Қызылағаштағы қырғын

d182d0b0d181d29bd18bd0bd-3

Таяуда Алматы облысында толастамай жауған нөсер салдарынан бөген жарылып, Ақсу, Қаратал аудандарындағы бірнеше елдімекендерді су шайып кетті.

             Ақсу ауданына қарасты Қызыл-Ағаш ауылында 257 баспана су астында қалса, Қаратал ауданындағы Жылбұлақ елдімекенінде 150-ге жуық үй зардап шекті. Әсіресе, Қызыл-Ағаштағы халықтың хал-ахуалы қиын. Соңғы мәліметтерге сүйенсек онда 34 адам қаза тауыпты. Төтенше жағдайлар қызметі бірнеше тұрғынның мүлдем жоғалып кеткендігін жеткізді. Қазір облыстағы барлық құтқару қызметі апат салдарын жоюмен және қауіпсіз аймаққа көшірілген 4 мыңға жуық тұрғынға қол ұшын беруде. Құтқару қызметі із-түссіз жоғалғандарды іздеу шарасын әлі жалғастыруда. Орын алған оқиғадан ауылдағы үйлердің 70 пайызы қирапты. Алда да тағы да су апаты болуы да мүмкін. Себебі, онда әр сағат сайын су биіктігінің деңгейі 15 см-ге дейін көтеріліп жатыр екен.

              Алматы облыстық ІІД Жол полициясы басқармасының инспекторы Аман Мұқатаевтың айтуынша аймақта қауіп әлі сейілмегендіктен адамдар тек ғана арнайы техникамен ғана тасымалданып жатыр екен.

             Елбасы тапсырмасымен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов оқиға орын алған жерге барып жергілікті халықтың хал-ахуалын өз көзімен көрді. Зардап шеккен отбасылардың қайғысына ортақтасып Мемлекет басшысы Н.Назарбаев көңіл айтты.

            Күні кеше апаттан қаза тапқан 12 адамның денесі жер қойнына тапсырылды. Мемлекет тарапынан қайғыдан қан жұтқан отбасыларға көмек көрсетілуін, көрсетіледі-ау, әйтсе де оқиғаның құрбаны болғандардың орнын толтыра алмайтынымыз ғана өзекті өртейді.

          Ресми билік су апатынан қаза тапқандардың саны 35 деп нақтыласа, ал жергілікті халық құрбан болғандардың жүзге жуықтап қалғандығын айтып зар қағуда. Ел кімге сенеді сонда?

 

Өз тілшімізден