Шәміс Құмарұлы: ОРХАН ПАМУККЕ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ҚАЛАЙ БЕРІЛГЕНІНЕ ҚАЙРАНМЫН

Ш.Құмарұлы, ҚХР мемлекеттік сыйлығының, мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағының иегері.

             1952 жылы 15 сәуірде ҚХР ШҰАР Мори ауданының Шоқпартас ауылында дүниеге келген. Оның тұңғыш кітабы «Үміт ұшқыны» 1980 жылы Шынжаң халық баспасынан жарық көрген. Содан бері автордың «Қарамайлы аңызы», «Бір тамшы қан», «Жусанды дала», «Аршалы таудағы ән», «Бәтима» атты повестері, «Ақ серке мен Көк серке», «Қия жол» әңгімелер жинағы, «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ер Жәнібек», «Тұғырылхан», «Ертіс кілкіп ағады», «Жарық дүние», «Қилы жылдар» романдары жарық көрген.

Ш. Құмарұлы қазір Шынжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары.

          ҚХР жазушылар одағының тұрақты жорасы, Мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі.

           Жақында ғана ҚХР-да іссапарда жүрген кезімде жазушымен арнайы сұхбаттасудың сәті түскен еді. Енді сол әңгімегені көпке ұсынуды жөн көріп отырмын.

– Шәміс аға, сіздің «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ер Жәнібек» романдарыңыз Қазақстанда басылып таратылғаннан кейін қазақ еліндегі оқырмандарыңыз шығармашылығыңызға бұрынғыдан да қаныға бастады. Жалпы шығармаларыңыздың өзге тілге аударылу-басылу жағынан не айтасыз?

-Шынжаңда жиырма шақты кітабым, 7-8 романым жарық көрді. 2-3 кітабым және 20-30 әңгіме-повестерім қытай, ұйғыр тілдеріне аударылды. Соның ішінде қытайшаға аударылған «Жусанды дала» повесім мен «Ертіс кілкіп ағады» романымның аудармасы жақсы болды. «Жусанды дала» повесім ШҰАР бойынша үздік шығармаларды бағалауда бірінші дәрежелі жүлде алды. Әрі фильм ретінде жасалып аударылған нұсқасы Бейжіңдегі орталық телевизиясынан беріліп, Қытай мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Бөке батыр» романым мемлекеттік «Тұлпар» әдеби сыйлығын алды. 1993 жылға келгенде жарық көрген үздік туындыларым үшін Қытай мемлекеттік жазушылар одағы қор қоғамының: «Жуаң Жыжұң әдебиет сыйлығына» ие болдым. «Ер Жәнібек» романным мемлекет жағынан «жақсы кітап сыйлығын» алды. Ал өзім «ШҰАР-дың 100 үздік әдебиет-көркем өнершілерінің бірі» болып сыйландым. 1996 жылдан бастап «мемлекеттің 1-дәрежелі жазушы» атағын, 2000 жылдан бастап «ШҰАР-ға ерекше еңбек сіңірген маман» атағын алдым. ЮНЕСКО-ның қытайдағы бөлімшесінің мүшесі болдым.

          Сөйтіп қытай тіліне аударылған шығармаларым арқылы  бүкіл қытай оқырман дарына таныла бастадым.  Ал қазақ елінде кітаптарым жарық көрсе деген ежелден көкейтесті арманым еді. Аллаға шүкір, 3-4 кітабым жарық көрді. Жазушының еңбегінің жанғаны – оқырманның көбейгені, халықтың жылы  қабылдағаны ғой. Жазушы шығарманы халық үшін жазады.

          Халықты білімдендіру үшін, ізгілікке бастау үшін жазады. Әдебиет – ұлттың рухани әлемін байытатын жан азығы. Қазақ елінде жарияланған кітаптарым үшін ерекше қуандым. Ол жақта жариялануына күш салған азаматтарға, баспаларға ерекше алғыс айтамын.

           Жаңа жарық көрген «Жарық дүние», «Қилы жылдар» романымда сол жақта басылса екен дейтін ізгі үмітім бар. Бір шығармам Түркияда түрік тіліне аударылып жатыр деп естідім.

