Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: "ТҮРКІНІҢ ІШІНДЕ ЖІГІТТІҢ СҰЛТАНЫ, ЕҢ ЖАҚСЫ ЖІГІТ ҚАНДАЙ ДЕГЕНДЕ - ҚАЗАҚ ДЕЙДІ. СОЛ ҚАЗАҚ БІЗБІЗ"

Таяуда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Түркия Рес­пуб­ли­касына ресми сапар­мен барды. Елбасымыз Түркия–Қазақстан іскер­лік және инвестиция фо­румында сөй­леген сөзінде: «Біз бүкіл түркі хал­қының ата жұртында тұрып жатырмыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлті­рілгеннен кейін біз Ресей патшалы­ғының, одан Кеңес Одағының боданы болдық. 150 жыл­дың ішінде қазақ де­ген халық өзінің ұлттық салт-дәстүрін, тілін, дінін ұмытуға аз қалды. Жарат­қанның қолдауымен 1991 жылы біз өзіміздің тәуелсіздігімізді жа­рияладық. Сіздердің бабаларыңыз атажұрттан бері қарай жылжыған кезде Түркі қаға­натының ішінен түрік деген атты өз­дерімен алып кетті. Қазірге дейін «түр­кінің ішінде жігіттің сұлтаны, ең жақсы жігіт қандай дегенде – қазақ дейді. Сол қазақ – бізбіз», – деді. Иә, қазақ халқының тәуелсіздігін алғаш таныған бауырлас түрік ағайын­дармен достық қарым-қатынасымыз жылдан жылға артып келе жатқаны сөзсіз. Ал, бұл жолы Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі страте­гиялық ынтымақтастық кеңесі бірінші отырысының қорытындысы бойынша екі тарап бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Қазақстан мен Түркия Прези­дент­терінің қамқорлығындағы “Жаңа си­нергия” бірлескен экономикалық бағ­дарламасының 2012-2015 жылдарға ар­налған іс-шаралар жоспарын Қазақ­стан тарапынан Қазақстан Республи­ка­сы Премьер-Ми­нистрі­нің орынбаса­ры, индустрия және жаңа технология­лар министрі Ә.Исекешев пен Тур­кия­ның экономика министрі З.Чағлаян, ал Қазақстан Республи­ка­сы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен ТР Мемле­кеттік қызметі директораты арасын­дағы ынтымақтастық туралы мемо­ран­думды екі елдің аталған ведомство­лары­ның басшылары Ә.Бәйменов пен М.Кумбузоғлы рәсімдеді. Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда айналымы 3,5 млрд долларға жуық­­таса, 2015 жылға дейін бұл көр­сеткіш 10 млрд-ты құрайды деп күті­луде. Бауырлас елдердің достығы дәйім жалғаса берсін деп тілейік.