Тікұшақ апатқа ұшырады

d0bad180d183d188d0b5d0bdd0b8d0b5-2

Жақында Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауданына жолда қалғандар мен науқастарға көмек көрсету мақсатында облыстық төтенше жағдайлар қызметінің екі тікұшағы аттанған болатын. Құтқару жұмыстарын жүргізуге тиіс Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 8 адам мерт болды. Тікұшақтың біреуімен байланыс үзілгеннен кейін, оны іздестіру шараларына облыстық Төтенше жағдайлар департменті, Үржар ауданының әкімдігі мен жергілікті әскери қызметкерлер жұмылдырылды. Бірақ, апатқа ұшыраған тікұшақ Мақаншы ауылынан 8 шақырым жерден табылды.

        Ми-8 тікұшағы ауданда қалың қар мен боран салдарынан емханаға жете алмай жатқан ауыр сырқаттарды аудандық ауруханаға апаруы тиіс болатын.

         Аталмыш тікұшақ соңғы рет Үржар ауданының Каработа ауылына қонып, Көктерек және Благодарственное ауылына бет алыпты. Бортында 3 экипаж мүшесі, 2 дәрігер мен 17 жастағы бір науқас, сондай-ақ Мақаншы ауылдық округының әкімі Ерболат Сағымбеков пен Благодарственное ауылдық округының әкімі Болат Ибраев болыпты.

          Құлаған тікұшақты аудандық шекара қызметкерлері Мақаншы ауылынан 8 шақырым жерден тауыпты.

           ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Владимир Власов тікұшақ жерден үлкен биіктікте, яғни әуеде жарылуына негіз бар екендігін айтады. «Өйткені оның сынықтары 800 метр радиустан табылды. Сондықтан мұндай жағдайда адамдардың тірі қалуы мүмкін емес», - дейді маман.

           Апат айтып келмейді, әрине. Тек төтенінен сақтасын дейік.

 

Өз  тілшімізден