Қоқанға қарсы көтеріліс көсемі МҰСАБЕК БАТЫР
2010 ж. 17 наурыз
5847
3
«Едігеден бастасам,
Ертегіге кетермін.
Алпамыстан бастасам,
Алты Алашты айналып,
Алты құрлық өтермін.
Шыңғыс ханнан бастасам,
Шың басына жетермін.
Алатауға айналсам,
Қаратауға байлансам,
Ел ұранын көтердім.
Қоқанның бегі Мырзаби,
Қоқаңдаған кезінде,
Қорқыратып бауыздап,
Етігіне сүрткен қылышын,
Мұзбалақ батыр Мұсабек!
Атасақ егер дұрысын,
Жорықта алмас бір тыным,
Көсемі еді ұлтының...»
Бір кезде біз осылай жырлаған екенбіз. Енді, міне, Ордалы Оңтүстіктегі қызырлы Қызылқұмның төрқаласы, шежірелі Шардарада ұлыларымызды ұлықтап отырмыз.
Елінің тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тіккен батырларымыздың, бар қазаққа бас қолбасшы болған Алатау батыр мен Қоқанға қарсы көтеріліс көсемі Мұсабек батырдың және көрнекті мемлекет қайраткері, академик Төлеген Тәжібаевтің рухтарына бас июдеміз.
Қазақ тарихына көз салғанда ұлт-азаттық көтерілістер аз болмағаны белгілі. Солардың бірі XIX ғасырдың екінші жартысындағы, 1858 жылғы Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан хандығы басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрес әлі де толыққанды зерттеле қоймағаны байқалады. Қоқан бегі Мырзабидің басын алған көтеріліс көсемі Мұсабек батыр Қалдарбекұлының ерлігі де өз бағасын ала алмай келеді. Батыр туралы кезінде сол заманда өмір сүрген әйгілі Майлықожа ақын өзінің өрнекті өлеңдерімен жырлап өткен. Одан кейін алғаш әдебиетші Тәңірберген Отарбаев 1935 жылы Ташкент қаласында шыққан «Социалды шашу» кітабында «Мырзаби оқиғасы» деген әңгімесінде жазды.
Аты аңызға айналып, талай жырға арқау болған мұзбалақ батыр Мұсабек Қалдарбекұлының өмірі туралы айтсақ, ол 1815 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы «Бірлік» ауылында дүниеге келген. 1882 жылы қайтыс болған. Әкеден жетім қалған Мұсабек өмірдің бар қиындығын көріп өсті. «Жетім қозы, тас бауыр, түңілер де, отығар» - дегендей, қатыгез заман, қатал тағдыр тезіне төзіп, қылыштай қайралып ер жетті. Бар ауыртпалықты халқымен бірге көтерді. Елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ел басына күн туғанда етігімен су кешті. Тақымы терден кеппеген, найзамен жаншып ет жеген ердің нағыз сыналар кезі – елі үшін атқа қонып, Қоқан басшыларына қарсы күресуі еді.
XIX ғасырдың екінші жартысында Қоқан хандығы Оңтүстік Қазақстанды өзіне қаратты. Бектері белден басып, елді езгіге салды. Елдің еңкейген еңсесін одан әрі салық салмағымен жаншыды. Тіпті, есіргендері сонша, Оңтүстік аудандарды басқарған, ордасы Ордабасыда орналасқан хан өкілі Мырзаби «қыздан зекет» дегенді шығарды.Бұл қорлық қыздарын үкілеп, төрге отырғызатын қазақтар үшін өліммен тең еді... Терісіне симай жүрген Мұсабек батыр кезекті бір қыз зекетінің қырғынын естіген соң, Әулиеатадағы Байзақ, Сыпатай , Ақмолда батырларға,Ақмешіттегі Жанқожа батырға ат шаптырып, кісі жіберіп, ақылдасады. Ағасы, ел ішінде ерекше беделді Сапақ датқамен кеңеседі. Қоқан хандығына қарсы қол жинауға кіріседі. Елдің жарамды жігіттерінің бәрі атқа қонады.