– Жалпы қытайдағы қазақтардан шыққан қаламгерлер арасында оқырманы ең көп жазушының бірісіз. Осының сыры неде?

- «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды» романдарым қытай жағында төрт мәрте, Қазақстан жағында бір рет басылды. Жалпы бес реттен басылып, жиырма мыңнан артық таралыммен тарады. 9 миллион қазағы бар Қазақстандағы жазушылардың көбінің шығармаларының екі мың таралыммен ғана жарық көретінін ескерсек, қытайдағы бір жарым миллион қазақ үшін бұл аз емес деп ойлаймын.

            Мен қарапайым халықтың ортасында – ауыл құшағында есейдім. Шығармаларымда халықтық тілді жақсы қолданамын. Көтерген тақырыбымды бір қабат тұрмыс бояуының астында қалдырып, өмірге жақын шындықтан алынған оқиғаларды негіз етемін. Оқиғаны қызықты етіп алып, көтерген идеямды  шығарманың ішіндегі кейіпкердің әрқайсысының тағдырына байлап отырамын.

            Әдеттегі оқырман оқиғасына қызығып оқиды. Ал талғамы жоғары әдеби қауым көтерген идеям мен бейнелеу шеберлігімді талдау негізінде өзінің жоғын іздеп оқиды. Сондықтан да шығармаларым егіншіге де, малшыға да, шалға да, балаға да жақын келеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қарапайым оқырмандар мен зиялы қауым өкілдері де ұнатып оқиды. Оқырманымның көп болуы осы себептен шығар деп ойлаймын.

-Тарихи тақырыптарға көбірек қалам тартуыңызға не себеп болды?

- Мен тарихшы емеспін. Оқығаным жаратылыстық пән, физика оқыдым.

           Бірақ бала күнімнен тарихқа құмартып өстім. Тарихи материалдарды көп жинап, тарихи кітаптарды көп оқыдым. Көне көз ақсақалдармен де көп әңгімелестім.

           Бүгінгі таңдағы қазақтар үшін, жүйеден Шынжаңдағы қазақтар үшін, тіпті Қазақ-стандағы қазақтар болсын өткен тарихты білу ұрпақ парызы. Ал тарихты бүгінгі ұрпаққа білдіру, жеткізу осы заманның жүгін арқалаған қаламгер қауымның борышы. Сол ұрпаққа қарыздар азаматтар қатарында жазушы болған біздер де бармыз. Жалаң тарих түрінде жазылған нәрселерді тарихшылар ғана оқуы мүмкін. Оны жалпы халық бірден қабылдай алмайды. Ал тарихи тақырыпта жазылған романдар жалпының оқуына жеңіл болады. Сондықтан роман арқылы жеткізген тарих әдебиеттің тілімен, әдебиеттің жолымен көркемдік деңгейде халықтың санасына сіңіп, адамдардың ойында оңай қалады. Қарапайым адамдар бұдан оңай нәр алады. Сол үшін де халықтың өткен қанды көз жас тарихын бүгінгі ұрпаққа және келешек ұрпаққа ұғындыру мақсатында, қазіргі қажеттілік тұрғысынан тарихи тақырыптарға көбірек қалам тартамын. Енді бір жағынан қарағанда, бүгінгі қытай әдебиеті жөнінен  алғанда да әдебиеттің әр жанрында шығарма жазу заман талабы. Романның өзі – тарихи тақырыптағы романдар, сатиралық романдар, балаларға арналған романдар, фантастикалық романдар секілді сан тарауға бөлінеді. Бір елдің әдебиеті кемелділікке бет бұрамын десе осының бәрі болу керек. Осы жағынан тарихи тақырыпта роман жазуымның өзі бұл бостықтың бір бұрышын толтыру деп есептеймін.

Жаңа заман тақырыбына қалай қарайсыз. Бір бөлім жазушылар:

«жаңа заманда жаза қоятындай дәнеңе жоқ» деп қарайды. Сіздің ойыңыз?

- Жаңа заманда жаза қоятын тақырып жоқ деген сөз шылғи өтірік. Өз басым осы заман тақырыбынан бір роман, екі-үш повесть жаздым. Жұрт бәрінде жылы қабылдап, таласа-тармаса оқып жатыр. Тарих - өткенді білу болса, бүгінгі жазғандарымызда ертең тарих болып қалады. Қайта жазушы өзі жасаған дәуірді тіпті де жақсы жазады. Осы заманға зер салып қарайтын болсақ, әр түрлі оқиға, қызықты хикаялар өте көп, толып жатыр.

         Халық үшін алғанда жақсылығынан өнеге-үлгі алатын, жамандығынан жиіркеніп, сабақ қабылдайтын ұшан-теңіз дүниелер бар. Мәселе соны   көркемдік деңгеймен сұрыптап шығарма үшін пайдалануда ғана.

         Сондықтан да осы заман тақырыбы жазылмай жатқан жоқ, жазылып жатыр. Жазыла береді де. Жазылуы керек те.

– Әлем әдебиетіне зер салуыңыз қалай, соңғы кездері әлем әдебиетінен қандай үздік туындыларды оқыдыңыз?

- Әлем әдебиетінен Л.Толстой, М.Шолохов, О.Бальзак, Гарсия Маркес, Ш.Айтматов секілді көптеген тұлғаларды оқыған едім.

          Жақында түркиялық жазушы Орхан Памуктың Нобель әдебиет сыйлығын алған «Жаңа өмір» кітабын оқып шықтым. Басқалар көп мақтаған кітап болғандықтан да шұқшиып отырып оқып ем, маған басқаша әсер берді. Мен бұл шығармадан күйренді дүниенің ішінде жасап жатқан, уайым-қайғымен күн кешкен, қорқыныш пен үрей құшағында жиіркенішті тұрмыстың илеуіндегі торыққан, сүреңсіз адамдарды көргендей болдым.

         Бүгінгі адамзат қоғамы жөнінен алғанда жер шарының ең бір қиыр шетіндегі, Африканың түкпіріндегі жабайы халықтар ғана жаман тұрмыс кешіп жатқан шығар. Ал үстіміздегі ХХІ ғасырда көптеген елдерде ғылым-техника мен экономиканың өрлеуіне сай адамдар тұрмысының жақсарып-жаңарып келе жатқаны өтірік емес. Алайда Стамбул тарихи қала, Түркия тарихы ұзақ мемлекет. Осы тұрғыдан қарағанда сол елдің тұрмыс күйі мен адамдардың өмір сүруі Орханның кітабындағыдай дегенге мүлде сенбеймін. Екінші бір жағынан қарағанда ислам дінін терістейтін пиғылдың барлығы бірден білінеді. Сондықтан да Орхан Памукке Нобель әдебиет сыйлығының қалай берілгеніне қайран болдым.

         Өз басым әдебиетті адам баласына, адамзат қоғамына бір түрлі үлкен рухани тірек, сүйеніш болу үшін, ізгілік сыйлау үшін жазылады деп білемін. Бүгінгі жаһандану, дағдарыс заманын мысалға алсақ, өмірден торығып, тірліктен күдерін үзген адамды сол идеясынан қайтарып, осы өмірді - тірлік дүниесін, жарық дүниені сүйетін ету, адамзатқа өміршеңдік рух сыйлап, жақсы өмірді бірлікте жарату үшін шығарма жазу керек деп қараймын.

           Бірақ, анадай торығуды дәріптейтін «Жаңа өмірге» Нобель әдебиет сыйлығының берілгенін ойласам, бұл дүниенің болашағынан, әдебиеттің ертеңінен қандай үміт күтуге болатынын білмей күмәнды ойларға шырмалып қалдым.

– Жалпы бүгінгі қытай (хан) ұлты әдебиетінің даму үрдісі қай деңгейде?

– Қытай әдебиеті өткен ғасырдың соңғы жиырма жылында орасан зор дамуға қол жеткізген болатын. Әсіресе шетел әдебиетіндегі үздік туындылардың қытай әдебиетіне күнбе-күн аударылып жетіп тұруы қуанарлық жағдай еді. Сол жылдары көптеген жақсы жазушылар қосыны қалыптасып, өсу қарқыны тез болды. Тие Ниң, Жаң Шиелияң, Жаң Пиуа, Жың Жаңжұң, Гау Хұңбо, Жу Тау, Жаң Ди-и секілді соңғы буын жазушылары топ жарып шыққан болатын.

         Алайда жаңа ғасыр туғаннан кейін бұл даму үрдісі бұзыла бастады. «Ой ағымын» қуамыз деп оқиға құрмай, сылдыр сөзбен автор ғана сөйлейтін шешендік әдебиет пайда болды. Оған оқырман түгілі зиялы қауымның өзі сырт қарады. Қытай мемлекеттік жазушылар одағының тұрақты жорасы болуыма байланысты жылына бір рет болатын мемлекеттік жазушылар одағының әдебиет зерттеу талқы жиналысына қатынасып отырамын. Қытай зиялылары мен әдебиетшілері де өздірінің бүгінгі әдебиетінің тоқырау күйіне қатты алаңдап отыр. Бұл мәселе жиналыс сайын талқыға түсіп, бас қатырушылық тудырса да, әлі де жүйелі түрде шешілмеген мәселе ретінде күн тәртібінде тұр. Бір құптарлығы билік және ұлт зиялылары болып бұл істі назардан тыс қалдырғысы жоқ.

-Шынжаңдағы соңғы буын жас қаламгерлер туралы яғни өзіңізден кейінгі бір буын ақын-жазушылар жайында не айтасыз?

- Менің алдымдағы аға буын қаламгерлер: «Шәміс, сенен кейін роман жазатындар жоқ болып қалар ма екен» деп алаңдаушылық білдіріп еді. Ағаларыма қарағанда жасырағы мен едім. Енді менде үлкеніне айналып қалыппын. «Бізден кейін мықты қаламгерлер жоқ, роман жазушылар шықпайды» дегенге мүлдем келіспеймін. Шығып жатқандары да бар. Қаламын қайрап ентелеп келе жатқандары да көп. «Құмыл алқабы» журналының бас редакторы болып істейтін, жас жазушыЖеңіс Ырысханұлы балаларға арналған «Томпақтың кешулері» деген үш томдық роман жазып жариялады.

          «Шұғыла» журналында редакторлық істейтін жас жазушы Тұрсынбек Байжұмаұлы да повесть, романдар жазып көзге түсе бастады.

          Бұлардың тобының көбейе беретініне, бұдан да кесек шығармалар жаза алатындарына әбден сенемін.

           Ағалардың алаңдауы заңды құбылыс. Әдебиетіміз ешқашан үзіліп қалмайды.

– Қара шаңырақ болған Қазақстандағы қазақ әдебиетімен байланыстарыңыз қалай. Екі жақтың өзіне тән ерекшелігі мен жетпей жататын кемістіктері не деп ойлайсыз?

- Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің озық үлгілерін орта мектепте жүріп-ақ оқып өстік. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов шығармаларымен сол кезде кеңірек таныс болған едік. Кейіннен Мұхтар Мағауин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеев есімдерімен қанық болдық. Тіпті 1993 жылы Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеев бастаған қазақстандық жазушылардың Шынжаңға  сапарлай келген орайында бірге болған жайымыз бар.

           Қалай болған күнде де қазақ әдебиетінің аталған буынында әлемдік әдебиеттің өлшемдеріне жақын келетін жақтары көп көрінеді. Тілдік бейнелеу, оқиғаны меңгеру, кейіпкер характерін даралау жақтарындағы озықтықтарымен ерекше дамушылыққа ие болғанын айтпай кету мүмкін емес.

        Қазақстан жағының әдебиетін қазірде оқып тұрамын. Қазақ әдебиетінің поэзиясында аса жоғары ілгерілеушілік бар екен. Ғалым Жайлыбай, Есенғали Раушан, Ұлықбек Есдәулетов бастаған соңғы буынның өлеңдерін сүйсініп оқимын. Алайда бүгінгі прозасы жөнінен алғанда 1970 жылдардың алды-артында туған көркем дүниелермен салыстырғанда көш кейін қалғандай көрінеді. Көңілім толмайды. Мүмкін жақсы дүниелер менің қолыма түспей жүрген шығар. Бірлі-жарым қолға түскен дүниелерде әлем әдебиетіне бейімделгісі келгендер байқалғанымен қанаты ұшталмағаны, тілден жұтаңдығы бірден байқалады.

             Қазақстан жақтың баспа өнімдері қытайға арнайы келмесе де мұндағы қазақтар қолдан-қолға өткізіп, жалпы әдебиеттің тыныс-тіршілігінен хабар тауып отырады. Ал жақын күндердегі интернеттің жабылып қалғанын айтпағанда жастарымыз қазақстандық барлық басылымдарды Интернет сайттары арқылы оқып біледі. Тіпті өз көзқарастарын да білдіріп жатады.

              Ал қытайдағы соңғы буын ақын жазушыларда қытай аудармалары арқылы әлемдік әдебиеттің озық үлгілері мен күнбе-күн танысып, үздіксіз ізденіс жасап жүргендері өте көп. Қазақстандық жас қаламгерлер әлем әдебиетінің жаңа үлгілерімен танысуда бізге қарағанда кенжелеу көрінеді.

            Екі жақты да бір сөзбен мақтап, бір сөзбен даттау қиын. Әр жағының да өзіне тән ерекшелігі бар. Кемшілігі де жоқ емес. Бірінен бірі үйреніп, бірін бірі толықтап отырса әдебиетіміз ешкімнен кем-қор болмайды деген сенімім бар.

– Осы орайда жалпы қазақстандық зиялы қауым өкілдері мен жазушы қауымынан не күтетініңізді де айта кетсеңіз екен?

– Бір ұлттың әдебиеті мен көркем өнері сол ұлттың асқақ  рухы. Бір жақсы ән айтылып, бір жақсы күй шертілсе талай адам желпініп, сергіп қалады. Жақсы шығармада солай. Ерекше мықты жазушылар жақсы бір шығарма жазса бір ұлттың, бір халықтың даңқын шығарады. Кейде бір ауылдың атын сол ауылдың бәйгеден келген бір жүйрігі шығарып жатады. Ал атпен салыстырған біз ақыл-есі толық жаңа заманның адамдарымыз ғой.

         Мен орыс классиктерін көп оқыдым. Әрбір шығарманы ашқанда: «орыс даласы», «орыс орманы», «орыс қаласы» деп сөйлейді. Басқа жұртта қала, орман, дала жоқ сияқты. Ал қазақ қаламгерлерінде ұлт әдебиетіне қазақ деген тамаша ұлттың жасап жатқан ортасын, ұлттың өзіне тән бай тірлігін, рухани құндылығын сіңіру жоқтың қасы.

         Бір Шыңғыс Айтматовты алайық. Шыңғыс десе көз алдымызға қырғыз, қырғыз десе көз алдымызға Шыңғыс келеді. «Манастың» өзін бүкіл әлем біледі. Біз кімімізбен, немізбен мақтанамыз? Бізде ондай ірі тұлғалар жоқ  па, бар. Береке-бірлігіміз аз халықпыз. Өзімізден шыққанға қуанбаймыз. Өзімізді өзіміз дәріптеуге келгенде күндестігіміз қозады.

            Орыс әдебиетін әлемге орыстың өзі танытты. Өздері аударып өздері үгіттеген. Ал қазақ әдебиеті әлем халықтары алдында өзінің ұлттық парызын орындай алды ма?! Қазақ елі арнайы ел болып отырып, осыған көңіл аудара алды ма? Әлде таланты жоқ, табысы кем бе? Меніңше, бәрі бар болғанмен ұлтқа деген махаббат әлі толық оянбаған болар деген күдігім басымдау. Билік бір төбе, қаламгерлер бір төбе секілді. Егер Қытайдағы сияқты мемлекет арнайы қаржы ажыратып үздік туындыларды шет тілдерге   аудартып таратса, мүмкін қазақ әдебиетінің әлемге танылуына жол ашар ма еді. Қазақтың бағы да соры да жеке батырлықтан болатыны сияқты барымызды бағамдай алмай отырған жоқпыз ба? Етектен тартқымыз келетін ескі әдетпен бірімізді біріміз мандытпай отырған шығармыз. Міне осы мәселелер шешілмей тұрып «әдебиетімізді тани қоймады» деп кімге өкпелейміз. Танымай отырған жоқ, таныта алмай отырмыз. Бұған қара шаңырақ – Қазақстан ие болмаса  кім ие болады!?

– Бұл мәселелер айтқанға оңай болғанымен орындауға қиын шығар. Сізше қайткенде ойлағандай нәтижеге қол жеткізуге болар еді?

– Ұлттың идеясын оңау үшін – сол елде, сол жұртта сол елдің идеясын оңайтын, идеологиясына жол сілтейтін, ұлттың мақтанышы мен мерейін өсіретін, қазақ үшін алғанда қазақтығына мақтанатын орта керек. Ұлт идеясы оянбай, ұлттың өзінің идеологиясы қалыптаспай әдебиеті мен мәдениеті де марқая алмайды. Оны оңайтын түп қазық – ұлттың оқу-ағартуы. Қазақстан жөнінен алғанда қазақ ағартуы ұлт үшін үзілді-кесілді жұмыс істеуі керек. Оқу-ағарту дамыса ғылым-техника дамиды. Ғылым-техника дамыса экономика дамиды. Экономика дамыса ол рухани дүниемізді дамытуға қозғаушы күш бола алады. Ұлттың рухани әлемі дамып мәдениеті көркейгенде ғана әлем елдері назар аударатын елеулі жұмыстар атқаруға болады.

            Дүниеге бет алып отырған миллиардтар елінің ішкі саясатымен санасатын болсақ, олар: «адамдардың рухани әлемін жаулау бәріненде маңызды» деп қарайды. «Әлемге тек қана рухани мәдениетіміздің ықпалымен әсер жасай аламыз» деп есептейді. «Идея арқылы бүкіл дүниені өзгертуге болады» дегенді басты назарда ұстанады.

           Ал «ел боламын десең бесігіңді түзе» деген әдемі тәлімді күніне айтып отырған қазақ елінің балабақшасы, мектебі, жоғарғы оқу орындары, бүкіл білім беру жүйесі қай деңгейде жұмыс істеп отыр?! Оны менен көрі сіздер жақсы білесіздер. Кеңес одағын қанша жамандасақ та, оның оқу-ағартуының, білім беру жүйелерінің мықты болғанын мойындауымыз керек.

           Ол өзінің халқын білім, ғылым, мәдениетке бастайтын ағарту құрлымының шынайы тұлғасын жасай білді. Бүгінгі біз ше?

           Қазақ оқу-ағартуы мықты ұсталмаса қазақ халқы өзінің болашағынан қол үзеді. Рухани құндылықтармыздың іргетасы болған оқу-оқыту жүйесін мықты ұстағанда ғана әлем халықтарымен санаса аламыз. Ал оқу-ағартуымыз ақсап жатса ұлт рухын көтеретін, оны айдай әлемге жаятын әдебиетіміз бен мәдениетімізден ауыз ашуымыз мүмкін емес.

 - Болашақта қазақ еліне қоныс аудару туралы жоспарыңыз жоқ па?

- Мекке-Мединенің мұсылмандардың қасиетті орны болғаны сияқты, Қазақ стан жер бетіндегі қазақтардың қара шаңырағы. Қанша жасырса да барлық шетелде отырған қазақтар Қазақстанның қуанышына семіріп, олқылығына іш ауыртып отырады. Өз басымда Алматыға барып-келіп тұрамын. Ол жақтан үйде сатып алғанмын.

         Біздің саясатымызда зейнетке шыққан соң қайда барып тұруыңа да еркіндік бар. Дәм айдап, Алла қаласа зейнетімнің көп күнін сол жақта өткізіп, қазақ даласымен кеңірек таныссам деген арманым да жоқ емес. Мүмкін болса, шамам келсе ондағы қазақтар өмірінен де шығарма жазу ойым бар.

– Әңгімеміздің соңында алдағы жердегі шығармашылық жоспарыңыз туралы айта кетсеңіз екен?

– Қолымда жазып жатқан екі романым бар. Соны аяқтаған соң өз өмірімнен бір ғұмырнамалық роман жазу ойым бар. Қалғанын Алла біледі.

Әңгімеңізге  рахмет!

Жәди ШӘКЕН