ббайғұтов, Темірхан Әбдіковтердің “Алаштың  Алатау батыры” деген шағын көлемді кітабы ғана.

Алатау батырдың қаншалықты ірі, ұлы тұлға болғанын “Қазақтың ұлттық энциклопедиясындағы” мына бір қасаң жолдардан-ақ білуге болады: «Алатау  батыр (шамамен 1560- 1640)—қолбасшы, саяси қайраткер. Қоңырат руынан шыққан. Тәуекел ханның Ссамарқан, Ббұқарға жасаған жорығында бас қолбасшы болған. Кейін Есім ханның құба қалмақпен шайқасқан жорықтарында қазақ жасақтарының құрметті қарт ағасы атанған. Алатау  батыр қырғыз, өзбек, түрікмен жасақтарының арасында да кеңінен танымал болды. Ссамарқан шаһарына “қала- мемлекет” статусын әперіп, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп қоюда Алатау  батырдың Бұқара, Хиуа хандары алдындағы беделінің көмегі тиген. Алатау  батыр есімі қоңырат руының, бүкіл Орта жүздің ұранына айналған”.

             Міне, осы жолдардың өзінен-ақ, оның қазақ елінің бостандығы мен тұтастығына өлшеусіз үлес қосқанын бағамдау қиын емес. Әрине, біз есті ұрпақ арасынан, тарихи құжаттарға сүйене отырып, Аалатау батырдың тарихтағы аса зор орнын белгілеп беретін азаматтар шығатынына кәміл сенімдіміз…

            Бүгін біз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбектің “Алатау батыр” атты топтама өлеңдерін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

АЛАТАУ батырдың

қабірі басында

Бұл жерге

Тізеңді бүгіп,

Бас ұрып келсең де

Тасынып келме!

Өйткені

Талай сырды

Ішіне бүккен

Осы бір жерде—

Жау келсе

Қашау батпайтын

Тұтас жартастай

Орнынан

Қопарылып тұрып

Тап беретін;

Қарсы келгенді

Аспаннан

Зырқырап ұшып кеп

Жайтастай

Тас-талқан қып

Қақ бөлетін;

Долданса—

Жолына тұрғандарды

Селтиген

Шөп құрлы көрмей

Қара дүлейлі

Дауылдай сыпыратын;

Табақтай-табақтай

Күс-күс табандарымен

Қара тастарды Қамырдай илеп,

Аузынан жын шашып

Келеге түсетін

Бурадай құтыратын;

Сондай бір кездерде

Қас дұшпанның—

Шіренгенде

Төрт қабат Таралғысын

Үзіп жіберердей

Асып-тасатын—

Өгіздей батырын Көзін алақтатып,

Тілін салақтатып,

Тақымға бірақ басатын;

Қара бұлттай

Қаптаған жауларды

Жарқ-жұрқ еткен

Қайқы қылышы

Найзағайдай

Тілгілейтін;

Түнерсе—

Түндей қабарып,

Айқайласа—

Күндей күркірейтін—

Алатау батырдан

Жүздеген

Жылдар өтсе де

Қалай біз алыстайық?!

… Дәл осы жерде

Қазақтың

Қамалындай болған

Бесайдар баласы

Алып Алатау

Дамылдап жатыр.

Тіземізді бүгіп

Дұға бағыштайық!

 

 

АЛАТАУ  батырға

анасының айтқаны

Ей, балам!

Әкең өлгенде

Ішімде қалып ең.

Күйіктен өртеніп,

Күйіктен жанып ем.

… Әркімдер

Көзінің сұғын

Қадай берген соң

Төркініме кеткенмін.

Талай-талай

Табалаудан,

Талай-талай

Қаралаудан өткенмін.

…Мен сені

Әулиенің басында

Қос шеңгелдің қасында

Туып ем.

Кіндігіңді

Тісіммен кесіп,

Арланын аңсаған

Қаншық қасқырдай

Көкке қарап ұлып ем…

Сенің әкең

Бесайдар

Тәуекел ханның

Сардары болатын.

Солға жүрсе

Сол қолы,

Оңға жүрсе

Оң қолы болатын.

Әкең Бесайдар

Өзгелерден ерек,

Дара болған.

… Қанды шайқаста

Омыртқасынан оқ тиіп

Жараланған.

Сол кезде

Жорық туының

Жау қолында

Қалғанын біліп

Қайта шапқан.

Әруағын шақырып,

Ұранын айқайлап

Айта шапқан.

Ортасынан омырылған

Тудың түбін алып,

Көйлегін жыртып

Қанына малып

Сол түпке

Ту етіп байлаған.

Туынан айырылып,

Ұнжырғасы түсіп

Қамыққан елдің—

Қайтадан!—

Намысын жанып,

Жігерін қайраған.

Әкең

Көзінің тірісінде

Ешкімнен қаймықпады.

… Әттең, амал не,

Сол бір дертті

Жарақатынан

Айықпады.

Саған айтарым:

Еліңе қамқор бол,

Жесірді мұңайтып,

Жетімді жылатып алма.

Әкеңнің

Жорық туың

Құлатып алма!

Әумин!

 

 

АЛАТАУ батырдың шайқасқа

 түсер алдындағы сәті

Алатау батыр

Кеше түнде

Түс көріп еді.

Түсінде

Бір түрлі іс көріп еді:

Бас жағы

Үрлеген шоқтай

Қып-қызыл

Ұзын сұр жылан

Ақ қалпағын

Орап алыпты…

Қыбырлаған

Құрт-құмырсқалар

Жан-жағынан

Қамап алыпты…

…Шошып оянған батыр

Бір сұмдықтың

Келгенін біліп,

Белін буып

Бес қаруын асынды.

Әруқтарға сиынып,

Алла тағалаға

Бас ұрды.

Жер тарпып тұрған

Наршолағына ер салды.

Жан-жағына қарап

Жар салды:

“Ал Көкті!” дегенде

Сол жағы жеңілдеді.

“Сүмбіле сыңарсыз

Қоңыр ата” дегенде

Оң жағы жеңілдеді.

Наршолаққа мінгенде

Қос иығы

Қунап сала берді.

Жан-жағына

Қарап еді…

Қаптаған халықты

Жаңа көрді…

Сонан кейін

“Ұрқа Сабулай

Білекті Шыңғыс қаған” деп

Ұрандады.

Сол ұранды есіткен

Қалың жұрт

Толқып теңселіп

Орындарында

Тұра алмады…

Сол бір кезде

Алапат

Құйын көтеріліп

Кілт басылды.

Көк дабыл семсерін

Қаратаудың

Қара тасына

Жанып еді—

Алды ашылды.

“Ия, әруақ,”

Деген кезінде

Қаптаған қалың жау

Аласарып бара жатты…

… Алатау батыр

Наршолақтың үстінде—

Өз жолын!—

Елден ерекше

Дара салып бара жатты.

… Е, Алла тағала,

Жолын бере гөр!

 

АЛАТАУ   батырдың тұтқыннан

қашып шығуы

Алатау батыр

Шағын қолмен

Келе жатып—

Қапыда!—

Қызылбастардың

Қолына

Түсіп қалады.

Ашу мен ызадан

Жарылардай болып

Ісіп-қабады.

Батырды сонсоң

Қолдарын шандып,

Аяқтарына

Қойтастар байлап

Жардың қуысына

Қамап тастайды…

Алатау батыр

Ашуын басып

Жан-жағына

Зер салып

Қарап бастайды.

Қай жаққа қараса да,–

Қуыс аузынан басқа—

Құлама құз бенен

Өрді көреді.

Амалы бітіп,

Айласы таусылып

Отырған кезінде—

Өзінің Шолақ Жамбасы

Кісінеп белгі береді.

Шөп жеп,

Тезек тастайтын

Төрт аяқты

Сол жануар

Неткен жетелі…

Алатау батыр

Қолы байлаулы,

Аяқтағы қойтастарымен

Қабыландай атылып

Қуыс аузына

Бір-ақ келеді.

Бұл кезде

Шаршап-шалдыққан

Бірер күзетші

Қалғып тұр еді.

Алатау батыр

Көлденеңдеп кеп

Тұра қалған атына

Қарғып мінеді.

Текті жануар

Құйғытып

Тартып кетеді.

Абыр-сабырда

Жармасқан біреулерді

Болат тұяқтарымен

Омыраулап

Тарпып кетеді.

Сол кезде алдынан

Апанды жыра

Шыға келеді.

Айдан анық болатын

Алатау батырдың

Мойыны үзіліп

Құлап өлері.

Апыр-ай,

Неткен қуат,

Неткен күш еді?!-

Қайран жануар

Керіле созылып

Апанды жыраның

Арғы бетіне

Топ ете түседі.

Жаудың сарбаздары

Садақтарына жармасып

Атпақ болғанда,

Бас сардар

Оларға

“Атпаңдар”—дейді,–Жолынан

Қақпаңдар – дейді—

Мұндай батыры бар

Бұл елді біз

Ала алмаймыз.

Ала алсақ та

Ұзаққа бара алмаймыз”.

… Алатау батырдың

Жанкештілік көрсетіп

Қашқанының өзінен

Бас сардардың

Бойына үрей кіріп,

Жүрегі тайқыпты…

Атының басын бұрып

Еліне қайтыпты…

 

АЛАТАУДЫҢ   МӘРТТІГІ

Алатау батыр

Күндердің күнінде

Мінәйі бір себептермен

Қалмақ қоңтайшысының

Қонағы болады.

Ел арасы

Қабақ шытысып

Аңдысып тұрса да

Бір- біріне

Көңілі толады.

… Қоңтайшының

Күнге қарап сыланып,

Айға қарап таранған

Гүлбаһрам деген

Қызы бар екен.

Бетіне жел тимей

Бұла боп өскендіктен

Айтатынын

Айта салатын

Бір беткей жан екен.

Көркіне ақылы сай

Гүлбаһрам ару

Жамандық атаулыдан

Жеріп өседі.

… Нар тұлғалы

Алатау батырды

Бір көргеннен

Ғашық боп

Өліп- өшеді.

Күнімен ойлап,

Түнімен ойлап

Батырды

Көргісі келеді…

 

Ғашық болғаны сонша

Соның жолында

Өзін

Құрбандыққа шалып

Өлгісі келеді.

… Батыр жатқан үйді

Қалмақ жағынан да

Қазақ жағынан да

Сарбаздар шығып

Күзетіп жүреді.

… Гүлбаһрам ару

Бәрі бір

Амалын тауып

Келесі түні

Батырдың

Үйіне кіреді.

Алатау батыр—

Қапелімде!—

Түкке де түсінбей

Аң- таң боп тұрады…

Әлден соң

Есін жиып

Бұл келістің

Мәнін сұрады.

Гүлбаһрам батырға:

– Алатау батыр,

Сызылып тұратын

Уақыт жоқ.

Көңілің соқса

Мені осы түнде

Алып қашып кет,

Ия, болмаса,

Өзіңдей нар тұлғалы

Ұл туайын,

Менімен бірге боп

Мауқыңды басып кет!

Алатау батыр

Былай деді:

Гүлбаһрам ару,

Мен сені

Алып қашсам

Елдің арасы

Бітіспес дау болады.

Ал егер

Нәпсінің құлы боп,

Оған қоса

Ұл қалсын деп

Сенімен бірге болсам,

Менен туған ол бала

Күні ертең

Өзіме жау болады!..

… Алатау батыр

Сол түні аттанып кеткен.

Голощекиннің Алатау батырға

жасаған қастандығы

Алатау батыр басына

Дәрмені құрып,

Кенезесі кеуіп

Шөлдеп келгендер

Ойларына—

Суат табатын.

Діңкесі бітіп,

Қалжырап келгендер

Бойларына-

Қуат табатын.

Голощекиннің

Қатыгез заманы-ай!-

Біреудің бетіне

Тіктеп қарасаң,

Жусаң кетпейтін

Жала жабатын.

Сонда да

Қалың жұрт

Алатау батырға

Мінәжат етуге

Бара жататын.

Күндердің күнінде

Тұратын

Жанып жігерді—

Сол бір

Кесене-белгіні

Қып-қызыл біреулер—

Динамит қойып!—

Жарып жіберді…

Алатау батырдың

Рух күшінен

Қорыққан олар

Неткен үргелек еді?!

Бірақ та олар

Батырға деген

Махаббаттың

Ешқашан

Жойылмайтынын

Білмеген еді…

Темірхан МЕДЕТБЕК

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз