ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫБЕГІ

ҚҰТТЫҚТАУ ЛЕБІЗІ

 Ақын мен әкімнің жолы – бір-бірімен қабыспас, кереғар соқпақтай көрінгенімен, ел басына күн туғанда, ұлттың мұқтажы мен мүддесі үшін кескілескен күрес кезеңінде һәм жақындасып, һәм жымдасып кетуі әбден ықтимал.

Қазыбек ИСА – от жүректі ақын әрі семсер тілді көркемсөзші ғана емес, қайсар жігерлі қоғам белсендісі де. Алыстағы ауылдан Алматыға ат басын тіреген Қазекем, қатардағы көп құрдас-құрбыларындай күнделікті күйбеңнің көлеңкесінде қалып қоймады. Өзі ашып, бекем басқарған «Жас қазақтың үні» Маңғыстау асып, Атырауға жетті; Арқаны аралап, Ұлытауға ілікті... Көңілі ауып, жүрегі жатқан «Ақ жол» партиясының небір топалаңдарында табаны таймай, тырмысып-текетіресіп, қазақтың қайғысын айтты, ұлтының ұлы армандарын сөз етті. Бірде Махамбеттей айбат шексе, келесіде Мұқағалидай мұңын шақты, тағы да Темірхандай тасырлата шапса, мизамда Қадір Мырза Әли-сынды сөз қадірін тапты...

 «Түйе аунаған жерде, түк қалады», Қазыбек Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Әшірбек Сығай, Амангелді Айталы секілді ұлт асылдарының тәлім-тәрбиесінен сусындады.

Осындай елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналған Қазыбек ИСАның «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары болып сайлануын қаламгер қауым айрықша қуанышпен қабылдады. Бұл – қазақ ұлтының, қазақ тілінің, қазақ сөзінің, қазақ рухының жеңісі. Жеңіс құтты болсын, жұмыс жемісті болсын, қазақтың Қазыбегі!!!  

Құрметпен,   Мыңжан БАЙЖАНИН,

 «TAIMAS» Қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы.