ТӨЛЕГЕН ТӘЖІБАЕВТЫҢ ғибратты ғұмыры

d0b6d0bed0bbd0bcd2b1d185d0b0d0bd-d182d2afd180d196d0bad0bfd0b5d0bdd2b1d0bbd18b

Өз Отанын өз халқын, өз тілін, тамаша ұлттық дәстүрлерін жалынды жүрекпен сүйген, өзінің Отанға деген сүйіспеншілігін сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсеткен адам ғана нағыз патриот болып саналады.

 

Төлеген ТӘЖІБАЕВ

 

 

             Көрнекті мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, нар тұлғалы азамат Төлеген Тәжібаевтың туғанына биыл 100 жыл. Газетіміздің алдыңғы сандарында асқаралы азаматтың өмірі мен қызметі турасында кеңінен беріліп келе жатқандықтан, бүгін Төлеген Тәжібаевтың бойындағы азаматтық қасиеттерге тоқталғанды жөн санадық.

             Бұл тақырыпты тарқата түсу үшін Төлеген Тәжібаев тақырыбын тереңірек қаужап келе жатқан ғалым,Төкеңнің шәкірті Құртқа Тәуіп атындағы академияның вице-президенті, Қазақ ұлттық университетінің психология кафедрасының профессоры, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Жолмұқан Түрікпенұлымен тілдескен едік.

 

         «Ұстаздардың ұстазы атанған турашыл тұлға Төлеген Тәжібаевпен ең алғашқы таныстығым – мектепті бітіріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанған кезімнен бастау алды. Өзім физик-математик болуды қаладым. Оқуға түссем де, жатақханаға жайғаса алмай әбден қиналдым. Ол кезде Т.Тәжібаев осы оқу орнының ректоры әрі педагогика-психология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады екен.

              Ол кезде шыны керек халықтың әлеуметтік жағдайы нашар болатын. Менің оқуға жағдайым болмай, кетуге мәжбүр болдым. Өзіміздің курстас балалармен бірге барып, ара-арасында жатақхана жатып тұратынмын. Менің хал-жағдайыммен етене таныс достарым маған ректордан көмек сұрауға кеңес берді. «Ректор ағай сондай қарапайым кісі. Алдына барған студенттерді бір-бірлеп қабылдап, оларға қолынан келген көмегін аямайды», - деді балалардың бірі. Басқалары да маған ректорға түрлі жағдайлармен барып, көмек алғандығын жарыса айтып жатты.

            Содан не керек, ректордың алдына баруға тура келді. Ол кезде шыны керек, ауылдан енді ғана келген жасқаншақ бозбаланың бірі болатынбыз. Ауылда профессор, ректор дегенді көрмегендіктен болар, білдей бір оқу орнының басшысының алдына кіруге қатты жүрексіндім.

          Басқа амалым қалмаған соң, не керек әйтеуір ректордың алдына кірдім. Ол кісі мені жылы қабылдап:

- Оқуың қалай, жағдайың қалай? - деп сұрады.

- Мен болсам жыламсырап:

- Оқуым жақсы. Бірақ, жатақханада орын болмай, қиналып жүрмін, - дедім.

- Жатақанаға орналасуыңа көмектесейін, бірақ сен әуелі жақсы оқуға уәде бер, - деді.

Мен болсам қалбалақтап:

-Жақсы оқимын, жақсы оқимын, - дедім басымды қайта-қайта изеп. Осылайша мен Төлеген Тәжібаевпен ең алғаш рет жүзбе-жүз кездескен болатынмын, - дейді өткенге бір сәт көз жүгірткен ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Жолмұқан Түрікпенұлы.

         Төлеген Тәжібаев сынды қарапайым да, қамқор басшының көмегімен жатақханаға орналасқаннан кейін Жолмұқан Түрікпенұлы да білімнің биігін бағындыруға талпына түсіпті.

Төлеген Тәжібаев сол кездегі 1-курс студенті Жолмұқан Түрікпенұлын көре қалса:

- Түрікпенұлы қалай, уәдеде тұрсың ба? - деп сұраулы кейіппен жылы амандасып, хал-ахуалын біліп тұрыпты. Тіпті басқадай жұмыстарың болса келіп тұр деп жанына жақын тартады екен.

           Бұл Төлеген Тәжібаевтың бір ғана Жолмұқан Түрікпенұлына айтатын сөзі емес, барша қазақ баласына танытатын кейпі осы.

          Ол кісінің басшыға тән біліктілігі, істі ұршықтай иіре білер ұйымдастырушылығы өз алдына, ең бірінші ерекшелігі - адам баласын бір-бірінен бөле жармайтын  көпшілдігі болса керек.

           Төлеген Тәжібаевтың шәкірті Жолмұқан Түрікпенұлы ұстазының бойындағы өскелең ұрпаққа өнеге болар қасиетінің бірі - көпшілдігі екендігін айта келе, ол кісінің бар адамның бойынан табыла бермейтін осы бір қасиетіне тереңірек үңілгенді жөн санады.

          «Төлеген Тәжібаев қайсыбір қызметті атқармасын, халқыма қайтсем пайдамды тигізем деп жүретін. Ректорлық қызметті атқарған тұста еліміздің түкпір-түкпірінен келетін студенттердің бірін де жатсынбайтын. Алдына келген жандардың бірінің де, тегін, сұрап жатпайтын. Бәріне бірдей қазақтың баласы деп қарайтын.

            Сол кісіден алған үлгіміз болса керек біз де жөн сұраса бермейтінбіз. Шардараға қарасты Сүткент ауылының тумасы болып табылатын Төкеңнің Қоңыраттың ішіндегі Алғи руынан екенін кейін білдік», - дейді Жолмұқан Түрікпенұлы.

            Төлеген Тәжібаев 1964 жылы бар-жоғы 54 жасында дүниеден озды. Төкең қайтыс болғаннан кейін оның аты сирек аталатын болды. Осы тұста Жолмұқан Түрікпенұлы және т.б ол кісінің шәкірттері бұл жағдайға қатты қапаланыпты.

Осыдан кейін-ақ уақыт оздырмай Ж.Түрікпенұлы Төлеген Тәжібаевтай ұлағатты ұстаздың ұмытылмас тұлға екенін дәлелдеуге кірісіп кетеді. Сөйтіп Төкеңнің өмір дерегінен бастап, осы тақырыпқа дендеп енеді.  Осылайша Жолмұқан Түрікпенұлының қаламынан Төлеген Тәжібаев тақырыбындағы тың зерттеулер мен тұщымды мақалалар туады.

          Жастайынан Төкеңнің қолдауын көрген Ж.Түрікпенұлы аталған тақырыпқа тереңірек үңіле түсіп, ел үшін елеулі еңбек атқарған ер есімінің ел есінде сақталуына өзіндік үлесін қосады.

             Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұжымы да Төлеген Тәжібаев тақырыбында ғылыми конференциялар өткізіп, ұлағатты ұстазды жас ұрпаққа насихаттау жұмыстарын жүргізеді. Мұндай шаралар оқу ордасында әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.

            ҚазҰУ-ті Төлеген Тәжібаевтың 60 жылдық, 70 жылдық мерейтойларын өткізуге ұйтқы болыпты.

            Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта Төлеген Тәжібаевтың жүз жылдығымен жалғасатын болады.

             Төлеген Тәжібаев тақырыбына тереңірек үңіліп келе жатқан Қазақ ұлттық университетінің психология кафедрасының профессоры Жолмұқан Түрікпенұлы дара тұлғаның өнегелі өмірі мен атқарған ауқымды істері турасында көбірек қалам тербеген жанның бірі.

             Автор қаламынан 1993 жылы «Академик Т.Тәжібайұлы қазақтың көрнекті психолог-педагогы», 2002 жылы «Академик Төлеген Тәжібаев» атты кітаптар туған болатын болса, 2008 жылы М.Жақыппен бірлесе отырып, «Төлеген Тәжібаев» атты нар тұлғаның ғибратты ғұмырын сөз еткен дүниесі жарық көріпті.

          Сонымен қатар, Ж.Түрікпенұлы Т.Тәжібаевтың 90 жылдығына орай ол кісінің мемлекеттік қайраткерлігі және дипломатиялық өмірі мен   қызметі турасындағы фотоларды жинақтап, кітап етіп шығарыпты.

            Иә, жаны жайсаң жандар турасында қанша айтсаң, жазсаң да артықтық етпейтіні сөзсіз.

            «Төлеген Тәжібаев 1957-1961 жылдар аралығында Үндістандағы Совет өкіметінің кеңесші өкілі қызметін атқарды. Қашан да ел мүддесін биік қоятын үлкен жүректі азамат өзге елде жүргенмен жүрегі тек туған елім деп соқты.

        Қай істі атқармасын сол істің қазақ деген халықтың игілігіне жаратуды көздейтін ол кісі.

Төкең Үндістанда қызмет бабымен жүрген шағында оған түрлі лауазымды қызметтер ұсынылды. Барлық жағдай жасалып жатты. Бірақ «Ер туған жеріне» деген балалар нақылын көкейінде сақтаған ұлтжанды азамат ол ұсыныстардың бірін де қабыл алмады. Қайта туған жеріне оралуға асықты.

             Дәл қазіргі таңдағы шенді шекпенділердің өз елінде жүріп халықтың қаржысын талан-тараж етіп, шетелге бас сауғалап кетіп жатқанын көргенде кәдімгідей қарның ашады. Осы тұста Т.Тәжібаевтың ғибратты ғұмыры бүгінігі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екені даусыз», - дейді Ж.Түрікпенұлы.

            Төлеген Тәжібаев С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры болатын. Осы кезде ғылымының даңғыл жолына түскен Е.Бекмахановқа орыс географиялық қоғамының құжаттарына байланысты алашордалық Ә.Бөкейхановтың атын атады деген үлкен айып тағылады. Мұнымен қоймай, ісі сотқа беріліп, 1952 жылы 2 желтоқсанда 25 жылға сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалып кетіпті.

             Е.Бекмахановтың басына осындай күн туған шақта ректор Тәжібаев оны қолдаудан танбады. Сонымен қатар Төкең пәлеқорлар М.Әуезов сынды алыптың жағасына жармасқан тұста да арашашы болды.

             Кезінде шаш ал десе бас алған «Казахстанская правда» газеті Төлеген Тәжібаевты қаралаған мақалаларды бірінен кейін бірін шығарып тұрыпты.

             Осындай орынсыз тағылған айыптың салдарынан алаштың айтулы азаматтарының басына іс түскен шақтаТөкеңнің кезінде өзі қолдау көрсеткен шәкірттерінің бірқатарының теріс айналғаны бар.

            1953 жылы 23 ақпанда КСРО Жоғары білім министрінің бұйрығымен Төлеген Тәжібайұлы Тәжібаев Қазақ мемлекеттік университеті ректоры қызметінен босатылады.

           Осындай жағдайдың орын алуына жоғарыда аты аталған  ұлт зиялыларының бірінің де кінәсі жоқ екені белгілі. Бұл тек сол кездегі солақай саясаттың салқыны еді. Мұны түйсіне білген Тәжібаев жігері құм болып, жасыған жоқ. Әліптің артын бағып бәріне шыдамдылықпен қарады.

             Ректорлықтан босағаннан кейін кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

             Осы тұста Төкеңнің тағы бір ерекше қасиетіне тоқтала кеткеніміз жөн. Алаш азаматтарымен бірге Т.Тәжібаевтың басына күн туған сәтте өзінен тәлім алған, бар көмегін аямаған базбір шәкірттері бұл кісінің үстінен арыз жазып, құдды бір дұшпанынша қаралап әлек болыпты.

               Кейін қиындықтың бәрі артта қалып, Төкең тағы да биіктерді бағындырған шағында әлгі жүзіқаралар ұялмастан Төкеңе тағы да жағынауға тырысып, жанынан табыла кетіпті. Осындайда Төкең бірде-бір қабақ шытпастан олармен ары қарай жұмыс жасай беріпті. Тіпті оларға қолдан келген жақсылығын да аямапты.

            Осы оқиғалардың бәрінің куәсі болып жүрген Ж.Түрікпенұлы сонда бұл жәйттің мәнісін сұрағанда Т.Тәжібаев:

- Қайтесіңдер ондайды, - деп кезінде оқ атқан шәкірттеріне де кішіпейілділік танытып жүре беріпті.

             Яғни, өзін «таспен ұрғандарды, аспен ұрыпты». Мұның өзі Төкеңнің кекшіл бола алмайтын ұлы жүректігі болса керек. Мұндай азаматтық екінің бірінің қолынан келе бермесі де анық.

Иә, кешегі мен бүгінгіні салыстырар болсақ, айырмашылық жер мен көктей екені сөзсіз. Өткенге бір сәт үңілетін болсақ, 7 жасында әкеден де, анадан да айрылып Иван Федорович деген теміржолшының қолында өскен Т.Тәжібаев білімнің биігіне өзінің алғырлығымен, зеректігімен шыққандығы айқын.

           Қазіргідей мамыражай заманда бүгінгінің базбір жастары «арқадан демер көкең болмаса, биікке шыға алмайсың» деген жаңсақ пікірді саналарына сіңіріп алғандығын көріп, біліп жүрміз.

                 Осындай жастарымыз Т.Тәжібаев сынды асқаралы азаматтың ғұмырына бір сәт үңілсе, үлгі алса жөн-ақ болар еді.

 

Гүлмира САДЫҚОВА