Сүйінші!!! Астана ЕХРО-2017 өткізу астанасы болып таңдалды

1
1552

ПАРИЖ. 22 қараша. ҚазАқпарат – Халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше-мемлекеттері өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында әсем Астана бельгиялық Льеж қаласын басып озып, ЕХРО-2017  Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу астанасы болып таңдалды.

Астананың өтінімін Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-елі қолдады, 44-і – «қарсы» дауыс берді.

2017 жылы ЕХРО мамандандырылған көрмесін өткізу құқығының финалдық кезеңінде Қазақстан елордасы – Астанамен бірге бельгиялық Льеж қаласы үміткер болды. Бельгия өзінің өтінімінде «Адамдарды біріктіре отырып» деген тақырып ұсынды. Қазақстан елордасы ұсынған тақырып – «Болашақтың энергиясы» – энергияның баламалы көздеріне және «жасыл» технологияларға арналған.

 

Әрбір үміткер елге таныстырылымын жасау үшін 30 минуттан берілген. Осы берілген уақыт ішінде оның қатысушыларына Қазақстан және оның елордасы Астананың ЕХРО өткізетін орын ретіндегі әлеуетін көрсететін бейнероликтер көрсетіледі. Қазақстанның вице-премьері Қайрат Келімбетов пен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлеп, соңынан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнежолдауы қорытындылады.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Халықаралық Көрмелер бюросының Президентіне, атқарушы комитеттің Бас хатшысы мен оның мүшелеріне қарата былай деді:

«Біз қандай ауқымды іске, алпауыт жүкке қол созғанымызды жақсы түсінеміз. Шынайы сезінеміз. Өйткені, біз төрткүл дүниеге ой-дария болған ЕҚЫҰ Саммитін, сарықұрлыққа тең жария болған Азия Олимпиадасын абыроймен өткізген елміз. Ендігі жерде сол бір шарболаттай сенім бізді бұрын соңды болмаған осынау ұлық бастама мен жаһандық жобаға жетелеп отыр.

Қазір бүкіл адамзат өмірлік ортасының орайын сақтауға, тіршілік тақтасының қуатын баптауға зәру. Ал оның шешімі біреу – айналаға зиянын болдырмайтын, сарқылмайтын қуат көзін қордалайтын «Жасыл экономика» жолы.

Бұл ЭКСПО-ның ғаламдық мүддесіне жақын жол. Сондықтан да біз келешек ЭКСПО-ны жер аумағы әлемде тоғызыншы тұрған, ерлік-дастан еңбегімен болашағын құрған апайтөс елге, берекелі жерге шақырамыз.

Астана – алғаш атқан таңынан бастап жақсылыққа тұмар, жаңалыққа құмар болған ерекше шаһар. Осы арқылы біз ЭКСПО-ның үкілі үмітін Еуразия төрінен ақтауға, арман-тілегін Жер кіндігінен бастауға керемет мүмкіндік береміз.

Біз бұл әлемді қайта жаңғыртуға қашанда даярмыз!

Міне, Астананың осынау шын мәнінде аламан жобаға қатысуының басты себебі осы».

И. Тасмағамбетов Астанада болашақ ЭКСПО-орталығының құрылысын жүргізуге елорданың инфрақұрылымын дамыту жолына сәйкес жер учаскесінің таңдалып қойғандығын мәлім етті.

«Біз ЭКСПО кешені үшін бүтін қаланы бөлектемейтін, инфрақұрылымы мен көлік қатынасы жағынан кемшілік көрмейтін ерекше жерді таңдадық. Ондағы басты мақсатымыз – әр шаһарға өзекті, әрбір адам жанына керекті жайлы да жасампаз жағдай жасау», – деп атап көрсетті Астана әкімі.

«Бұл орайда, ЭКСПО-ны өткізу біз үшін бойымыздағы күш-қайратты шыңдау ғана емес, бүкіл әлемге біздің қаламыздың кез-келген шешімі қиын міндеттің үдесінен шығып, күресінен қиятынын дәлелдеу», – деді И.Тасмағамбетов.

 Астанадағы ЕХРО-2017 Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. Астанадағы ЕХРО көрмесі 3 айға – 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады. Оған әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам болмақ. ЕХРО-2017-ні өткізу елорданың, сондай-ақ тұтастай алғанда республиканың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыруға қызмет ететін болады.

Елорданының және оның маңындағы аймақтардың шағын және орта бизнесінің дамуы ерекше серпін алады, ең алдымен, халыққа қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі және ішкі туризм салаларының ұтары мол. Бұл шара елорданың көрме нысандары мен инфрақұрылымы құрылысына елеулі көлемде жеке инвестициялар тартуға, оларға қызмет көрсетуге ондаған мың жұмыс орындарын құруға, ішкі туризмді дамытуға және елге шетелдік туристер ағынын ұлғайтуға, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Көрмелер нысандары құрылысына инвестициялар тартудан басқа күтілетін экономикалық тиімділік мынада: ЕХРО ауқымында салынатын нысандар болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныстырады, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады.

Елорданың мәдени дамуының да маңызы зор. ЕХРО өткізу кезінде Астанада әлемнің түпкір-түпкірінен әртүрлі мәдениеттер үні шырқалады. Көрме аумағында күн сайын концерттер, ұлттық күндер және басқа да ойын-сауық шаралары өткізіледі.

ЕХРО-2017 ірі коммерциялық емес жоба, ол аймақтың және тұтастай алғанда елдің дамуының қуатты катализаторы болмақ. Құрылысқа, туристік инфрақұрылымға, қонақ үй бизнесіне салынатын инфестициядан түсетін кірісті былай қойғанда, көрменің зияткерлік мұрасы Қазақстанды жаңа деңгейге көтеретін болады.  Әсем Астананың одан әрі қарыштап өсуіне және бұрынғыдан да өршіл мақсаттарын жүзеге асыруға жаңа серпін алады. Ал қазақстандықтар өз күштеріне және өз елінің мүмкіндіктеріне тағы да көз жеткізе алады.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз