ҮКІМЕТ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ БЕТ БҰРДЫ

Мемлекеттік тіліміз осы уақытқа дейін өз мәртебесіне ие бола болмай келе жатқандығы жүрегі қазақ деп соғатын әрбір қазақстандықтың жаны­на батып жүргені жасырын емес. Осы бір күрделі мәселенің түйіні біртіндеп тарқатылып келе жатқандай. Бұған дәлел жақында Үкімет бас­шы­сы Серік Ахметовтың Үкімет оты­рыстары мен алқалы жиындарды мем­лекеттік тілде өткізу жөнінде шешім қабылдағандығы. Жағымды жаңалықтан кейін іле-шала өткен Үкімет отырысы басынан аяғына дейін таза қазақ тілінде өтті. Осы уақытқа дейін қазақша сөйлеуге қиналып келген Қаржы министрі Болат Жәмішевтің өзі Парламенттің «2012-2014 жылдарға арналған республи­ка­лық бюджеттің» жаңа нұсқасын қа­былдауына орай Үкіметтің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысына өзгерту­лер мен толықтырулар енгізетін жаңа қаулының жобасына байланысты баян­дамасын толықтай ана тілінде жа­сап шықты. Бұл шынында да күтпеген жаңалық болды. Дегенмен, жиын барысында ілеспе аударма да қолданыл­ды. Орыстілді БАҚ өкілдері болса, баян­дамалардың орысша нұсқасымен қамтамасыз етілді. Үкіметтің тізгінін қолға алғанына аз уақыт ғана болғанына қарамастан, Үкі­мет басшысының осындай игі бастама көтергені үкілі үміттің отын жаққандай болды. Не десек те биліктің қазақ тіліне бет бұрғандығы жағымды жаңалық болып тұр әзірге. Алдағы уақытта таза қазақ тіліндегі қоғам үшін қарышты қадамдар жалға­сын таба берсе, қазақ тілі аз уақытта-ақ азат тілге айналары хақ.