Ордабасы басында, Қотырбұлақ қасында қыз-қырқынмен қызыққа батып, шарап ішіп шалқып жатқан Мырзабиді төсегінен суырып алып, қақ жүрегінен қылыш салады. Аттандаған сарбаздар Қоқан бегінің бар жасауылын қанға бөктіріп, ажал құштырады.. Сөйтіп, басынған жаудың басын алған бас сардар мұзбалақ Мұсабек батыр ұлт-азаттық көтерілістің көсеміне айналды.
1858 жылдың басында Қоқан хандығының езгісіне қарсы шығып, Мырзабиді өлтірген көтеріліс көсемі Мұсабек Қалдарбекұлы екені тарихи ақиқат. Бұны баса айтуымыздың себебі, анабір жылдары «қазір не айтсаң да, бола береді екен ғой» дегенге сүйенген «зейнетке шыққан тарихшылар» әртүрлі әңгіменің шетін шығарып, бұл баспасөзде біраз сөз болған. Мұсабек батырдың Мырзабиді өлтірген ерен ерлігі туралы күнгей әдебиетіміздің классигі, әр өлеңі шежіре әйгілі Майлықожа өзінің жырында нақты көрсетеді. Ол өзінің туған нағашысы Мәделіқожаны ауызға алмай, Мұсабек батырды мадақтап жырға қосуы – «Мырзабиді Мәделіқожа өлтіріпті-мыс» деп, әдейі қателесіп жүрген кейбір «мүдделі» жандарға дәл жауап болса керек.
Қоқан езгісіне қарсы қол бастаған, Құдияр ханның Ордабасыдағы өкілі Мырзабидің басын кескен шайқаста Мұсабек батырдың қасында Жаманқара, Мәделі, Байбақ, Рысқұлбек, Белес секілді жаужүрек серіктері болып, ерлік көрсетеді.
Көтерілістен соң елдің жағдайы ерекше қиындап кеткені белгілі. Көтерілісшілерді Қоқан хандығының жазалау шаралары күтіп тұрды.Қоқан хандығын ақылға келтіріп, жағдайды дұрыс реттеуге көндіруде әйгілі Қанай датқаның, сонымен бірге Сапақ датқаның еңбегі зор болды.
«Қанай датқа ел жағдайынан хабардар болған соң, билерге басшылық жасап, тездетіп Қоқанға аттанып, Құдияр ханмен жүзбе-жүз кездесіп, Қоқан тарапынан болатын жазалау шараларын тоқтатады. Жазалау басталатын болса, Мұсабек батырдың бес мың қолмен Ташкентке шабуыл жасауға әзір тұрғанын, сондай-ақ Бұқара әмірінің 40 мың қолмен Оратөбеден Қоқанды жаулауға атанғалы жатқанын да ескертеді. Бұл кездесу кезінде Құдияр бірқатар жеңілдіктер жасауға. Ташкент құшбегі Мырза-Ахметті орнынан түсіріп, оның орнына өзінің інісі Мұрат-Аталықты тағайындауға, бектердің өлтірілуіне байланысты жазалау әрекеттерін қолданбауға, 3 жылдан бері елден толық жиналмай келе жатқан алым-салықтың белгілі бөлігінен бас тартуға мәжбүр болады». (Қазақ ССР тарихы, III-том, Қазақ ССР Ғылым Академиясы баспасы, 1979 жыл. 182-бет.)
«Мұсабек батырдың ерлігі Мырзабиді өлтірумен шектелмейді, оның Қоқанға қарсы күрес бастаушы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдерінің бірі болғаны патшаның отаршыл әскери өкімет орындарының өз басшыларына жазған мәліметтерінде атап көрсетіліп отырған. Мәскеудегі мемлекеттік әскери-тарихи архивтың құжаттарында (1442 кір.4-іс, 49 парақ) Қоқан ханының өзара бітімге келу жөніндегі ұсынысын Бұқара әмірі Батырханның қабылдамағаны ... сондай-ақ қоңырат тайпасынанМұсабек пен Қоныс басқарған жасақтардың да Қоқанға қарсы ұрыс қимылдарына әзір тұрғаны баяндалған. Полковник Черняев басқарған экспедициялық отрядтың Шолаққорғаннан жазылған мәлімдемесінде (1443 кір, 9-іс, 218- 220 беттер) Сапақ бидің аты аталады.
