АЛПАМЫСТАЙ АЙБЫНДЫ АЛАТАУ БАТЫР

d0b1d0b0d182d18bd180d0bbd0b0d180         

Ақын Олжас Сүлейменовте «Эпос батырлары үш ғасырға кешiгуде» деп келетiн ауқымына алуан ойды сыйдырған қанатты жыр жолының бар екенi белгiлi. Байыбына барлау жасай қарасақ, осы жыр жолы бiздiң бүгiнгi әңгiмемiздiң де күретамыры бола алатын секiлдi. Ұрпағы екi ғасыр емес, төңiрек түгiлi тарих көшiнiң өзi төрт рет құбылып, қайта түлегендей болған төрт жүз елу жылдан кейiн есiмiн есiне алып, аруағына арнап ас берейiн деп отырған атақты Алатау батыр жайлы басқашалай айту әсте мүмкiн еместей.

          Иә, эпос ерлерi тек үш ғасырға емес, бес, жетi, тiптi, он ғасырға кешiгiп жатқан жайы бар. Осы тараптағы түйсiнгенiмiз бен түйгенiмiздi таратып айтар болсақ, көршi өзбек халқының түгел түркiге есiмi таныс Алпамыс батырды әфсаналар жинағы iспеттi «Қорқыт Ата кiтабы» мен батыр жайлы сан толғау әлқиссалы қаһармандық жырлардан аршып алып, мың жылдық торқалы тойын атап өткенi де кеше ғана деуге болады. «Өзiм дегенде өгiз қара күшiне» салатын өзбек ағайынның ертерек қам жасап қойғаны болмаса, бұл тойды қазақтың да дүркiретiп өткiзуiне әбден қақысы бар-ды, әрине. Бiрақ, амал қанша!

           Одан берiде бiздiң елiмiзде көзi ашық қазақ түгел бiлетiн Қобыланды батырдың тойы аталып өттi. Ендi, мiне, кезек жылысып-жылысып Алатау батырға да келiп жеткендей. Бiздiң алыстан шолу жасап бастаған бүгiнгi әңгiмемiз осы Алатау батыр жайлы.

          Есiмi өз тегi Қоңырат тайпасының ғана емес, кезiнде бүкiл орта жүздiң ұраны болған батырдың ұрпақтан ұрпаққа мұра болған эпостық жырлардың кейiпкерлерiнен даңқы бiр мысқал да кем дей алмаймыз. Ал алып батыр жайлы толағай жырдың дүниеге келiп, елге кеңiнен таралмауына ол дүниеден озғаннан кейiнгi уақытта қазақтың басынан тар жол, тайғақ кешу талай алмағайып замандардың өткенi себепшi болғандай. Иә, батыр жайлы шағын дерек қазақ энциклопедиясында (1 том) бар. Иә, абыз жазушымыз Мұхтар Мағауин ел ертеңi үшiн басын ажалға тiккен айтулы төрт батырдың бiрi ретiнде есiмiн тiлге тиек етiп өтедi (М.Мағауин, «Қобыз сарыны»). Иә, Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзiме шейiн» деп аталатын еңбегiнде де тамтұмдаған дерек ұшырасады. Мiне, осыған дейiн батыр өмiрiне қатысты бұлардан басқа деректер жоқтай болып көрiнiп келген. Бiрақ олай емес екен. Халық жады аман болса қазақтың туын көтерер қара бала қамы үшiн ғұмыр бойы ат үстiнде жауымен арпалысып өткен Алатаудай батырын ұмытпаған болып шықты. «Алаштың Алатау батыры» iспеттi еңбек (авторлары Асан Тұрабаев, Ақпантай Байғұтов, Темiрхан Әбдiков) сол қалғымаған халықтық жадының нақты көрiнiсi деп бүгiн сенiммен айта аламыз. Сондай-ақ, батыр рухына арнап берiлейiн деп жатқан ас та о дүние мен бұ дүниенiң арасын «өлi риза болмай тiрi байымайды» деп түйiндеген сол халықтық зерденiң биiк өрелiлiгiнiң айғағы деуге болады.

         Аруақты бабамыз жайлы өзге әңгiме өзге ағайын тарапынан айтыла жататындықтан, бiз бүгiн батыр есiмiне байланысты ғана мәселеге тоқталмақпыз. Өйткенi, бiр деректерде есiмi ұран бабамыздың азан шақырылып қойылған аты Жиенәлi едi делiнсе, ендi бiр деректерде Әз-Ғараб болып жүр. Ал мұндай екi есiмнiң қосарланып жүруi былайғы жұрт көңiлiнде күдiк оятып, табаны тайқыма әртүрлi пiкiрлерге бастауы әбден мүмкiн.

        Бiрден айтайық, бiздiңше осы екi есiмдi де батыр бабамызға тиесiлi едi деп айтуға әбден негiз бар. Нелiктен?

           Сауал қойған екенбiз, ендi осы сауалға жауабымызды да ортаға салсақ.

           Оқырман қауым, жалпы, көзi қарақты қазақ баласы әйгiлi батырлық жыр кейiпкерi Алпамыстың бағзы есiмi, дәлiрек айтқанда көне түркiлiк ныспысы Алып Бамсы болғандығын жақсы бiледi ғой деп ойлаймыз. Осы екi жартыдан тұратын есiм уақыт өте келе тұтасып, Алып Бамыш – Алпамыс болып әйгiленген-дi. Бұл жерде Алып Бамыштың Алпамысқа айналуына көне түркiлiк есiмдердiң уақыт өте келе тек дiндi емес, араб немесе парсы әлемiне тән жаңа есiмдердi де өзiмен бiрге ала келген  ислам әсерiмен көмескiлене бастауы себепшi болғандай. Мысалы, Шыңғысханға қатты қарсылық көрсеткен Отырар қамалының бас қолбасшысы Қайырханның да исламды қабылдағанға дейiнгi есiмi Алып Дерек (Тұран патшасы Алып Ер Тоңға-Афрасияптың ұрпағы) болғандығы белгiлi. (С.Ақынжанов «Орта ғасырлық Қазақстан тарихындағы қыпшақтар»). Әрине, бұл да таза бағзы түркiлiк есiм. Тарихқа үңiлсек, көне шежiрешiлер Қайырханның Шыңғысханның сауда керуенiн қырып тастауына саудагерлердiң бiрiнiң Қайырханды осы бағзы түркiлiк есiмiмен атап қойғаны түрткi болған едi деген деректердi алға тартады. Сондай-ақ «Шахнамадағы» атақты Тұран патшасы Афрасияптың да бағзы түркiлiк есiмi Алып Ер Тоңға болғандығынан Махмұд Қашқари еңбектерi арқылы жақсы хабардармыз.

           Олай болса Алатау бабамыздың да бiрi исламдық, бiрi түркiлiк екi есiмi болған едi деп айтуымызға әбден болатындай. Мысалы, қазақтың ары iспеттi Абай ақынның мұсылманша есiмi Ибраһим, Шоқан Уәлихановтың азан шақырылып қойылған аты Мұхаммед Ханафия болғаны баршаға мәлiм деректер.

          Осы мазмұндас әңгiменi ХХ ғасырдағы қазақтың айтулы ақындарының бiрi Мұқағали Мақатаевқа да байланыстырып айтуға болады. (Азан шақырылып қойылған аты Мұхаммедқали). Мiне, осы ұлыларымыздың бәрi де халыққа мұсылманша есiмдерiмен емес, қазақы орта өзi қайта ныспылап алған жергiлiктi үлгiдегi есiмдерiмен мәлiм.

         Бiздiңше, осындай кеп Алатау бабамыз Алатау атанып, халықтың құрмет-қошаметiне оранғанға дейiн ол кiсiнiң де тағдырына тиесiлi болған секiлдi. Яғни, азан шақырылып қойылған аты Әз-Ғараб болса (мұсылманша есiмi), өз ортасы, яғни қазақ қауымы, оны ерлiгiмен танылып, Алатау есiмiн иеленгенге дейiн қазақы үлгiде Жиенәлi деп атап келдi дегенiмiз қисынға еш қателiксiз қабысатындай. Сондай-ақ, батыр бабамыздың есiмi төңiрегiндегi даулы әңгiмеге ол кiсi өмiр сүрген тұстарда халқымыз басынан кешiрген рухани-дiни iзденiстер де бiршама жарық түсiре алатын секiлдi.

        Бiздiңше, бұл кездердi исламға түгел мойынсұнған халқымыздың алдында мұсылманшылықтың сүннит бағытының Иасауи немесе Нақышбанды тариқатын таңдау мәселесi тұрды. Бұл өте күрделi мәселе едi. Егер халқымыз Нақышбанды жолын таңдаса, бұл бабалар салты мен ғұрып-дәстүрiн түгелiмен аяққа басу болып шығатын-ды. Даламызға Иранмен байланыстағы тәжiки ортада пайда болып, тәжiктенген немесе парсылана бастаған өзбектер арқылы келген бұл жол бойынша халық жетi атаға дейiн қыз алысып, қыз берiспеу салтын ұмытып, ағайынның қызын ағайынның баласы ала беретiн-дi. Мiне, осы жолды алғашқы да қайсыбiр қазақ хандарының да, олармен бiрге бiрқыдыру ел тектiлерi мен ақсүйектерiнiң де қабылдағаны мәлiм Бiрақ мыңдаған жылдардан берi келе жатқан бабалар дәстүрi берiктiгiн танытып, көшпелi халықтың бiразы Нақышбанды тариқатына қарсылықтарын ашық  бiлдiре бастады. Мұның соңы ағайын арасында «қырғи-қабақ соғыстың» басталып, соңы қарулы қақтығыстарға дейiн ұласқаны да рас. Бүгiн өзбек құрамына қазақ руларының қайсыбiр құрамдары сiңiп кеткендiгiн де белгiлi бiр деңгейде осындай себептен едi деп түсiндiруге болады (Зiкiрия Жандарбек. «Иасауи жолы және қазақ қоғамы). Мiне, ханы мен тектiсiне ренжiген, бабалар дәстүрiн берiк ұстауды жөн көрген көшпелi қазақтың наразы бөлiгi осы Иасауи жолына бет бұрды. Себебi, Иасауи жолында қазақтың баба дәстүрi мен ғұрып-салтын ұстай беруiне ешқандай кедергiлер жоқ едi. Бұл жағынан алғанда ислам мен баба салтты өзара сiңiстiрiп жiберген Иасауи тариқатын далалық дүниетанымды, бабалар мұрасын аман алып қалған рухани киелi күш деп бағалауға болады.

          Мiне, Алатау батырдың дүниеге келiп, өмiр сүрген тұстары қазақ халқының алдында таңдаудың екi жолы тұрған осы тұстарға тура келедi. Бiздiңше, Алатау батыр Иасауи жолын

таңдағандардың қатарында болған. Бұған оның Түркiстанда болуы, Тайқазанды көтеруi дәлел бола алады. Сондай-ақ, батырдың зираты өзбекке сiңген, ендiгi өзбектенген қоңыраттардың жерiнде емес, қазақ даласында, Қоңырат қауымы ен жайлаған оңтүстiк өңiрiнде болуы да оның осы жолды, бабалар дәстүрiн шет көрмейтiн Иасауи тариқатын таңдағанын аңғартады.

            Бабамыз тарих сахнасына шыққан осы кезеңдерде өзбек пен қазақтың ара-жiгi жеке халықтар ретiнде толық ажырап бiтiп едi дей аламыз. Ал жоңғар-қазақ соғысымен бiрде кезектесiп, бiрде сәл кешеуiлдеп бiрнеше ғасыр бойы үздiксiз жүрiп отырған өзбек-қазақ соғысының негiзiнде белгiлi бiр деңгейде кешегi ағайынды халықтың бiрi Нақышбанды, ендi бiрi Иасауи тариқатын қабыл еткендiгi жатқандығы анық. Бiздiңше, Алатау батыр құба-қалмақтармен ғана емес, оны Нақышбанды тариқатын қабылдаған тәжiк немесе топырағынан айныған түркi тектес ағайындармен болған шайқастарға да жиi-жиi қатысып отырған. Өйткенi, «Алаштың Алатау батыры» еңбегiндегi қызылбастарды осы нақышбандышы тәжiк немесе Нақышбанды iспеттi тәжiк дiндарының соңынан ерген адасқақ өз бауырларымыз едi. Тарих безбенiне салсақ, оқиғалардың осылай өрбiгендiгi күмәнсiз.

          Иә, Алатау батыр ел амандығы үшiн ғана емес, оның рухани әлемi де сау-саламат болуы үшiн қан майдандарға кiрген  батырларымыздың бiрi. Бұл шайқастарда оны абыз Иасауи мен Алпамыстай бабасының ұлы рухтары қолдап отырды.

           Осы арада Алатау әскерiне қолбасшы болған Тәуекел және жасағының қарт ағасы болған Есiм хандар жайлы да аз-кем әңгiме айта кетсек. Тәуекелдiң алғашқыда Нақышбанды тариқатын қабылдағандардың арасында болғаны тарихтан белгiлi. Бiрақ уақыт өте келе Иасауи тариқатына қайта мойынсұнғаны да мәлiм. Мiне, бабалар жолына берiк бет бұрған осы ханның қаһарлы қылышы болып, қазақ халқының өзбек-тәжiкке iлесiп, соңында мүлдем жоқ болып кетпей, ел ретiнде, халық ретiнде аман қалуы үшiн болған шайқастарда аянбай қан төккен Алатау батырды да бүгiнгi қазақтың бастауында тұрған тұғырлы тарихи тұлға ретiнде ел болып ұлықтауға әбден қақымыз бар. Батыр бабамыз ел бiрлiгi үшiн күресiн  нақышбандышы Есiмхан тұсында да тоқтатпаған сыңайлы. Әйтпесе, қартайған шағында бiрiккен қазақ жасағының қарт ағасы атанбас едi ғой. Иә, Алатау да елiм деп өткен ер едi. Батыр баба тойының әлi де талай ғасырлар тойлана беретiндiгiне, мына тойдың сол тойлардың бастауы екендiгiне сенгiң келедi. Лайым солай болғай.

          Баршамызға ұлы Баба аруағы риза болып, қолдай жүрсiн, әумин!

 

Әмiрхан БАЛҚЫБЕК