«Ақ жол» Алашты ардақтауды бастады. Ендігі үміт – Үкіметте!

 

«Ақ жол» партиясы қоғамымыз бен үкіметімізге сауал тастап, сауын айтып, Елорданың қақ ортасында айтулы жиын өткізді. 2012 жылдың 23 қарашасында Әз-Жәнібек пен Керей хан көшесіндегі «Тілеп Қобыз» ғимаратында «XXI ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы Алаш қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Оған көптеген қоғамдық ұйымдар өкілдері, зиялы қауыммен бірге әртүрлі жоғары оқу орындарынан профессорлар мен студенттер қатысты. Конференцияны «Ақ жол» партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасының Парламент депутаты, Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы жетекшісі Азат Перуашев ашып, баяндама жасап, жиынды жүргізіп отырды. Конференцияда Еуразия ұлттық университетінің проректоры, «Алаш» институтының директоры, ғылым докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы «Алаш тұғырнамасы және мемлекетшілдік мұрат», ҚР ҰҒА академигі, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы «Ахмет Байтұрсынов және Алаш тағлымы» атты салмақты баяндамалар жасады. Барлығы 14 баяндаманы атап айтар болсақ, Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, ғылым докторы Зиябек Қабылдиновтың «Каркаралинская петиция и социально-политические чаяния казахов», Мәжіліс депутаты, ақжолдық Екатерина Никитинскаяның «Об экономическом наследии Алашординцев», экономика ғылымының докторы, профессор Мырзагелді Кемелдің «Смағұл Сәдуақасовтың экономикалық тұжырымдамасы» баяндамалары маңыздылығымен есте қалды. Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ғылым докторы Амантай Шәріп «Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістер және Алаш тәжірибесі» атты баяндамасында Алаш арысы, мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың Кеңес империясы көсемдері Ленинмен, Сталинмен айтысқан ерлігі мен біліктілігін дәлел-дәйектермен айтып, елдің разылығына бөленді. Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы, ғылым кандидаты, профессор Қайрат Сақ «»Қазақ» - өзін-өзі қаржыландырған газет» атты баяндамасында Ахмет Байтұрсынұлының көзсіз батырлығын, өз еркімен абақтыға барып жабылуы, «мен абақтыға жабылсам бір ғана мен азап көремін, ал «Қазақ» газеті шықпаса, 6 миллион қазақ қараңғыда қалып кетеді» дегенді естіп, құйқамыз шымырлады. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ханбибі Есенқарақызы «Алаш идеясы және «»Ақ жол» газетінің рөлі», «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары–ОҚО филиалы төрағасы Анарбек Орман «Алаш» қозғалысының тарихи тәжірибесі», «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Людмила Жуланова «Прогрессивный характер социальных преобразовании–в программе партии «Алаш», Еуразия ұлттық университеті доценті, ғылым кандидаты Омар Жәлел «Қазақ қоғамындағы Еңбек ұғымының генезисі мен трансформациясы: Абайдан Алашқа дейін» атты баяндамалар жасады. «Ақ жол» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев өз баяндамасында Алаш идеяларының мұрагері «Ақ жол» партиясының қоғамдағы рөлін тілге тиек етті. Жарыссөзге шыққандар да маңызды  сөздерімен ерекшеленді. «Ақ жол» партиясы Ақылдастар алқасының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталының айтқан сөзі салмақты шықты. «Өткенге салауат дегендей, енді жағдайымыз мәз емес, Кедендік одақтың арқасында, біз 12 миллиард пайда тапсақ, Ресей жағы 400 миллиард пайда тауыпты. Бұл нені көрсетеді? Еуроодаққа кірген үш елдің арасында бара-бара бір валютаға өтуге мәжбүр болады. Ол валюта рубль болатыны бесенеден белгілі. Одан тыс қоғамдағы келеңсіз жағдайлар күннен күнге күрделеніп барады. Күрмеуі шешілмеген мәселелердің қайдан тамыр жайып жатқанын шешудің орнына одан бетер қолдан күшейтіп отырмыз. Осындай мәселелер мені қатты алаңдатады» -деді ол. Саясаттану ғылымының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір ұлттық мүдде тұрғысынан сөз сөйледі. Семей қаласынан тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай дауысының қарлыққанына қарамай жақсы ой білдірді. «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасы орынбасары Мақсат Жақауов қоғамдағы жастар мен студенттер рөліне тоқталды. Конференцияның соңғы сөзін сөйлеген «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры,  ақын, «Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса Алаш қозғалысы идеяларының өзектілігін рет-ретімен, бөліп-бөліп анықтап айтып берді. Мемлекеттік тілдің әлі күні өз орнында емес екендігін, Алаш арыстарының арманын орындау, Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін күресу туралы жалынды да, жігерлі сөздерімен дүрілдеп кеткен залдағы халықтың зор ықыласына бөленді.   Астанада келелі кеңес құрып,   Алаштың 95 жылдық  мерекесін елімізде алғаш рет ресми түрде бастап кеткен   «Ақ жол» партиясының бұл қайрат-қарекетін ел жақсылыққа балап, «ұзағынан сүйіндірсін» деп, баянды болуын тілеп кетті. Ең бастысы Астанада Алаш рухы сезілген, Алашты ардақтаған айтулы жиын  өтті. Ендігі үміт–Үкіметте! Келесі кезек – билікте!  

Жұмамұрат Шәмші,

Астана қаласы