«Ақ жол» партиясы мен Болгарияның Еуропалық дамуы партиясы» келісімге келді.

2
1215

«Ақ жол» партиясы мен Болгарияның Еуропалық дамуы партиясы «БЕДҚА» (Болгария Республикасының билік партиясы) ынтымақтастық туралы келісімге келді.

 София қаласынан партия төрағасы Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясының делегациясы оралды. Делегация құрамында партия төрағасының орынбасары Ерлан Барлыбаев, партияның бақылау комиссиясының төрағасы, Қазақстан ұлттық индустриалды палатасының вице-президенті Болат Өтепбаев, партияның Орталық кеңесінің мүшесі, партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Талғат Құрманғалиев және партияның халықаралық бөлімінің директоры Әсем Аккужанова болды.

«Ақ жол» партиясының делегациясы Болгария Республикасының Парламентіндегі Болгарияның билік партиясының «БЕДҚА» (Болгарияның Еуропалық дамуын қолдайтын азаматтар) парламенттік фракциясының бюросының отырысына қатысты, фракцияның және партияның аймақтық бөлімшелерінің жұмысымен танысты.

Сапар аясында «ақжолдықтар» Болгарияның еңбек және әлеуметтік саясат министрі Тоту Младеновпен, БЕДҚА партиясының парламенттік фракциясының төрағасы Красимир Велчевпен, Сыртқы саясат және қорғаныс жөніндегі комиссия өкілі, БЕДҚА партиясының депутаты Янко Здравковпен, Еуропарламент депутаты Владимир Уручевпен, Болгарияның инвестициялар бойынша агенттігінің атқарушы директоры Борислав Стефановпен, бірқатар облыстардың және қалалардың басшылықтарымен кездесті.

Кездесулерде Еуропарламенттегі ынтымақтастықтан бастап инвестициялық, салық және өнеркәсіптік саясаттағы жеке кәсіпкерлікті қолдауға дейінгі мәселелердің кең ауқымы талқыланды. Анықтама үшін: Еуропарламентте Болгария Республикасының атынан 17 депутат бар, олардың 7-еуі БЕДҚА партиясының мүшелері. 

Кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы мен (БЕДҚА) Болгарияның еуропалық дамуы билік партиясының және олардың парламенттік фракцияларының арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ сапар барысында қазақстандық делегация София қаласы мен аймақтардағы бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарда болып, Болгарияның іскер топтарымен кездесті.

Атап айтқанда, «ақжолдықтар» Балкандағы үлкен «Токуда Хоспитал София» жеке клиникасының қызметімен танысып, мекеменің негізін қалаушы Румен Сербезовпен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Болгария қонақ үйлері мен мейрамханалары қауымдастығының төрағасы Благо Рагинмен, осы саладағы басқа да кәсіпкерлермен әңгімелер болып, олардың барысында қазақстандық бизнеске Болгариядағы Қара теңіз жағалауындағы қонақ үйлердің құрылысына қатысу туралы ұсыныс жасалды.

«Ақ жол» партиясының делегациясы ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі компанияларында, «АD» ірі қаржы-өнеркәсіп корпорациясында болып, оның төрағасы Цветан Васильевпен кездесті.

Кездесулер қорытындысы бойынша Азат Перуашев Болгарияның бірқатар орталық және жергілікті БАҚ-на екі партияның ынтымақтастығының әлеуеті туралы сұхбат берді, сондай-ақ солтүстік Болгарияның инвестициялық орталығы Враца қаласында еңбек министрінің, Еуропарламент пен БР Парламентіндегі БЕДҚА партиясы депутаттарының, облыс губернаторы мен қала мэрінің қатысуымен бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.

Болгариялық әріптестер қазақстандық бизнестің инвестициялық мүмкіндіктеріне, жаһандық қаржы дағдарысының әсерін еңсеру бойынша біздің еліміздің тәжірибесіне, Кедендік одақтың әлеуеті мен ахуалына, ұлттық салық және инвестициялық заңнаманың ерекшеліктеріне және т.б. қызығушылық білдірді.

Сапарлар мен келіссөздер барысында «Ақ жол» партиясының өкілдері Еуроодақ пен Болгария Республикасындағы жергілікті өндірушілерге көрсетілетін инвестициялық, өнеркәсіптік, салықтық және тарифтік жеңілдіктер туралы көлемді ақпарат алды.

Атап айтқанда, мұнда кәсіпорынның жабдықтар мен өндірісті жаңғыртуға салған инвестициясын кері қайтару құралы кең түрде қолданылады. Ол еуропалық қорлардан бөлінетін тікелей субсидиялар арқылы, сондай-ақ тиісті сомаға салықтан босату жолымен іске асырылады.

Қазақстандық делегация тарапынан қызығушылық тудырған, ДСҰ аясында болгар өндірушілерін қолдаудың тағы бір механизмі – бұл экономиканың басым салаларындағы кәсіпорындардың еңбекақы қорының 20 %-ын субсидиялау жағдайы, бұл әрекет сондай-ақ шығынның азаюы мен жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуына, т.б. мүмкіндік туғызады.

Қазіргі парламент сессиясының ашылуында, ДСҰ-на мүше елдердің тәжірибесі негізінде отандық өндіріс кәсіпорындарын қолдау шараларын әзірлеу туралы Мемлекеттік басшысының  берген тапсырмасын орындай отырып, «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы жиналған ақпарат негізінде отандық кәсіпкерлікті қорғау бойынша үкіметке ұсыныстар дайындайтын болады.

Екі партия депутаттарының өзара іс-әрекеті мен ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында, Азат Перуашев, Еуропарламенттегі өкілдерін қоса алғанда, БЕДҚА партиясының депутаттарын Астанаға шақырды.

2012 жылғы 12 қараша, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

 

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз