ҚАЗАҚТА КӨСЕМСӨЗШІ БОЛМАҒАН БА? Саттар, Баубек, Әнуарлар тұрғанда Толмачевың кім еді?!.

 

 

Қазақстанның  Мәдениет және ақпарат  министрі Дархан МЫҢБАЙ мырзаға

Қазақстан Журналшылар одағының төрағасы Сейітқазы МАТАЕВ мырзаға

а ш ы қ  х а т

  «Көсемсөз»-«публицистиканың»  қазақ  тіліндегі  нұсқасы. Бұлай  деп бастағанда  қазақ әдебиетінің осы бір алымды, шалымды, оралымды саласы  туралы  ой  тербеуді көздеген жоқпын,Журналшылар  одағымыз  бен  «Экспресс К» гәзеті  редакциясының Г. Толмачев атында сыйлық тағайындаудағы «түсіністіктерін» түсіне алмағанымды айтуды ұйғардым. Қай гәзет-журнал ұжымы болсын өзінің  қалтасына қарай қандай  сыйлық тағайындаса да, кімге берсе де, әлбетте, ерікті, алайда қоғамдық әдептен аттап кетпеуді ескеруге міндетті деп білем. Қазақстанның, қазақтың үздік көсемсөзшілеріне Геннадий Толмачев атындағы сыйлық тағайындау деген не?  Ол Толмачев кім еді?  Осы тұста мына бір үзіндіні оқи отыралық: «...Югославтық жорналшы-жазушы Мариана Седмак 1968-жылы біздің республиканы  аралап қайтқан. Оның не жазарын назарымда ұстап жүрдім. 1969-жылы Югославияның жастар гәзетінде ол мейманымыздың 7 очеркі шықты. Оқып  байқасам: Қазақстан – мүлде мешеу  ел; билік басындағылар жоғары оқу орындарына шала сауатты қазақ балаларын күштеп алдырады; кітап дүкендерінде орыс кітаптары жоқ, барының өзін қазақтар алмайды, олардың тіпті Достоевскийді оқымақ тұрғай естімегендерін кездестірдім, депті. Өзге өрескелдіктері де көп. Қаным қайнап жүрген бір күндері Седмактың Мәскеуде екенін естіп, мен де сонда едім, әдейі іздеп барып, жолықтырып: «Асымызды ішіп, дастарқанымызды тіліп кеткеніңіз қалай? Соншама өсек-өтірікті жазғаныңыз не?!» десем, ол  аңырып: «Мен ештеңені ойдан шығарған жоқпын. Сол сапарда мені алып жүрген коммунист жорналшы Геннадий Толмачевтің түсіндіруімен жаздым» дейді. Толмачев «Комсомольская правданың» Қазақстандағы меншікті тілшісі еді. Үйге оралысымен оны тауып   алып: «Әй, Гена, Мариана Седмакқа бізді өлердей жамандағаның не? Қазақтардан қиянат көрген күнің бар ма? Ұят қайда?!» десем, ол жылмақай: «Білмеймін...  мен оншама дәнеңе айтқан жоқ сияқты едім...» дейді. ...Иә, қит етсе қазақты жамандап шыға келетіндер бар. «Молодая гвардия» журналындағы «жазғыш» Н. Кузьмин сияқтылар. Олар алыста, сөзің  жетпейді. Жақындағылар ше  десек, мәселен, «Простор» журналымыз қасымызда (бас редакторы -Г. Толмачев, - Ғ.Қ.),  Алматының тап ортасында. Алайда алыстағылардан айырмасы шамалы. Бұлар да қазақ дегенде «көзжұмбайлық» жасай салады. Біздің арыстарымыз ақталды, журнал И. П. Шуховтың дәстүрін жалғастырады, ортақ қуанышымыздан шет қалмайды, халқына қайтып оралған классиктеріміздің еңбектерін насихаттауды, дереу қолға алады, лайықтап аударттыруға кіріседі дестік. Қайда-а-а?!.. Ж. Аймауытовтың бір өлеңін, М. Жұмабаевтың төрт өлеңін берумен тынды. Журналдың беті «Көсемнің құпия кеңесшісі» деген романсымақтан босамады. Әнуар Әлімжанов».   Мен Жазушылар одағы құзырында отыз жыл қызмет істедім, оның он шақты жылында Геннадиймен қызметтес болдым. Оның «Простор» журналының  бас редакторлығына тағайындалу  жолы  көз  алдымда. Журналшылық-жазушылық еңбектерінің кесектері – «Олжас туралы  хикая», «Д. А. Қонаевпен 50 кездесу» және Н. Назарбаев туралы «Жолбасшы» («Лидер») деген деректі дүниелері. Жазғандарына таудай тақырып қойса да, аруағы кешіргей, шындығында ортақолды журналшы-жазушы  болды. Ал сыйлықтың демеушісі кім десек, ол Олжас Сүлейменов екен. Иә, досы атында сыйлық тағайындауға, оның ақшалай нарқын  белгілеуге (5000 доллар деседі) ол да ерікті. «Невада-Семей» акционерлік қоғамының қорынан бүгінде атышулы «евразиялық» үш миллиардерді «түлетіп ұшырған» Олжастың қалтасы жұқа деу обал болар. Бірақ  ол  қазақ  көсемсөзіне Толмачевті телімеуге тиіс еді. Журналшылар одағымыз болса, сірә, әрі «Олжекең айтқан соң» деп, әрі өзінің қоржыны бос болған соң  соңынан  еріп кетсе керек. Қазақ әдебиеті мен журналистикасының қара нары Шерхан Мұртазаның: - «Лениншіл жастың» отызыншы жылдардағы тігіндісі сақталса, әр нөмірінен дерлік Саттар Ерубаевтың қайнар публицистикасы табылады», - дегені  бар. Қысқа да нұсқа сөз! Саттар ағамыз өз дәуірінің ту ұстаған көсемсөзшісі болды! Ол кезеңнен беріде көсемсөзімен бүкіл Кеңес Одағына, оның «Комсомольская правда» гәзеті жеткен шет елдерге де танылған Баубек Бұлқышев ағамыз ше?! Ол жайында: «...В минуты затишья, перед очередной атакой, между жесточайшими рукопашными схватками он вглядывался в израненные леса и поля, в обожженные хлебные нивы, в далекие звезды, вчитывался в страницы любимых книг и, утоляя неистребимую потребность поделиться своими мыслями со сверстниками, при свете луны или коптилки в землянке писал письма в «Комсомольскую правду»...  Письма-исповеди, письма, проникнутые ненавистью к войне, к фашизму, письма, звучащие гимном красоте, любви и дружбе, потрясли меня. Но какова же сила их воздействия на людей была тогда, в дни войны?!. Вся его публицистика, заключенная в письмах с фронта, сродни поэзии, ибо истинно художественная, истинно талантливая публицистика, основанная на знании жизни и на любви к истине, проникновенна, эмоциональна, если хотите, философична не меньше, чем поэзия!» деп жазды Әнуар Әлімжанов (Әнекеңнің ой-тұжырым қызуын бәсеңдетіп алармын деген қаупім болып, түпнұсқасына жүгіндім). Баукеңнен бертінде көсемсөзіміздің көшбасында Әнуардің өзі  болғаны да баршамызға аян емес пе?! Құрметті Министр! Құрметті Төраға! Қазақ көсемсөзінің арғы-бергі тарихын тәптіштемей, осы үш арысымыздың еңбектерін  еске  алсақ,  Қазақстан Журналшылар одағының мемлекеттік бюджет есебінен республикалық дербес сыйлығын тағайындау, оған аталған үш көсемсөзшіміздің бірінің  атын  қою –қоғам, жұртшылық және тарихи  ақиқат алдындағы парызымыз!

                                                                            Ғаббас  ҚАБЫШҰЛЫ.

         07. 09. 2012 ж.

*Ашық хат бұрын «Жас Алаш» газетінде де жарияланған.