САПАРБАЕВТЫҢ сындарлы бір жылы Шығысқа шырай кіргізіп, ұлттық рух ұлықтала бастады

d181d0b0d0bfd0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b2-d184d0bed182d0be        

 Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қызметке кіріскеніне бір жыл толды. 4-наурызда. Бір жыл, әрине, аз уақыт емес. Cонымен Сапарбаев бір жыл ішінде не тындырды? Не атқарды? Нені ұмыт қалдырды? Жалпы бір жыл ішінде қандай істерімен ел есінде қалды?

            Бір нәрсені жасырмай айтуымыз керек. Шығыс Қазақстан облысы қанша жылдан бері жібі түзу әкімге жарымай келген-ді. Бір жыл, әрі кетсе екі жыл сайын аймақ басшыларының ауысуы (жай ғана ауыспай, ши басын сындырмастан ауысуы – А.Ә.) өңір тұрғындары үшін де жайсыз болғаны анық.

            Өткен жыл Шығыс өңірі үшін ақ түйенің қарны жарылған жыл болды десек, ешкім дау айта қоймас. Өйткені, облыс басшылығына шын мәнінде білікті, тәжірибелі, ел қамын ойлайтын қайраткер тұлға келген-ді. Сапарбаев әкім болып келгенде Шығыс жұрты шын қуанды. Дұрыс әкім, білікті басшы, білгір ұйымдастырушы келді деп. Солай болды да.

           Елбасы былтыр жазда Өскеменге келгенде «Казцинк» металлургтерінің алдында сөйлеген сөзінде: «Бердібек Сапарбаев – ертеден келе жатқан досым, осы жолы облысқа білікті, тиянақты әкім келді деп ойлаймын» деген еді. Елбасы айтқандай Сапарбаев тиянақтылығын, біліктілігі мен бекемділігін бір жыл ішінде анық байқатты. Азғана уақытта ауқымды істер атқарды.

             Ол жаңа да болса жауапты қызметке келе салысымен өзге әкімдердей (бұрынғы облыс басшыларындай – А.Ә.) кабинетте жайлы креслода отырып алған жоқ, бірден ел ішін аралауға аттанды. Әуелгі іссапарын ұлы Абай дүниеге келген, ұлылар мекені, киелі топырақ Абай ауданынан бастады. Ұлылардың батасын алды. Абай ауданынан басталған іссапар барлық аудандарда жалғасты. Жаңа басшы облыс аумағындағы барлық аудандарды ғана емес, бұрынғы аудан орталығы болған елді мекендердің барлығында болып, қырдағы жұрттың тіршілігімен, әлеуметтің әлеуетімен танысты. Кейбір аудандарға бір емес, бірнеше рет барды. Он жыл бойы облыс басшысын көрмеген аудандар мен ауылдарда да болды. Арнайы мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы Б.Сапарбаев 19 қала мен ауданға 86 рет іссапар жасап, 146 елді мекенде болып, тұрғындармен 126 кездесу өткізіпті.

          Экс-министр аудандармен ауылдарды аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысып қана қойған жоқ, аудан мен ауыл жұртының өнері мен мәдениетін, өрісі мен өресін паш ететін «Туған жер – алтын бесігім» деп аталатын үлкен акцияны қолға алып, облыс орталығы Өскеменде әр апта сайын әр ауданның мәдени күндерін өткізді. Әр апта сайын әр ауданнан түлеп ұшқан елге танымал азаматтар, әншілер мен ақын-жазушылар Өскеменге келіп, туған жеріне басын иіп, қала төрін думанға бөледі. Әсіресе қала жұрты бір қарық болды. Әр апта сайын тегін концерт, әр апта сайын жәрмеңке, арзан бағадағы азық-түлік өнімдері – қала халқын да серпілтіп тастағаны анық.

          «Бәрін айт та бірін айт», Шығыс өңіріндегі, Шығыс қана емес, жалпақ қазақтың жүрегіне жылылық ұялатқан, досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндірген өткен жылдың басты оқиғасы, жаңа әкімнің әкелген жыл құсындай жаңалығы, жаңалығы емес ерлігі – Өскеменге ұлы Абай ескерткіші қойылды. Қысқасы, әкіммен бірге һәкім Абай келді Өскеменге. Абаймен бірге әрине Алаштың рухы қонды Алтай бауырына...

             Сонымен қатар Пушкинге де тастұғыр орнатылды. Ұлы Абай ескерткішінің ашылуы ерекше салтанатты жағдайда өтті. Астана мен Алматыны айтпағанда, алыс-жақын шет елдерден қонақтар шақырылып, қазақ руханиятының маңдайалды өкілдерінің барлығы Өскеменде бас қосты.

            Жұртшылық біледі, Шығыс Қазақстан облысында ұлт мұрасын түгендеуде ұтылып жатқан ұрымтал тұстарымыз көп-ақ. Әсіресе облыс орталығына (облыс орталығы Өскемен қаласының да жетісіп тұрғаны шамалы –А.Ә.) таяу орналасқан Глубокое, Шемонайха аудандары мен Зырян, Риддер секілді қалаларда мемлекеттік тілдің ахуалы сын көтермейді. Әлі де солай. Дегенмен өткен жылы осы олқылықтың орнын толтыру бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Және бұл жұмысты басқа емес, Бердібек Сапарбаевтың өзі бастады. Аудан әкімдеріне қатаң талап қойды. Сөйтіп, өткен жылы Глубокое ауданында «Ақбұлақ», Шемонайха ауданында «Шемонайха шұғыласы», Зырян ауданында «Таң нұры», Риддер қаласында «Жерұйық», Курчатовта «Курчатов көкжиегі» және Өскемен қаласында «Өскемен» атты мемлекеттік тілде газеттер жарық көрді.

            Сапарбаевтың бір жылда атқарған шаруаларының бәрін жіпке тізіп шығу – мүмкін емес. Атқарылған шаруа, шешімін тапқан мәселе жетерлік. Біз Бердібек Сапарбаевтың бір жылда атқарған жұмыстарының ең негізгілерін ғана айтып өтуді мұрат тұттық.

           Жалпы алғанда қазір өңір тұрғындарының әкімнің жұмысына көңілі толып отыр. Толып қана отырған жоқ, іскер басшыны қолдап, тілеуін тілеп, тақымын қысып отырған жұрт көп. Шығыс жұрты Бердібек Сапарбаевтан ұлт үшін мән-маңызы үлкен істер күтеді. Облыста бір жыл ішінде атқарылған, қолға алынған шаруалар жайын жоғарыда баяндадық. Ал енді әлі де атқарылуға тиіс қандай шаруалар бар? Нендей түйткілдер бар? Рас, облыста жүзеге асқан ауқымды шаралар мен қазіргі уақытта шешімін таппай жатқан түйінді мәселелер де жоқ емес. Оларды айтпай кетуге болмас.

           Мәселен, мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша былтыр жыл аяғына дейін Курчатов қаласына 200 оралман отбасы көшіп барып, сондағы оларға арналып жөнделіп жатқан баспанадан пәтер алып, жұмыс тауып, орналасуы керек болатын. Қазір 200 отбасыдан Курчатовқа көшіп барғаны бар-жоғы алты отбасы. Олардың өзі әзірге баспана күтіп, әр жерде бас сауғалап жүр.

            Жаңа жыл басталғаннан бері өңір жұртын әуре-сарсаңға салған үлкен мәселенің бірі – жарықтың жиі сөндірілуі. Нақтырақ айтсақ, облысты жарықпен қамтамасыз ететін «Шығысэнерготрейд» мекемесінің шектен шыққан бассыздығы. «Қаз ашуын тырнадан алады» демекші, бұл мекеме төлемақысын уақытында төлемеген заңды тұлғалар (мекемелер,   кәсіпорындар – А.Ә.) үшін ақысын уақытында төлеп, тыныш отырған қарапайым халықты әуреге түсіруін әлі қояр емес.

           Өңір тұрғындары өздерін алаңдатқан осы мәселелердің жүйелі шешімін тапқанын қалайды. Бұл ретте тұрғындар ең әуелі облыс әкіміне сенім артады.

           Бердібек Сапарбаевтың Шығыс Қазақстан облысындағы бір жылдық қызметінен түйгеніміз, аймақта ұялмай сөз етерлік біршама ауқымды шаруалар атқарылыпты. Барлық салада.

           Экономика болсын, әлеуметтік сала болсын, руханият саласы болсын…

           Әрине, бұған шүкіршілік айтамыз. Дегенмен облыстың руханият   саласында, әсіресе кейбір аудандар мен қалаларда ұлттық құндылықтарымызды өз деңгейінде ұлықтай алмай жатқанымызды жасыруға болмас. Өскемендегі өзге тілдегі сан көше атауы мен Глубокое, Шемонайха, Зырян, Риддер секілді елді мекендердегі солтүстіктегі көршінің тіліндегі жер, су атауларын да бір сәт естен шығаруға болмайтын дүниелер. Қысқасы, облыс  аумағындағы ономастика мәселесін шындап қолға алатын кез жеткен секілді. Бір жыл ішінде үлкен істерімен көзге түскен аймақ басшысынан аймақтағы ағайын енді осы бағыттағы үлкен істерді күтеді.

 

P.S.   Бердібек Сапарбаев басшылыққа келгеннен бергі бір жыл ішінде Шығыс Қазақстанда «ренесанс» дәуірі басталған секілді. Жер-жерде, ауылда да, қала да қайнаған қызу тіршілік. Тынымсыз тіршілік. Әрине, мұның бәрі тынымсыз басшыдан деп білгеніміз абзал. Иә, Бердібек Сапарбаев бір жыл ішінде өзіне де, өзгеге де тыным бермеді. Кабинетте отырмады. Тынымсыз еңбек өз нәтижесін беріп жатыр. Біз тек ұзағынан сүйіндіргей дейміз. Өңірдегі жұрттың үлкен тілегі – осы...

 

Азамат ӘБІЛҰЛЫ

 

ӨСКЕМЕН