Ресей әскерінің оңтүстікке қарай жылжуына орай оның дулаттармен келіссөз жүргізуге аттанып кеткені көрсетілген. Архив құжатарында көшік Торғауыт Қасымов, Оразкелді Құсайын Төлегенов, тіней Байзақ Битабаров және басқалардың Қоқанға қарсы күрес басшыларының қатарында болғаны айтылады». («Мұсабек батыр - Сапақ датқа» кітабы, 1996 жыл.)
Осы Қоқан езгісіне қатысты тағы бір тарихи деректі құжат қызықтырады: 1858 жылы 23 маусым, Қазақ ССР Мемлекеттік архиві, фонд 383 (опись) 81-іс, 33-парақ.
ГЕНЕРАЛ ГУБЕРНАТОРҒА ХАТ
Көк ұлы, Көтенші қол басып, көшік ұлы Әбілхайыр сұлтанды, Бибатыр ұлы Досмұхамет мырзаны, Жандарбек ұлы Сопыбек мырзаны жібердік. Біз Қоқанға қарайтын Қоңырат деген ел едік, қанша залымдық қылса да, қонысымызды қимай шыдадық. Енді бізді патша ағзам, қарауыңа алып, Қоқан зорлығынан құтқарып, қалауыңша жерге орналастыр. Жолда Түркістан ұлығы Мырзанияз айдың төрт жаңасы күні бізбен соғысып, әруақ ұрып, жеңіліп қашты. Бір үлкен зеңбірек, неше жүз қара мылтықты басып қалып, бес жүздей адамды өлтірдік. Қоқаннан әскер келмесе, Түркістан ұлығында қарсы шығар шама жоқ. Сәрсенбі күні бесінде жазылды. Қол қойғандар, мөр басқандар, Маханбет, Хұсейін, Мырзахмет»,-делінген.
Бұл хаттағы Сопыбек – Мұсабектің ағасы Жандарбектің баласы. Ал көшік ұлы Әбілхайыр сұлтан деген кісіні зерттеу керек сияқты. Көшік – Байлар-Жандар руының бір атасы. «Сұлтан» деген атағы ма, атының жалғасы ма, белгісіз... Хатқа қол қойғандар мен Досмұхамет мырза туралы да толық мәлімет алу керек. Жалпы мұрағаттарда қаншама құнды құжаттардың шаң басып жатпағанын кім біледі?...
Мұсабек батырдың бұл ерен ерлігін қалың қазақ түгел қолдап, дүлдүл ақын Майлықожа:
Мұсабек өтті қоңыраттан,
Сары даланы шаң қылған,
Қоқаннан олжа мол қылған.
Мырзабиді өлтіріп,
Батырлығын даң қылған.
Мұсабек батыр Жандардан, -
деп мадақтап, жыр арнады. Сонау Жетісудан XX ғасырдың Гомері атанған атақты Жамбыл Жабаев та үн қосып, «Хан мен ақын» атты дастанында осы көтеріліс туралы көркем суреттейді. Онда Мұсабек батырдың Мырзаби ордасын төңкеріп, басын алып, қанын ішкені айтылады. (Орыс тіліндегі толық жинағы. 1946 ж. 35-бет.)
Биыл жүз жылдықтары аталып өтетін біртуар тұлғалар, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы мен ғұлама қайраткер Төлеген Тәжібаевтың жәнебылтыр жүзжылдығы дүрілдеп өткен әйгілі ақын Әбділда Тәжібаевтың сүйікті ұстазы болған әдебиетші-ақын Тәңірберген Отарбаев 1935 жылы Ташкентте шыққан «Социалды шашу» атты жинақта «Мырзаби оқиғасын» жариялап, тарихи шындықты нақты суреттеп берді.
Профессор Ханғали Сүйіншәлиев «Мұсабек Қалдарбекұлы Қоқанға қарсы күрес бастаушы Қоңырат елінен шыққан батыр» деп жазды. (Қазақ әдебиеті, XVIII-XIX ғ.)
Кейін белгілі жазушы Әбжаппар Жылқышиев бұл көтеріліс туралы кеңінен толғап, терең зерттеп, «Дауылдан кейінгі жорық» повесін жазды. Бұнда көтеріліс көсемі Мұсабек батыр тұлғасы айқын айшықталған. Бұл шығарманы көрнекті жазушы Мархабат Байғұт бастаған көптеген қаламгерлер романға балап, жоғары бағалады. Біз 2003 жылы Әбжаппар Жылқышиевтің 95 жылдық және Қоқанға қарсы көтерілістің 145 жылдығында аталмыш туындыны „Тұран” баспасынан 1000 данамен шығарғанбыз. Қазақтың дарынды суретшісі, кезінде көрнекті қайраткер Заманбек Нұрқаділов сатып алып, Президентке сыйлаған „Аңырақай шайқасы”атты атақты картинаның авторы Мақсат Бексұлтанға Мұсабек батырдың портретін майлы бояумен арнайы салдырып, кітап мұқабасына бейнеледік. Осы жиынға бұл кітаптың 300 данасын алып келіп отырмыз. Сонымен бірге”Жас қазақ үні „ газетінің екі рет арнайы санын шығарып, 4500 данасын елге жібердік. Бүгінгі Ас та алдағы санда баяндалатын болады.
Белгілі ақын Нәмет Сүлейменов 1967 жылы «Ордабасы», 1972 жылы «Мұсабек батыр» атты дастандарын дүниеге келтірді. Ол 1990 жылы шыққан „Мұсабек батыр” атты кітабында аталмыш дастанын және батырдың өмірі туралы мақалалар мен әңгімелер топтамасын жариялады. Арыстық зерттеуші Шыналбай Уәлханов та Мұсабек батыр жайлы біраз еңбек етіп жүр. 1996 жылы „Мұсабек батыр, Сапақ датқа” деген кітап шықты. Құрастырушысы белгілі ел ағасы Досыбай Шерімқұлов.
Мұсабек батыр жайлы сөз әлі алда деп білеміз. Ташкент пен Мәскеудің мұрағаттарында шаң басып жатқан талай тарихи құжаттарды аршып алу – бүгінгі заман талабы.
Биыл Мұсабек Қалдарбекұлының туғанына 195 жыл! Алда 2015 жылы 200 жылдығы. Ендеше, еңселі ескерткіш тұрғызып, республика көлемінде арнайы ардақтау шаралары алда деп білеміз.
Бүкіл түркінің қаһарманы Алпамыс батырды өзбектер иеленіп кетіп, мыңжылдығын ЮНЕСКО арқылы тойлатып, еңселі ескерткішін тұрғызып алды. Яғни, жерімізді ғана емес, ерімізді де иеленіп жатқанын жасыруға болмайды.
Біз ұлт ретінде өнегесі көп өзбектерден осындай елін жаудан қорғаған өз батырларын қалай бағалап, қалай ардақтайтынын үйрене алмай келеміз. Тек қоңыратқа ғана емес, кезінде бүкіл орта жүздің ұранына айналып, бар қазақ әскерінің бас сардары атанған, Алтай мен Атыраудың арасында, ұлы Сыр мен Ақжайықтың жағасында тұлпарының ізі қалған Алатау батырға Түркістан мен Шымкенттен ескерткіш орнататын кез келді. Ал Мұсабек батырдың тұлғасы Шардара мен Арыс және т.б. шаһарларда, Шымкент қаласында асқақтауы тиіс деп білеміз. Сондықтан, Шымкент қаласының Ордабасыға қарай шығатын жерінен ескерткіш үшін жер бөлінуін сұраймыз.
Сөзіміздің соңында Ұлыстың ұлы күні Наурызда ұлыларымызды ұлықтап, ас беріп отырған Шардара ауданының халқына, аудан әкімі Марғұлан Марайымға алғыс айтып, зор табыстар тілейміз.
Алла жар болып, ата-баба әруағы қолдай берсін!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz