ЕРБОЛАТ ЕРЛЕП КЕЛЕДІ

1
1039

           

 «Спорт – денсаулық кепілі» деп, спорттың адам саулығында ерекше рөл атқаратынын жиі сөз етеміз. Әйтсе де бәріміз бірдей спортқа зейін қоя бермейміз.

           Қайсібір саланың саңлағы болмасын көбіне алтын бесік ауылдан шығып жататыны сөзсіз. Спорт саласының саңлағы атанып үлгермесе де, осы салада биік шыңдарды бағындыруға талпынып келе жатқан жастың бірі – Ерболат Алтаев. Түркістан қаласына қарасты Құшата елдімекенінің тумасы болып табылатын Ерболат спортқа бейімдігін мектеп жасынан-ақ байқата білді.

           Өзі туып өскен өңірдегі М.Қазыбеков орта мектебінде оқып жүрген кездің өзінде волейболдан өткен мектепаралық жарыстарда өз командасының жеңіс тұғырынан көтерілуіне себепкер болыпты. Ерболат Алтаев 2005-2009 жылдары Кентау көпсалалы колледжінің ВТиАС-05-1 тобында бағдарламашы мамандығы бойынша дәріс ала жүріп, спорттан бір сәт қол үзбеді.

             Қайта өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға бейімдеуді басты мұрат тұтқан колледж ұжымы Ерболаттың өрісін кеңейтіп, шеберлігін одан әрі шыңдай түсті.

             Ерболат Алтаев студент шағында жоғары және орта арнаулы оқу орнындары арасында қала, облыс көлеміндегі спорттық жарыстарға белсене араласып, Кентау көпсалалы колледжінің жүлделі орындарды иемденуіне өзіндік үлесін қосты.

             Ерболат Досыбайұлы 2007 жылы Екатеренбургте өткен Ерлер арасындағы волейболдан (параолимпиада) командалық жарыста өз тобының 4 орынды иемденуіне атсалысыпты.

             Сонымен қатар, дәл осы жылы Омск қаласында М.Л.Гуревичті еске түсіруге арналған турнирде аталған спорт түрінен өз командасының жүлделі 3 орынды иеленуіне үлес қосыпты.

Құрамында Ерболат Алтаев бар спортшылар тобы 2009 жылы Иран мемлекетінің Машход қаласында жастар арасында өткен валейболдан (параолимпиада) әлем чемпионатында жүлделі 3 орынды қанжығасына байлапты.

              Ерінбей еңбек ете білгендігінің арқасы болса керек Ерболат командалық жарыстарда қай шетелге бармасын құралақан қайтқан емес.

              «Отан отбасынан басталады» демекші, шет елдерге шығып, отанымның намысын қорғау дәрежесіне дейін жеткенім – отбасымнан, әулет мүшелерінен алған үлгі-өнегемнің арқасы деп білемін. Әулетіміздегі жасы үлкен ағаларымыз спорттың ардагері атанған ардақты жандар болған. Әлем алдында биіктерді бағындырып жатсам, осы ағаларымның сара жолын жалғай білгендігім болар.

             Сонымен қатар спорт саласында жетістіктерге жетуім осы жолда дем беріп келе жатқан өзім білім алған Сембек Әбдірахманов басқаратын Кентау көпсалалы колледжінің ұжымы мен ондағы ұстаздарымның еңбегі дер едім», – дейді Ерболат.

Ерболаттың шыққан әулетін атап өтуінің де жаны бар. Алтаевтар әулетінің мүшелері болып табылатын Нұржан, Мұрат, Ерболат, Асхат, Бағлан, Ғалымжан сынды ерлерден құралған спортшылар тобының Түркістан-Кентау аймағында волейболдан өтетін жарыстарда жүлдесіз қайтпас жүйрік екенін құшаталықтар мақтан етеді екен.

             «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» болатыны бесенеден белгілі. Осы тұста Ерболаттың шетел асып, биік белестерді бағындыруына колледждегі ұстазы Мұрат Қосанұлының қосқан үлесі зор екенін атап өткен жөн.

             «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демеуші ме еді дана халқымыз. Сол айтпақшы Е.Алтаевтың кезінде дәріс алған Кентау көпсалалы колледжі оның халықаралық жәрежедегі жарыстарға қатысуы жолында қолдау көрсетіпті. Соның арқасында Ерболат туған еліміз – Қазақстанның намысын әлем алдында қорғауға дейін жетіпті.

           Кентау көпсалалы колледж ұжымының мұндай игі шараға қолдау көрсетуінің өзі оқу орнының білікті басшысы Сембек Әбдірахмановтың тікелей бастамасы екендігі даусыз. Жастарды спортқа баулу жолында Сембек Төреханұлының жасап келе жатқан азаматтығы өзге басшыларға үлгі боларлықтай десек артық айтқандық емес.

           Колледж әкімшілігі осы оқу ордасының түлегі Ерболат Алтаевқа кезінде түрлі жарыстарға қатысуына демеушілік жасаумен қатар, естен кетпес сәттерді естелік етсін деген ниетпен цифрлы фотоаппаратты сыйға тартыпты.

            Ерболат Алтаев болса бүгінде Кентау көпсалалы колледжінің түлегі екендігін мақтан тұтады. Кез келген ердің ел алдында еткен еңбегі еленетіні сөзсіз. Ал, Ерболат Алтаев жас та болса 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша спортшылар арасында үздік ондыққа еніп, облыстық Спорт және туризм басқармасының стипендиаты атануға қол жеткізіпті.

               Қазақстан құрамасын анықтау үшін өткізілген (параолимпиада) барлық жарыстарда тамаша ойын өрнегін көрсетіп, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Нұралы Құлышевтың бағалауымен құрамаға енуге қол жеткізді.

            Қазіргі таңда Ерболат алдағы уақытта волейболдан (параолимпиада) Америка құрама штатында өтетін әлем біріншілігіне, Пекинде, Порт-Сайдта өтетін халықаралық жарыстарға қатысуға қызу дайындық үстінде. Еңбек етуден ешқашан жалықпаған Ерболат ерлеп-ақ келеді. Ел намысын ту еткен Ерболаттың алар асуы алда екені сөзсіз. Ендеше біз де өз тарапымыздан Ерболат Досыбайұлына көк туымызды көкте желбіретер байрақты бәсекелерде бағың жанып, биік шыңдарды бағындыра бер дегіміз келеді. Дәйім саған сәттілік серік болсын!     

 

 

                                                                    Гүлмира САДЫҚОВА

 

1 Пікір

  1. Жарайсың бауырым Ерболат.Құшатаның Қазақстанның атын әлемге таныта бер.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз