Көптен күткен маңызды құжат

  Бұл өзі көптен күткен маңызды құжат еді. Үш ай бойы еліміздің көптеген өңірінде талқыланған эти­калық кодекс мәресіне жетті. Шынында да, кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құ­ралдары жауапкершілікті азайтып, нақты дәлел­денбеген жайттарды жазып, жалған сенсацияның жалаң ұранымен шулатуға бейімделіп кетіп бара жатқанына талай куә болып жүрген едік. Сонымен бірге жеке басқа да тиісу жиілеп кеткен еді. Енді міне, журналистердің этикалық кодексі осындай ке­леңсіздіктерге тосқауыл бола алады деп үміттенеміз. Қазақстан Журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы бастамашы болған бұл Журналистердің этикалық кодексі 8 баптан тұратын, нақты тұжы­рымдарға құрылған салмақты құжат болып шы­ғыпты. «Кәсіби парыз», «Әлеуметтік жауапкер­ші­лік», «Адалдық және қасақана істемеушілік», «Се­німділік және объективтілік», «Дереккөздер және құпиялылық», «Жеке өмірді, ар-намысты және іскер­лік қасиеттерді құрметтеу», «Бәсекелестік және ынтымақтастық», «Қорғау және жауапкершілік» атты баптар, аттары айтып тұрғандай, журналистке ең қажетті қасиеттерді қамти білген. Мысалы, 7-баптың «Журналистер кәсіби парызын орындау кезінде зардап шеккен өзінің әріптестеріне жәрдем көрсетеді» деген 3-ші тармағы кез-келген журна­листің жүрегіне жылы тиіп, әріптестік ынтымаққа шақыратыны анық. Әрине, жүздеген журналистер бас қосқан жерде пікір таласы да болмай қалған жоқ. Бұның өзі демократиялық ұстанымға сай өткір пікірталас болғанын айта кетуіміз керек. Кодекстің «Кәсіби парыз» аталатын 1-бабының 1-тармағына, яғни журналист қызметіне «Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтауды» енгізген менің ұсынысым қатты тартысқа түсті. «Мемлекеттік мүдде мен ұлттық мүдде бір ұғым, дамыған елдердің бәрінде солай екенін жақсы білесіздер. Бізде ұлттық һәм мемлекеттік мүдделер тартысында мемлеке­тіміз­дің ақшасына шығып, еліміздің нанын жеп отырған баспасөз құралдары талай рет көрші елдердің сойылын соғып кеткеніне куә болдық. Меншігіне қарамай мемлекетімізде шығатын барлық баспасөз құралдары мемлекеттік мүддені қорғау керек. Ендеше неге жур­налистің кәсіби парызына ұлттық ақпараттық қауіп­сіздік жатпауы керек? Мен осы бапқа «Ұлттық ақпа­раттық қа­уіпсіздікті сақтау» деген сөз тіркесін қосуды ұсы­намын», – дедім.

Менің ұсынысымды «Егемен Қазақстан» газеті­нің президенті Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин, «Жас өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев қолдап шықты. Ақырында 1-баптың 1-тармағы жаңа редакциямен үшінші рет жеке дауысқа салынып, басым дауыспен бірауыздан қабылданды. Бұл нені білдіреді? Бұл ел үшін ерекше маңызы бар Кодекстің жоғарыдан берілген тапсырма бойынша қабылдана салған кезекті құжат емес, тартысты өрбіген плюрализмнің жарқын көрінісіндей болған өткір талқылау барысында дүниеге келген салмақты да, демократиялық талаптарға сай құжат екенін көрсетеді.

Қазыбек ИСА, «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры. "Егемен Қазақстан" 31 қазан, 2012 жыл